Аргентинаның Гуалегуайчу қаласында байдарка мен каноэде ескек есу марафонынан және параканоэден өтіп жатқан әлем чемпионатында ерлер арасында параканоэден VL1 санатында сынға түскен отандасымыз Максим Богатырёв алтын жүлдені жеңіп алды, деп хабарлады Ескек есу спорты түрлерінен ұлттық федерацияның баспасөз қызметі.
Ол жарыстың алғашқы күні қайықпен 8 шақырым 200 метрді 58 минут, 03.17 секундта жүзіп өтті.
Максим Богатырёв мәре сызығын екінші кескен бразилиялық Габриэль Нунестен 9 минут, 11 секунд озып кетті.
Енді алдағы күндері ұлттық құраманың спортшысы байдаркамен жарыста бақ сынайды.
«Әлемдік додаға 38 елден 683 спортшы қатысып жатыр. Параканоэден 14 бағдарламада жүлде сарапқа салынады», — делінген Ескек есу спорты түрлерінен ұлттық федерацияның баспасөз қызметінің хабарламасында.
Максим Богатырёв биыл жазда Түркістан қаласында өткен лицензиялық Азия чемпионатында 2 күміс медаль жеңіп алған.
Жақында Жапонияның Аичи префектурасы мен оның орталығы Нагоя қаласында жалауы желбіреген Азия ойындарында да ескекшілеріміз жүлде алып, еліміздің қоржынына үлес қосқан еді.
SportPress.kz Қазақстан спорт жаңалықтары