Алматыда осымен екінші рет белгілі спорт комментаторы, ақын, сөз зергері Амангелді Сейітхановты еске алуға арналған шағын футболдан респубикалық турнир болып өтті.
Бізде былтырғы өткен жарыстағыдай бір команда сайлап апарып аламан журналистер жарысына қосылған едік. «Спорт журналистері» деген атпен сынға шыққан менің командам тамаша ойын өрнегін көрсетіп, жарыс басталғаннан бастап көрерменді өзіне бірден баурап алды. Командамыздың құрылуына ұйытқы болып шапқылап, жас та болса бас болып жүрген Асқар Хамидинов пен Әзиз Жұмәділ бауырларыма айтар алғысым шексіз. Астанадан жолын тауып «Айбарс» атты демеушіні тауып барлығымызға спорт киімдерін алып келген екен. Үстімізге су жаңа футбол формасын кигеннен кейін, команда ойыншыларында өзгеше рух пайда болып жеңіске деген жігері арта түсті.
Күн көтеріліп қызуы денеге өте бастаған кезде жарыстың ойындары тоқталып ашылу салтанатына жол берді.
Турнирдің ашылуына қатысқан Қазақтың спорт және туризим академясының ректоры Қайрат Закирянов, «Хабар» телеарнасының директоры Берік Уәли, аты аңыз ойыншы Сейілдә Байшақов, танымал былғары қолғап шебері Қанат Ислам, белгілі спорт қаламгері Несіп Жүнісбайұлы және Амангелді Сейітхановтың ет жақын туыстары Амангелдінің өнегелі өмірінен сөз қозғап, қатысушыларға жеңісті ойындар тіледі. «Шәкіртсіз ұстаз тұл» деген бабаларымыз, өзінің артын ізбасар шәкірт қалдыру ұстаз үшін үлкен мақтаныш. Аман өмірден өтсе де артына іздеушісі бар айтары көп, жазары жарасымды шәкірт тәрбиелеп кеткен жан. Олардың арасында Жандос Айтбайұлын айтса болады. Ұстазының атын өшірмеу шәкіртке үлкен сын. Сондықтанда Жандос ұстазының атындағы жарыстың ойдағыдай атқарылып өтуіне барын салып шапқылап, жарғақ құлағы жастыққа тимей зор үлесін қосып жүрген азамат екенін айта кеткеніміз орынды болар.
Жарыстың салтанатты ашылуы аяқтала салып қатарлас жатқан қос алаңда тартысты кездесулер жалғасты. Ынтымағы жарасып, бірлігі ұйысқан біздің командамыз да шеберлігі жағынан да құр қол емес екендіктерін ойын барысында тамаша көрсете білді. Алдымен «31 телеарна» командасын 1:0 есебімен, сосын «Түркістан» командасын дәл осындай есеппен ұтып, жеңісті жолымызды жалғастырдық. Соңғы ойынды тең ойнап 1/8 финалына тобыздан бірінші орынмен шықтық. Сөйтіп, Қызылордадан келген «Ақмешіт» командасымен негізгі ойында уақытында тең түсіп, пенальтиден Сыр өңірінен келген қонақтарға жол бердік.
Иә, пенальти деген ол бір лоторея. Кімнің жолы болса сол үстем болары белгілі. Соншама жерден ат терлетіп жеткен қызылордалықтарға Жаратушы иеміз де мейіріммен қараса керек, бұл команда финалда да «Қазмедиа» командасын пенальтиден ұтып кетті. Ал, біздің команда үшінші орын үшін «Атырау» командасымен алаңға шыққан еді. Кескілескен кездесу оңайға түспеді. Күн ұзақ әбден қалжырап шаршаған ойыншыларымыз жеңісті жұлып алуға шара жетпеді. Есеп 3:1 болып Сыр өңірінен келген жігіттердің жеңісімен аяқталды.
Хош, қалай десек те, кіллі 30-дан асып, орда бұзған қаламгерлерден құралған біздің «Спорт журналистері» командасы Аман досымның рухына арналған республикалық жарыста 16 команданың ішінен ойып тұрып төртінші орынға ие болды. Иә, жүлдеге сүйем жер қалғанда сүріндік. Дегенмен халықтың ыстық ықыласына бөленудің өзі үлкен мақтаныш деп білемін. Команда жігіттері жан аямай жеңіс үшін барын салды. Негізі, биылғы жарысты ұйымдастыруды өз қамқорлығына алған «Хабар» теларанасы мен оның басшысы Берік Уәлидің турнирді өткізуге асқан жауапершілікпен қарағандығы көрініп тұрды.
Берік Уәлимен ертеректе спорт журналистикасының ақтаңгер атасы Сейдахмет Бердіқұловтың атында өтетін дәстүрлі республикалық туинирдің алаңында жиі кездесіп, талай рет теңбіл допты бірге тепкен едік. Берік сол жылдары қаламгерлер арасында футболды шебер ойнайтын ойыншының бір еді. «Сырлы аяқтың сыры кетсе де сыны кетпейді», демекші, арада жылдар зулап өтсе де бойда қалыптасып қалған шеберлігі әлі сол сақталып қалғандығының куәсі болдым. Әріптесімнің елге мәлім үлкен телеарна ұжымның басшысы бола тұрып, теңбіл допты ұршықша иіріп алып, шебер ойнайтын ойыншы екенін тамаша соққан голдарымен көрсете білді. Осылайша, Берік Уәлидің жарысты ұйымдастырып қана қоймай, жасыл алаңда белсене әріптестерімен жан аямай иық қағысып көрсеткен өнеріне тәнті болдық. Осылайша, әріптесіміздің Амангелді Сейітханов марқұмға деген зор құрметінің арқасында турнир жоғары деңгейді өтіп, қатысушылардың барлығы жүлдесіз үйіне қайтпады.
Үздік ойыншылар номинациясында біздің «Спорт журналистері» командасының қақпашысы да марапатқа ие болып, турнирдің үздік қақпашысы атағына ие болды. Сондай-ақ, біздің командаға 100 мың теңге сыйақы берілді. Бұрын-соңды төртінші орынға қаржы көлемі беріліп көрмегендіктен ұйымдастырушылар алқасына, командамызды елеп ескеріп берген осындай қаржылай құрметіне зор алғысымызды жеткіздік. Сонымен 500 мың теңге мен бас кубокты Сыр өңірінен келген «Ақмешіт» командасы жеңіп алса, жүлделі екінші орынды алған «Қазмедиа» командасына 300 мың теңге сыйақы берілді. Турнирдің қола жүлдесі 200 мың теңгедей сыйақа алған «Атырау-Ақпарат» командасы марапатталды.
Жарыс соңында барша қатысушылар естелікке суретке бірін-бірі тартып қимай қоштасып кетіп жатты. «Өлі разы болмай тірі байымайды», дейді бабамыз. Қазақ спорт журналисткасында өзінше із қалдырған белгілі спорт комментаторы, жезтаңдай ақын,сөз зергері ардақты досымыз Амангелді Сейітхановты еске алуға арналған дәстүрлі турнир осылай өз мәресіне жетті. Алла амандығын берсе алдағы жылы да бұл жарыс жалғасын табар деген сенімдемін!
Ақын ОРДАБАЙҰЛЫ,
АЛМАТЫ