• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Біз көрген Бердіқұлов (Эссе)

    Бiз деп отырғанымыз — қазақ баспасөзiнiң ұстаханасы (Ж.Бейсенбайұлы) «Жас алашқа» сексенiншi жылдардың орта тұсында келiп, аты аңызға айналған бас редактордың тәрбиесiн аз ғана уақыт көрген, сол себептi «Әттең, Сейдахмет ағаның басқару мектебiнде тағы бiрер жыл болғанымызда ғой…» деп өкiнген, бүгiнде алпыстың қақпасын еркін ашқан орта буын. Бұл буын сәл кеш туғаны себептi «Шерханның шекпенiнен шықтық» деп мақтана алмайды. Бiз журналистикаға келген тұс Шерағаңның шекпенiнiң iшi шәкiртке толып кеткен кез. Бiрақ, оның есесiне әлi де жастар басылымының тiзгiнiн ұстап отырған Бердiқұловтың шамалы уақыт болса да тәрбиесiн алу бақыты бұйырды.

    Алғаш рет бiз оны үшiншi курста оқып жүрген жылы көрдiк. Елуге келiп, мерейтойын тойлап жатқан Бердiқұловты университет әкiмшiлiгi студенттермен кездесуге шақырды. Жұрт дегенің ағылып келдi. Өйткенi, бұл факультетке оқуға түскендердiң iшiнде «Лениншiл жастың» редакторы Сейдахмет Бердiқұловтың есiмiн бiлмейтiнi жоқ-ты. Әсiресе, спорт десе iшкен асын жерге қоятын жастар қауымы залға сыймай кеттi. Сауал дегенiң есепсiз болды. Журналист-жазушы сөзден тосылған жоқ. Сол жолы деканымыз, қадiрлi ұстазымыз Темiрбек Қожакеев айтты: «Мына Сейдахметтiң бармаған жерi, баспаған тауы жоқ. Глобусты айналдырып жiберiп, саусағыңмен түртiп тоқтатсаң, сол сен ұстап тұрған нүктедегi елдiң топырағына Секеңнiң табаны тиген боп шығады. Қайда барсаң да, Сейдахметтiң iзi сайрап жатыр».

    Бесiншi курсты бiтiретiн жылы есіктен төрге дейін жететін қабырға газетiн шығаратын болдық. Ұзындығы он екi метр қарабайыр «бұқаралық ақпарат құралының» редакторы — курсымызда көп жазу жағынан ешкiмге ұпай бермей тұрған Мұратбек Тоқтағазин. Бұл сол жылдардың студенттерi түгел бiлетiн «Қобыратып түнiмен көп қағазын, Отырады Мұратбек Тоқтағазин» деген шымшыманың өмiрге келетiн кезi. Өзi керемет пысық. Бiр ұйықтап оянады да ғаламат идеяларды өмiрге әкеледi. «Қызық болсын», — дедi бiр күнi, — Қазақстанның ең мықты басылымдарының бас редакторларына сол мекеменiң фирмалық бланкасына бiздiң газетке арнап тiлек жаздырып әкелейiн бе?».

    — Олар сенi қайтсiн! Жаздыра алмайсың!

    — Жаздырам!

    Дүниеде қайраудан артық қуат беретiн нәрсе жоқ. Оның үстiне бұл Мұратбек — iстеймiн дегенiн iстейтiн жұлымырдың жұлымыры. Тiптi сол тұста «Мұратбектi КПСС Орталық Комитетiнiң Бас хатшысы етiп қойса да бiр-екi күн қиналып iстеп кетер едi» деп қалжыңдайтынбыз. Содан Мұратбек сабақты жиып қойып, танауы шуылдап, газет-журналдардың шоғырланған жерi Максим Горький көшесiндегi 50 үйдi бетке алып тартып отырды. Кешке қарай сол екпiнiмен бесiншi жатақхананың баспалдақтарының бес-алтауын бiр-ақ аттап, бөлмемiзге оралды. Келе сала бiрнеше басылымның фирмалық бланкасын көз алдымызға көлбеңдеттi. «Өй, мына жынды шынымен алып келiптi», — деп, бүгiнгi белгілі журналист, ол кездегi ботатiрсек бозбала Талғат Батырхан оның қолындағы қағаздарға жармасты.

    Былай болыпты. Бiздiң «Алып келе алмайсың» деген қайрау сөзiмiзге намыстанған Мұратбек салып отырып «Социалистiк Қазақстаннан» бiр-ақ шығады. Сырттан бiр құшақ жел ала кiрген құйынқұйрық досымызға байсалды Балғабек Қыдырбекұлы: «Айналайын, ниетің дұрыс, бiрақ iстеп жүргендерiң баланың ойыны ғой, жарайды, бара ғой…», — дейдi. «Қой, үлкенiнен бастағаным дұрыс болмады, ендi кiшкентайына барайын». «Қазақстан пионерiнiң» бас редакторы Уәлихан Қалижанов сөзге келмейдi. Сойдақтатып жазып бередi. «Бiлiм және еңбектiң» бас редакторы Ақселеу Сейдiмбеков: «Газеттерiңнiң аты «Эпилог» дейсiң бе, iм-м-м… орысшалау екен. Дегенмен тiлек жазып берейiн», — дейдi. Ендiгi бағыт — қай кезде де қаламы мұқалып көрмеген «Лениншiл жас». Атақ-даңқы дүрiлдеп тұрған Сейдахмет Бердiқұлов қабырға газетiнiң адуынды редакторын сыпайылықпен қабылдайды. Бұл сыпайылықа бойы үйренген соң Мұратбек:

    — Аға, Уәлихан аға да, Ақселеу аға да жазды. Ендi сiз де жазыңыз, — дейдi батылданып. Бердiқұлов басын көтерiп алып, бiр қарайды.

    — Аға, жаңағы сөзiмдi Ақселеу ағаға айтпай-ақ қойыңызшы, — дейдi Мұратбек ұялған тек тұрмастың кейпiн танытып. Бердiқұлов жақтырмай тағы бiр қарайды. Сосын қағазына қайта үңiлiп жазып жатып:

    — Оған барып айтып жүруге уақытым жоқ, — дейдi.

    Кейiн Бердiқұловтың осы сөзi студенттер арасында жиi айтылатын мәтелге айналып кеттi.

    Сондағы Сейдахмет Бердiқұловтың «Лениншiл жастың» қызыл ала бланкасына жазып берген тiлегi мынау едi: «Эпилог» қайта «Прологтан» бастауына үшбу тiлекпен. Кеудеге ромбаны таққан күнi кейбiреуiмiз бiр күн, ендi бiреу бiр апта, баз бiреулер жылдап ханға сәлем бермеген қайран күндер… Қос атпен қусаң да жоқ ендi!? «Эпилог» газетiн шығарушыларды да сол биiктен тауып тұрғандаймын. Оның еш ерсiлiгi жоқ.

    Бұйырса, 1986-ның шiлдесiнен кейiн Пролог қайта басталады. Соның Эпилогiне ентiкпей жетiңiздер. Ол — ұзақ жол, ұзақ еңбек, ұзақ қызықтар мен шыжықтар. Ал «Прологты» шығаратындарға «iшiң бiлсiн әлу-ай…» демекпiн. Бұл тiлектi айтушы — отыз жыл журналистиканың құлақкестi құлы, әрiптестерiң Сейдахмет Бердiқұлов».

    Сол кезде бұл тiлектерге аса мән бергенiмiз жоқ. Тоғыз құлаш қабырға газетiнің жоғарғы жағына жақсылап желiмдеп жапсырып, көрнектi жерге iлдiк те, той тойлап болған соң жөнiмiзге кеттiк. Кейiн өзiм журналистика факультетiне оқытушылық қызметке келген соң бұл газеттi кездейсоқ тауып алдым. Бүгiнде байыбына барып оқысақ, Сейдағаң көп нәрсенi аңдатыпты. Шынында сексен алтының шiлдесiнен кейiн қоғамда алапат өзгерiстер басталды. Желтоқсанның желi тұрды. Журналистика бұрынғы үрдiстерге жалын ұстатпай кеттi. Бердiқұловтың бiздiң курсқа арналған тiлегiн алып келген қаламы жүйрiк Мұратбек қазақ журналистикасынан қазақ бизнесiне ауысты. Сейдахмет ағамыз сәт сапар тiлеген сол жылғы түлектердiң iшiнен алтауымыз «Жас Алашқа» қызметке келдiк.

    Жалпы, «Лениншiл жасқа» («Жас Алаш») қызметке қалу университеттiң журналистика факультетi студенттерiнiң бәрiнiң арманы болды. Өйткенi, олар күн сайын құлаш-құлаш мақалалары жарияланып жататын, еркiн жазатын, батыл пiкiр айтатын журналистермен бiрге қызмет iстегiсi келдi. Солардың бәрiн басқарып отырған, басылымның өзгеше стилiн, бөлек бет-бейнесiн қалыптастырған, атағы жер жарған редактор Сейдахмет Бердiқұловтың басқару мектебiнен тәлім алуды қиялдады. Университет бiтiре сала осы басылымның табалдырығын аттап жатқан қыз-жiгiттерге жұрт қызыға қарады. Бiз де қызықтық, армандадық. Содан бiрiншi курстан бастан газеттi жағаладық. Студент кезiмiзден Бердiқұловтың сайыпқыран шәкiрттерi томағамызды алып, топқа салды. Киелi шаңырақтың босағасынан сығалап жүрiп қасиетiне қаныға бастадық. Берекелi басылымға оның дәстүрiн ұғынып, сипатын сезiнiп бардық.

    Бiрақ бiз «Жас алашқа» қызметке келген жылдың аяғында осы басылымды он алты жыл басқарған Сейдахмет Бердiқұлов басқа мекемеге ауысып кеттi. Майталман бас редактордың қарамағында бар-жоғы жетi-сегiз-ақ ай ғана жұмыс iстедiк. Бiрақ сол жетi-сегiз ай «Жас Алаштың» қабырғасында жүрген жетi-сегiз жылымызды он орап алады-ау деймiн… Несiмен?

    Жастар газетiне бiздiң буын келгенде басылымда «Қоштасу вальсiн» шырқап жүрген аға буын: «Сендердiң көргендерiң сабасына түскен, шаршаған Бердiқұлов қой. Нағыз Бердiқұловты бiз көрдiк. Қуырды ғой, бiздi қуырды…», — дейтiн. Сол «шау тартқан» Бердiқұлов (ол кезде жасы елу үште ғана) басқаратын басылымдағы аз ғана уақытта көп нәрсеге көз жеттi.

    Қазiр Сейдахмет Бердiқұловтың өмiрден өткенiне отыз жылға жуықтады. Осы уақыт iшiнде журналистика адам айтқысыз дәрежеде дамыды. Бiр кездегi идеологиялық өлшемге сай кесiлiп-пiшiлетiн басылымдардың бет-бейнесi мүлде басқаша қалыптасты. Еркiн ой, айқын пiкiр салтанат құрды. Қысқасы, Бердiқұлов армандаған заман ендi туды. Ендi бүгiнгi күннiң биiгiнен зер салып, оның қаламгерлiк, редакторлық болмысы туралы әңгiмелеп көрелiк. Барған басылымы жайнап сала беретiн бас редактор Бердiқұловтың құдiретi неде? Ол — құрсаулы жүйенiң өзiнде еркiн тыныстаған адам. Ақиқатты тайсалмай айта бiлдi. Бас редактор Бердiқұлов өте батыл болды. Жастар ұйымының басшылығы әркез онымен санасты. Көктем мерекесi деген желеумен әр жылғы 22 наурыз күнi жасыл немесе көгiлдiр түстермен безендiрiп, арнайы нөмiр шығарып тұрды. Бұдан да зор басылымдар тырп етпей жатқанда Наурыз күнi жасандырып газет басуға рұқсат алу оңай емес-тi. Сол жасыл түс кейiн дiнiмiзге мойын бұрғызды, көпшiлiгiмiздiң иманымызды оралтты, көгiлдiр түс жалауымыз болып көгiмiзде желбiредi. Қатал цензураның тұсында да Бердiқұлов басқарған басылым ұлтқа пайдалы дүниелердi жариялап отырды.

    Сейдағаң өте сергек болатын. Сонысымен бiздiң қатарластарымызға қатты ұнайтын. Бiз көгалда волейбол ойнаған, қиыс кетiп бара жатқан допты аунап барып қағып үлгерiп, жоғары серпiп жiберген Бердiқұловты көрдiк. Әйгiлi спорт журналисi үнемi спорттық бабында жүретiн. Ол газеттiң қабырғасында қазақ спорт журналистикасының мектебiн қалыптастырды. Бүгiнде жер шарының қойны-қонышын түгел шарлап шыққан танымал қаламгер Несiп Жүнiсбаевты бiр тақырыпқа бейiмделiп жазуға баулыды. Ал Несiп аға ол дәстүрдi ары қарай жалғайтын тағы бiр талантты журналистi iздеп тапты. Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтында ұлттық спорт ойындары пәнiнен дәрiс беретiн Несағаң тарих факультетiнде тоғызқұмалақ ойнап отырған тарамыс қара баланы қолынан жетектеп, Бердiқұловқа алып келдi. «Ат болар тай құлыннан» демекшi, Сейдағаң көзiнде от ойнап тұрған бұл ұланға үмiт артты. Сөйтiп, Алматыға қазақ тарихын зерттеймiн деп құлшынып келген бала Сейдахмет пен Несiп ағаларының жолын қуып, спорт журналистикасының соқпағына түстi. Бердiқұлов мектебiнiң белдi өкiлi Қыдырбек Рысбекұлы кейіннен республикалық спорт мектеп-интернатының директоры болды. Кезiнде өңкей қазақ балаларынан «Намыс» футбол командасын құрып, көзсiз ерлiк жасаған Несiп ағасы сияқты Қыдырбек те елдiң ойы мен қырын аралап, бойы сырықтай, жауырыны қақпақтай ұландарды iздеді. Тапса, жетелеп мектебiне әкелдi. Тумысынан құралайды көзге атқан халықтың бүгінде атқыштардан ада екені жанына батқан соң қазақ ұландарын жинап, садақшылардың сапын түзді. Олары мерген болып, нысанасын дәлдеп атты. Бұл тәлiмдi олардың зердесiне Бердiқұлов ұялатты.

    Сейдағаң нағыз ұлтжанды азамат болатын. Бәйгенiң кез келген саласынан қазақ баласының оза шапқаны туралы мәлiмет түсе қалса, титiмдей хабар түрiнде болса да шығып жатқан нөмiрге үлгертiп жiберуге тырысар едi. Ал сол жағымды жаңалықты Бердiқұлов естiп, тиiстi бөлiмнiң қызметкерлерi хабарсыз қалса, сол күнi редакцияның iшiнде дүлей дауыл тұрады. Сондықтан газеттiң қызметкерлерi үнемi сергек, құлақтары түрiк жүретiн.

    Сейдағаң мақалаға тақырып қоюдың шеберi еді. Ол кез келген дүниенiң қазақылық сипатына үңiлетiн. Мәселен, сол тұста үрдiс болған балалардың «Былғары доп» бәйгесi туралы репортаж даярлап апарсаң, тақырыбын қолма-қол «Алматыда футболдың тай жарысы» деп өзгертер едi. Несiп ағаның Жақсылық Үшкемпiровтiң спортпен қоштасу сәтiнде жазған очеркiне «Кiлемнен кетiп барады…» деп тақырып қойғаны есiмiзде.

    Бас редактордың ешкімге ұқсамайтын мінез-құлқы да талайды қайран қалдыратын. Жастардың жер-жебіріне жетіп, қатты зекігенін көрген емеспіз. Бірақ сұсты жүзімен саған бір рет зер салғанының өзі жеткілікті еді. Сесі мысыңды басады. Өзі сөйлемейді, көзі сөйлейді. Ол мәжіліс өткізіп отырып, жағалай жайғасқандарды жайлап бір шолып өтеді. Оның көзі түскенде төмен қарайсың, жанары сенен ауғанда жарыққа арбалып тұрған қояндай басыңды көтере бастайсың. Редакцияның босағасын кеше ғана аттаған шикіөкпе сен ғана емес, жастар газетінің қабырғасында жүргеніне жиырма жылға жуықтаған ағаларыңның өзі демін ішіне тартып, Бердіқұловтың қас-қабағына қарап отырады. Екі иығын жұлып жейтін атышулы даукестердің өзі бас редакторымыздың алдына жалы күдірейіп кіріп, жүні жығылып шығады. Ауыздығымен алысып келген шу асаулар бетеген биік, жусаннан аласа болып, жөніне кетіп бара жатады.

    Кейде «Бердіқұлов бөлмелерді аралап келе жатыр», — деген хабар жетеді. Мұндайда әр бөлімнің қызметкерлері парад қабылдайтын генералды күткендей жаппай әзірленеді. Бөлмелер апыл-ғұпыл ретке келтіріледі. Еркектер алқам-салқам киімдерін жөндейді. Әйелдер айнаға қарайды. Бір күні бас редакторымыз біздің бөлмемізге кіріп келді. Бөлім меңгерушісі екеуміз көз ілеспес жылдамдықпен орнымыздан атып тұрдық. Сейдағаң сәлемімізді алды да, «Мына баланың жұмысқа келгеніне жиырма күн болды. Бірақ бөлімдеріңде жаңалық жоқ. Жас жігіттің қызметке келгені сезілмейді», — деді менің бастығыма қарап. Маған назар салған да жоқ. Қаралай қысылып барам. Қазір енді бастығым мені іреп соятын шығар. Бердіқұлов шығып кетті. Бастығым да үндеген жоқ. Бірақ бұдан кейін өзімізді қамшылау қажеттігін түсіндік.

    Содан кейін «Осы менің жасымда бас редакторымның өзі не бітірді екен?» деген ой келді. Демалыс күні кітапханаға барып, сарғайған газеттерді парақтадым. Сейдахмет ағам елуінші жылдардың аяғындағы «Лениншіл жастың» бетінде жасын ойнатыпты. Мақалаларының тақырыбы еріксіз еліктіреді. Мұздай сірескен сол кезең жазу стилі үшін мүлде тосын. Түйдек-түйдек төгіліп түскен тіркес. Санаңа сең жүргізетін оқшау ойлар. Екі шоқып, бір қарайтын сауысқан-саясатқа қиыннан әкеліп қиыстырсаң да үйлесе қоймайтын батыл байыптамалар. Кейде тұспалдап, астарлап айтады. Енді бір тұста тұспалды қойып, туралап тартады, айтатын сөзінің астарын сөгіп кеп жібереді. Қысқасы, ол қазақ журналистикасына лықсыған бұла күшпен келіпті. Соны көрдік те, Сейдахмет ағамыздың тұлпарлығы тай күнінен танылғанын ұқтық. Содан соң Бердіқұлов болудың оңай еместігін, ол үшін Бердіқұлов болып туу керектігін бірден түсіндік.

    Бір күні ол тікелей шәкірті Қыдырбекке былай депті: «Жақсы мақала жазсаң, мен сені Қыдырбек деймін. Көңілімнен шықпасаң, Қыдырбай деп атаймын». Содан Қыдырбек қараптан қарап жүріп Қыдырбай атанып кетпеу үшін барынша күресіп бақты.

    Бас редакторымыздың тағы бір қасиеті оның онсыз да биік бейнесін одан сайын тұлғаландырып тұратын. Сейдахмет аға ауыр науқасқа ерте шалдыққан Күләтай жеңешемізді газет ұйымдастыратын мерекелерге жетелеп ертіп келетін. Үнемі көңілін көтеріп, жанынан шықпай, әзілін айтып, еркелетіп отыратын. Дерт меңдеген Күләтай тәтеміз Сейдахмет ағаның жан жылуының арқасында жүзі жадырап, сергек жүрді. Қайтадан қуаттанды, тіпті Сейдағаң өмірден өткеннен де он шақты жыл ғұмыр кешті. Ағамыз сол арқылы өзгеге сыйлы болғың келсе, өз отыңның басын қадірлеу керектігін ұқтырды.

    Бірде жігіттер редакцияның залындағы тақтаның алдында ұйлығысып тұр екен. Тақтаға «Известия» газетінің бір жапырақ қиындысы жапсырылыпты. Газет шолушысының базар нарқы туралы мақаласы көрінеді. Мақаланың төбесіне Бердіқұлов қара сиямен сойдақтатып, былай деп жазып қойыпты. «Осындай мақала жазудың не қиындығы бар еді? Базарың іргеңде тиіп тұрған жоқ па?! Әй, жігіттер-ай…». Бас редактор сарбаздарын ара-тұра осылай қайрап-қайрап алатын.

    Бердiқұлов редакцияның қызметкерлерiне қорған бола бiлдi. Оларды өктем жүйенiң тықсыруына жол бермедi. Бiрде газетке жаңа келген өңкей шикiөкпе жас журналистер комсомол өмiрiне қатысты материал әзiрлеу барысында өрескел қате жiберiп алдық. Жезқазған облыстық комсомол конференциясына қатысқан облыстық партия комитетiнiң хатшысы Сапарғалиевтiң қызметi «бiрiншi хатшы» деп жазылып кетiптi. Дәл қазiргi күнi мұндай қате жiберген журналист тыныш ұйықтай бередi. Ал ол кезде осындай жәйт бүкiл тағдыр-талайыңды өзгертiп жiберетiн. Ертеңгiсiн газеттi ала сала түнде оншақты адам жабыла оқып жүрiп байқамаған қарғыс атқыр қатенi көзiмiз шалып, бөлмемiзде үкiм күтiп үрпиісіп отырмыз. Әсiресе, Сапарғалиевтi өз қолымен «бiрiншi хатшылыққа тағайындаған» Әнуарбек Әуелбеков тiптi мазасыз… Бәлкiм, ешкiм байқамай қалар… Қайдан, мұндайды байқамаушы ма едi. Сағат оннан бастап комсомол тұрмысы бөлiмiнiң сары телефоны тынымсыз зырыл қақты. Жезқазғаннан… Басқа емес, Сапарғалиевтiң нақ өзi. «Жiгiттер, не iстегенсiңдер, масқара болдық қой. Бердiқұловты таба алмай отырмын…». Әншейiнде байсалды қалып танытуға тиiс обкомның хатшысы қолды-аяққа тұрмай тызалақтайды. Өзiмiздiң жанымыз мұрнымыздың ұшына келiп тұрса да, бұл кiсiнiң жағдайын түсiнемiз. Өзiң жай хатшы болсаң, соған қарамастан жастар басылымы бiрiншi хатшының кабинетiне зорлап кiргiзiп жiберiп жатса, оның үстiне облыстың бiрiншi хатшысы азуы алты қарыс Давыдов болса, аттандамағаныңды көрер ем… «Бiттiк!» дедiк iштей. Бердiқұлов Әнуарбектi, оған қосып бәрiмiздi «Лениншiл жастан» еңiретiп отырып қуып шығады.

    Айтпақшы, Бердiқұлов қалада жоқ па, әлде бiр жұмыстармен кiдiрiп жатыр ма, сол күнi редакцияда көрiнбедi. Түске дейін қабылдау бөлмесiндегi телефонды дамылсыз ойбайлатқан Сапарғалиев ағамыздың аттандауы түс ауа сап тиылды. Мүлгiген өлi тыныштық. Мұндайда қарап қалмайтын үлкен ЦеКа-ның өзiнен өтiп кеткен мазасыз «iнiсi» кiшi ЦеКа-дан да хабар жоқ. Әнуарбектiң шашының жартысын ағартқан, бiздiң де мазамызды алған бiр түн өттi.

    Ертеңiне Бердiқұлов жұмысқа келдi. Бiзбен шаруасы болған жоқ. Келесi күнi де, одан арғы күнi де солай. Бердiбек Соқпақбаевтың «Балалық шаққа саяхат» атты повесiнде басты кейiпкердiң мектептегi бiр қызға «М.С.С.» деп хат жазуын жазып алып, оны әлгi қыз мұғалiмге апарып беретiн шығар деп үрейленiп жүретiн кезi бар. Бiз де құдды соның күйiн кештiк. Ату жазасын күткен айыпкердей екi-үш күн өткiзген соң жайбарақат тыныштыққа бойы үйренген Әнуарбектiң тiлi шығып, ел-жұртқа анекдот айта бастады.

    Кейiн бiлдiк, Алматының талай қиырына телефон шалған обком хатшысы сол күнi түстен кейiн Бердiқұловты ақыры тауып алыпты. «Лениншiл жастың» өзiнiң қызметiне байланысты жiберген қатесiн айтып шағыныпты. Сонда Сейдахмет аға: «Болар iс болды ғой ендi. Қайтесiз, жас балалар қызметiңiз өссiн деп жақсы ырым бастаған шығар», — деп басу айтыпты. Сапарғалиевтiң сабасына түскенi де содан екен. Сiрә, өзi де жақсы адам болса керек, өршеленiп тұрып алса қайтер едi. Сөйтiп, бас редактор Бердiқұлов бiр сөзбен тiлшiлерiн жазадан аман алып қалды. Және өзi мұны есiмiзге салып мiндетсiген емес. Тiптi бұл туралы ләм-мим демедi де. Қазiргi күнi бiреуге жасаған жақсылығын елу жыл бойы есiне салып отыратын ағайынды көрiп, мәрт мiнездi, кесек тұлғалы Сейдахмет ағаны ерiксiз еске аласың. Ал, бұдан бiрер жыл кейiн КПСС Орталық Комитетiнiң қаулысынан үш-төрт абзацтың кем басылғаны үшiн газеттiң бiр-екі қызметкерi жұмыстан босап кетті. Сол кезде Бердiқұлов болса қайтер едi деп ойладық. Қай кезде де қарамағындағы қызметкерлерiне қалқан бола бiлгенiн еске түсiрдiк.

    Сейдахмет Бердiқұловтың сол қолымен жазылған бұйрығымен «Лениншiл жасқа» қызметке алынғандардың бiр несiбесi артық болды. Олардың арасынан ұстаздың дәстүрiн жалғаған бас редакторлар өсіп шықты. Сөздiң қадiрiн бiлетiн, стилi жатық Бердiқұлов мектебiнiң шәкiрттерi қайда да қарымды екенiн көрсеттi.

    Кейiнгi жылдарда Сейдахмет аға ауыр дертке шалдықты. Ұстаз қатты күйзеліп, аурумен арпалысып жатқанда тiкелей шәкiртi Қыдырбек екеумiз үйiне жиi барып тұрдық. Ешкiмге бас имеген тәкаппар Сейдахмет ағаның ауру меңдеген қалпын көру қиынның қиыны едi. Жiлiншiктен басталған iсiк қара санды кеулеп, кеудеге қарай өрлеп келе жатты. Талайға намысты бермеген өр кеуде дертке бой алдырмау үшiн күресiп бақты.

    Соның өзінде аурудың жанына батқанын білдіргісі келмей, бізбен әңгімелесуге уақыт бөлетін. Журналистиканың жай-күйі жөнінде ой бөлісетін.

    — Осы публицистика дегенді көсемсөз деп жүрміз ғой, — деді бір күні. — Жазған дүниеңнің бәрі көсемнің сөзіндей болып шыға берсе жақсы ғой. Олай болмаса, қайтеміз? Меніңше, беделсөз деген дұрыс.

    Бердіқұлов дертпен дамылсыз алысып жатқанына қарамастан қазақ журналистикасының күрмеуі көп мәселелерін ойынан шығарған жоқ.

    — Әттең, көктемге бiр жетсем…, — дейтiн Алатаудың қарлы басына терезеден қарап отырып. Сөйтiп, зарыға күткен көктемiне де жеттi. Бiрақ келесi көктем келгенде Қасым ақын айтқандай, қыр үстiнде көрпесiн қымтап жатты…

    * * *

    Енді бірер күннен соң біздің ұстазымыз, біртуар Бердіқұловтың туғанына 90 жыл толады…

    * * *

    Бауыржан ОМАРҰЛЫ,

    ФОТО: Шүкір ШАХАЙ,

    АСТАНА

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *