Фототілшілер — біздің заманымыздың тарихын жасап жатқан әріптестеріміз. Өйткені фотоға түсіріп, оған тіл бітіру аса дарындылардың ғана қолынан келетін өнер. Бүгінгі күні түсірілген қарапайым фото суреттер бірнеше онжылдықтан кейін баға жетпес тарихи құжатқа айналады.
Иә, адамдардың кескін-келбетін, оқиғаларды жылт еткізіп түсіре салуға болады. Бірақ адамның болмыс-бітімін, айналада болып жатқан нәрсенің бәрін фотосуреттер арқылы тіл бітіру, сөйлету екінің бірінің қолынан келе бермейді. Белгілі фототілші Нұрғали Жеткергенұлы Жұмағазы осы бір қас-қағым сәттік өнерді жанына серік етіп, тарих бетіне өшпес із қалдырып келе жатқан нағыз өнер мен ақпарат майданының сарбазы.
Нұрғали Жұмағазы – спорт фотографы. Оның спорт саласындағы еңбек өтілі – 10 жыл.
Кәсіби еңбек жолын паралимпиадалық спорт саласында бастап, төрт жыл бойы параспортшылармен жұмыс істеді. Осы кезеңде бірнеше спорт федерациясында медиа офицер қызметін атқарып, спорттық іс-шараларды ақпараттық жағынан насихаттау, фото және медиа контент әзірлеу бағытында тәжірибе жинақтады.
2022 жылдан бастап олимпиадалық спорт түрлеріне ауысып, халықаралық деңгейдегі ірі спорттық жарыстарда спорт фотографы ретінде қызмет атқарып келеді.
Осы уақыт аралығында ол Қытайдың Ханчжоуда қаласында өткен жазғы Азия ойындарынан, Харбинде болған қысқы Азия ойындарынан, Жапонияның Аичи префектурасы мен оның орталығы Нагоя шаһарында жалауы желбіреген Азия ойындарынан, Францияның астанасы Парижде ұйымдастырылған Олимпиада және Паралимпиада ойындарынан, сондай-ақ Оңтүстік Кореяның Канвон қаласында өткізілген жасөспірімдер арасындағы қысқы Олимпиада ойындарынан репортаж жариялады.
Сонымен қатар 20-дан астам әлем чемпионатында, Азия чемпионаттарында, Ислам ынтымақтастығы ойындары мен ТМД елдерінің спорттық жарыстарында фотограф ретінде қызмет атқарды.
Негізгі кәсіби бағыты – спорттық фотография, халықаралық жарыстарды фото арқылы жариялау, спортшылардың жарқын сәттері мен тарихи жетістіктерін кәсіби деңгейде түсіру.
SportPress.kz ақпараттық-сараптамалық спорт сайтының редакциясы әріптесіміздің қандай марапатқа болса да лайық азамат екенін айтып, жұмысының берекелі болып, еңбегінің жемісін көре беруге тілектестігін білдіреді.
SportPress.kz Қазақстан спорт жаңалықтары