• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Тамыз кеңесі: жаңа оқу жылына дайындық қаралды

    Білім және ғылым министрлігі «Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығының» ұйымдаструымен педагог қызметкерлердің республикалық «Тамыз кеңесі» аясында  «Білім және денсаулық: дене шынықтыру және спорт әлеуеті» тақырыбындағы екі күнге созылған секциясының онлайн отырысы мәресіне жетті. Бұл туралы аталған орталықтың баспасөз қызметі хабарлады.

    Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов тамыз кеңесінің секциялық отырысына арнайы қатысып, ұстаздарды жаңа оқу жылымен құттықтады және алдағы маңызды жұмыстарына сәттілік тіледі.

    Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы  Серік Сәпиев Спорт күні кәсіби мерекесіне орай елімізде дене шынықтыру және спортты дамытуға қосқан еңбегі мен адал да мінсіз қызметі үшін  бірқатар дене шынықтыру мұғалімдерін марапаттады. Марапат иелерін қазақтың әуесқой боксшысы, Олимпиада чемпионы, Олимпиада ойындарының және әлем чемпионаттарының жүлдегері, КСРО спорт шебері, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, бокстан ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Ермахан Ыбрайымов құттықтады. Сондай-ақ, 100-ге жуық дене шынықтыру мұғалімі Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығының Алғыс хатымен марапатталды.

    Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру комитеті төрағасының міндетін атқарушы Серік Жарасбаев, Қазақстан Ұлттық студенттік спорт одағының президенті, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Қайрат Закирянов, Ұлттық Олимпиадалық комитеті  Президентінің кеңесшісі Бақытжан Ордабаев пен Спорт дирекциясының директоры Елсияр Қанағатов ұстаздарды алдағы оқу жылында табысты еңбек етуге шақырып,  маңызды жұмыстарына толағай табыстар тіледі.

    Алматы қаласындағы ЮНЕСКО Кластерлік Бюросы спортты дамыту және ілгерілету үшін Ұлттық Олимпиада комитетімен ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылған. Спорт саласындағы бағдарламалар жөнінде «ЮНЕСКО» Класстерлік бюросы директорының міндетін атқарушы Мейіргүл Алпысбаева баяндады.

    «Денсаулықты нығайтуға ықпал ететін мектептер» жобасы шеңберінде республиканың 700-ден астам мектеп оқушыларының денсаулығын сақтау және нығайту; мінез-құлық қауіп факторларының алдын алу және балаларды салауатты өмір салтына ынталандыру бойынша іс-шаралар өткізеді. Осы ретте, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Қазақстандағы өкілі доктор Кэролайн Кларинваль  атқарылған жұмыстар жайлы айтты.

    Балалардың қозғалыс белсенділігінің шектелуі мен оқшаулану жағдайында ақпараттар ағынының артуы денсаулыққа да, олардың психоэмоционалды жай-күйіне де теріс әсерін тигізеді. Пандемиядан кейін жаңаша өмір сүруді үйренуге тура келеді, яғни спорт пен дене шынықтыру өмірлік дағдылар мен басты құндылықтарды қалыптастырудың, қиын жағдайларға төзімділікті арттырудың үлгісі болуы керек. «ЮНЕСКО» Кластерлік бюросының Әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар секторының жетекшісі Арина Мясоед аталмыш тақырып туралы ойларын ортаға салды.

    Еліміздегі актуалды мәселенің бірі — қазіргі заманғы технологиялардың дамуына байланысты жасөспірімдер мен балалардың дене белсенділігінің төмендегені. Осыған орай, «Ұтқырлық және физикалық белсенділік балалар арасында семіздік пен артық дене салмағының төмендеуінің факторы ретінде. Еуропа елдерінің озық тәжірибелері»  тақырыбында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының  «Денсаулықты нығайтуға ықпал ететін мектептер» жобасының ұлттық үйлестірушісі, Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының қызметкері  Ақбота Әбділдина баяндама жасады.

    Педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Украина Ғылым Академиясының толық мүшесі, Украинаның ғылым мен техниканың еңбек сіңірген қайраткері, Украина Олимпиада академиясының президенті Мария Булатова «Жалпы білім беретін мектептегі Олимпизм» тақырыбында  тәжірибесімен бөлісті.

    Әр бір жарым сағат сайын адамның жұмыс жасау қабілеті төмендейтіні ғылыми дәлелденген. Осыған байланысты ұйымдастырушылар онлайн конференцияға қатысушыларының назарына дене шынықтыру жаттығуы бейнеролигін ұсынып, барлығы тыныс алу гимнастикасын орындады.

    Соңғы жылдары білім саласы тың жаңалықтарға толы. Солардың бірі – жаңартылған білім беру мазмұны.  Осы мәселе бойынша Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының аға ғылыми қызметкері Сәнзия Көптілеуова іс-тәжірибесімен бөлісті.

    4-тоқсандағы мұғалімдердің қашықтан оқыту тәжірибесін зерттеу нәтижесінде «Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығының» мамандары әзірлеген «Дене шынықтыру» пәнінен қашықтықтан оқытуды ұйымдастыру бойынша әдістемелік ұсынымдарды» Орталықтың зертхана жетекшісі, педагогика ғылымдарының кандидаты Меруерт Тұяқбаева таныстырды. Сонымен қатар, қашықтықтан оқытуды ұйымдастыру бойынша бейнеролик көрсетілді.

    Нұр-Сұлтан қаласы, №64 мектеп-лицейінің дене шынықтыру пәнінің аға оқытушысы Ләззат Орманбекова қашықтан оқыту бойынша ұстаздар арасында ықтимал қиындықтарды жеткізді.

    Үй жағдайында балалардың физикалық белсенділігін сақтауға байланысты мәселелерді шешетін бірден-бір спорттық ұйымдардың бірі — Халықаралық Мектеп спорты федерациясының (ISF) Президенті Лоран Петринко Қазақстандық ұстаздарға бейнеқұттықтау жолдады.

    ҰҒПДТО ғылыми кешенді тобының жетекшісі, п.ғ.д. Анатөл Құлназаров «Дене шынықтыру сабағын өткізудегі инновациялық тәсілдер» жайлы айтты.

    Денсаулық сақтау министрлігі Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы ғылым және кәсіптік білім бөлімінің бас маманы   Шынар Абдрахманова  «Қазақстан оқушыларының дене белсенділігінің көрсеткіштері» жөнінде, «Тең мүмкіндіктер әлемі» ҚҚ директоры»   Нұргүл Ұлжекова «Жалпы білім беретін мектептердегі арнайы медициналық топ оқушыларына арналған дене шынықтыру» мәселесі  туралы баяндама жасады.

    Ұлттық паралимпиадалық комитетінің бас хатшысы Ерлан Сүлейменов «Қазақстан Республикасында бейімделу дене шынықтыруды дамыту мәселелері және оларды шешу жолдары» тақырыбында, Педагогика ғылымдарының кандидаты., «Астана медицина университеті» КЕАҚ спорттық медицина, реабилитология және дене шынықтыру кафедрасының доценті  Сауле Сыздыкова «Жалпы білім беретін мектептердегі арнайы медициналық топ оқушыларына арналған дене шынықтыру» жайлы ойларын ортаға салды.

    «Street Workaut» халықаралық федерациясының президенті»  Минин Денис ұстаздарды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтап, Соңғы жылдардағы қазақстандық жастар арасында StreetWorkOut спорттық қозғалысының даму қарқыны туралы айтты. 2012 жылдан бастап Street Workout ұйымы ТМД және Еуропа қалалары мен елдері бойынша салауатты өмір салты турларын өткізе бастады. 2014 жылдың желтоқсан айында Street Workout бойынша әлемнің 75 елі қатысқан алғашқы Әлем Чемпионаты Астанада өткен болатын.

    Алматы қаласындағы № 68 мектеп-гимназияның дене шынықтыру пәні мұғалімі  Наталья Дрейт «Оқушылардың дене шынықтыру сабағында заманауи оқыту технологияларын қолдану» тақырыбында, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «Шығыс» балалар мен жасөспірімдер орталығының  директоры  Нұрлан Тяженов «Ұлттық ойындар – ұлт тәрбиесінің өзегі» тақырыбында мазмұнды таныстырылым өткізді.

    Конференцияның қорытындылары бойынша ұсынымдар қабылданып, жергілікті білім басқармалары мен дене тәрбиесі орталықтары арқылы дене шынықтыру мұғалімдеріне жолданды.

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *