Алматыда футболдан «Жыл басы жақсылық әкелгей» турнирі өтті

Бұл турнир жыл сайын ұйымдастырылып, дәстүрге айналып келеді. Белгілі спорт журналисі Ақын Ордабайұлының ұйымдастырумен салауатты өмір салтын ұстануды дәріптейтін турнир биыл да жоғары дәрежеде өтті.

Такир  Балықбаев басқаратын Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің спорт залында өткен турнирге пайғамбар жасынан асқан қарттар да, мектеп оқушысы да қатысты.

Тартысты бәсекеде  «Сұңқар» командасы мен  Алматы қалалық құтқару қызметінің мамандары финалдық бәсекеге шықты.  Құтқару қызметкерлерінің командасында жасы 67-ге келген ақсақал ойнады. Жетпіс жастың желкесіне жеткеніне қарамастан қарияның қимылы отыздағы жігіттерден бір кем емес. Тіпті кейде алаңда допқа тартыс кезінде жастар қарияның шапшаңдығына  ілесе де алмай жатты.

1-орынды Құтқару қызметінің  командасы иеленсе, 2-орынды «Сұңқар» футболшылары алды. Жүлделі 3-орын «Қарғалы» командасына бұйырды.

Турнирді ұйымдастырушы Ақын Ордабайұлы жеңіпаз команда мен жүлдегерлерге кубок тапсырып, жекелеген ойыншыларды арнайы сыйлықпен марапаттады.

Жарысқа қатысушы ардагер  ойыншылар, 30-50 жас аралығындағы  жігіт ағалары бұл турнирдің аясын кеңейтіп, қала деңгейінде өткізу керектігін айтып жатты.

Бұл жайында Ақын Ордабаев былай деді: «Елімізде бұқаралық спортты дамыту үшін, халықтың салауатты өмір салтына бейімделуі жолында мұндай турнирлер өте-мөте қажет. Қараңызшы, жетпіске жақындаған ағамыздың ала допты қалай шырқ үйретінін.  Жасы келді екен деп үлкендерді ысыра бермеу керек. Керісінше, осындай спорттық мереке ұйымдастырсақ жастарға үлкен үлгі.  Біздің «жыл басы жақсылық әкелгей» деген атаумен өтетін дәстүрлі турниріміздің көздеген мұраты да осы».

Қуаныш НҰРДАНБЕК

 АЛМАТЫ

 

 

 

 

 

 

 

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*