• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Өнердегі өшпес із

     Көпшілікке мәлім, Қостанай ежелден өнер және мәдениет қай­раткерлері, ақын-жазушыла­рымен аты шыққан. Қазір де олардың дара жолын жалғастырып жатқан азаматтар жеткілікті. Солардың қатарында күйшілік ерекше қабілетімен барша қазақтың мақтанышына айналған Елубай Өмірзақов атындағы Қостанай об­лыс­тық филармонияның бұрынғы басшысы, талантты бауырымыз ­Назымбек Молдахметов те бар еді. Бәріміз де мына өмірге қонақпыз. Кеше ғана арамызда күндей жарқырап жүретін жайсаң мінезді, жаны – жаз, көңілі – көктем ­Назымбек Молдахметовтен күтпеген жерден айырылып қаламыз деп ойлаппыз ба? Тағдырдың жазуы шығар, ғұмыры қысқа болды. Жарты ғасыр өмір сүрсе де руханиятымызда жарқын дарынымен өзінің өшпес ізін қалдырды.

    Н.Молдахметовтің мәдениет сала­сындағы қолтаңбасы, бағын­дырған биігі, қол жеткізген табысы, тың ізденісі, адамгершілік, тәлімгерлік қыры кейінгіге үлгі-өнеге. Әрине, ол шығармашылық биікке өз маңдай тері, адал еңбегімен жетті. Қаншама атақ-дәрежеге ие болса да өзін басқалардан жоғары қойғанды жаны сүймейтін. Бұл, бәлкім, кішкентайынан алған тәлім-тәрбиесінен де болар, үлкендерді көрсе, сонадайдан жақындап, аса бір ілтипатпен сәлемдесіп жататын.

    Мұндай көркем жігітті кім жек көрсін. Адамгершілігі де өте жоғары-тын. Ал үлкен сахнаға ұлттық киімі жарасып шыға келгенде тіпті ­танымай қалатынбыз. Ол қазақтың қара домбырасын қолына алып, шеберлігін көрсеткенде нағыз өнер үшін туған жан екенін байқау да қиын емес-ті. Бұған өзіміз ­талай рет куә де болдық. Еліміз тәуелсіздік алғалы бері мәдениетке де көп көңіл бөліне ­бастады. Оның тікелей басшылығымен өтетін түрлі деңгейдегі концерттер мен шығармашылық кештерде зал үнемі лық толып, ине шаншар орын болмайтын. Биылдың өзінде халықаралық ­дирижерлар ­форумы ұйымдастырылып, ол қалың жұртшылыққа рухани ләззат сыйлады. Қостанай облысының әкімі мен мәдениет басқармасының тікелей ұйытқы болуымен өткен үлкен өнер мерекесіне де жиналған ағайын аз болған жоқ. Кезінде өзі тікелей ұйытқы болған филармония жанындағы қазақ оркестрі де қазір тек республикамыз ғана емес, күллі ТМД елдеріне, одан қалды шет мемлекеттерге әбден мәшһүр болды.

    Сахна саңлағын үнемі жарқын ­ойлар ғана мазалайтын. Күндіз-түні ойлайтыны – халқымыздың төл өнерін биікке көтеру, сөйтіп, жұртшылық алдындағы парызын адал атқару, қарамағындағы әріптестеріне қолынан келгенше қолайлы жағдай туғызу-тын.

    Назымбек жайлы әңгіме болғанда оның сонау сағымдай бұлдырап артта қалған жастық шағына да тоқталып өткеніміз жөн деп есептеймін. 1970 жылдың сәуір айының басында Торғай өңіріндегі Арқалық ауданы Қайыңды ауылында, Молдабектің шаңырағында дүниеге келеді. Отағасы ­Молдабек қазақтың қасиетті домбырасын қолға алып, күмбірлете шерткенде оны қоршаған жұртшылық ­ерекше ­рухани ләззат алатын. Әншілігі қандай еді десеңізші! Үкілайдың да ­дауысы әдемі болатын. Сондықтан да ерлі-зайыптының жүрген жері той-думан, ырыс-береке әрі әзіл-қалжың еді. Міне, осындай әке-шешеден туған Назымбектің де өнерге құштар болуы заңды-тын. Өзіміз жиі ауызға алатын «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген аталы сөз осы ынтымағы жарасқан отбасына арналып айтылған сияқты. Назымбек те 5 жасынан бастап домбыраға үйір бола бастайды. Әкесінің інісі Сұлтанбекті ерекше жақсы көргендіктен, ол да мұны осы ұлттық аспабымызға ерте баулуды қолға алды. Өйткені, Сұлтекеңнің өзі де өңірге белгілі термеші әрі жыршы-тын.

    Әрине, ол ағасы ұлының жұл­дызы жоғары, мәртебесі биік болғанын армандамады деймісің. Бір жағы, Назымбек әлі балдырған болса да үйреткеніңді тез қағып алатын тапқыр әрі елгезек-ті. Сол себептен де уақытты босқа өткізбей оған музыкалық білім алу қажеттігін ескертті. Әкесі Молдабек пен анасы Үкілай да оның пікірін қолдады.

    Сонымен, таудай талапты, елгезек бала күй өнерінің қыры мен сырына бірте-бірте қаныға ­бастады. Он бес жасар дарынды ұл, алдымен Арқалық шаһарындағы музыкалық училищеге шәкірт болып қабылданды. Бұл шақ Назымбектің есінде мәңгілік жатталып қалды. Тәлімгерлері де өз саласының нағыз майталманы еді. Мәдениеттің білгірі атанған Тұрсынбек Әлмағамбеттің сыныбында дәріс алды. Аталған қаладағы осынау оқу орны шәкірттің бойындағы жасырын жатқан дарынды оятты.

    Сөйтіп, осы жердегі төрт жылда шыңдалып, күйшіліктің өзіне беймәлім тұстарын әбден игерді. Бірақ әлі де ата-анасы армандағандай биікке көтерілу үшін қаншама еңбек күтіп тұр еді.

    Өнер жолы – ауыр деп босқа ­айтылмайды. Ол қашанда тынымсыз ізденісті, еңбекқорлықты және өзі орындайтын күйді дер кезінде әрі таңдай білуді қажетсінеді. Міне, осы жайлар да әлі жас та болса оны ойландырып, толғандырды. Сол себептен де ол Арқалықтан кейін сонау ерекше де көркем шаһар Алматыға жол тартты. Бағыты – қазіргі Құрманғазы атындағы ұлттық консерватория-тын. Бір орынға бірнеше адамнан келетін қиын да күрделі сынаққа жан-жақты ­дайындалды. Сол кезде ол Арқалықта жүргенде ұстаздарынан терең білім әрі шеберліктің дәрістерін алғандығын айқын ұқты. Студенттер қатарына ілінді. Осы шақтағы қуанышын тілмен айтып жеткізе алмас-ты. Мұның өмірден түйгені – жақсы ұстаз да бақытың екен. Өйткені Назымбек өмірден өткенше өнер зерттеушісі, профессор Тмат Мерғалиевтен тәлім алғандығын ерекше мақтанышпен ауызға алатын.

    Көрнекті мәдениет қайраткері сонау алыстағы Торғайдан білім іздеп келген бозбаланың бойындағы ешкімге ұқсай бермейтін айрықша қабілетті көкірек көзімен бірден байқады. Сондықтан оған өзінің білгені мен түйгенін әбден үйретті. Консерваторияның дәрісхана­ла­рында өткен жылдар саналы жігіттің күйге деген іңкәрлігін арттыра түсті.

    Ол кейде осы жоғары оқу орнында ұстаздық еткен Қазақстанның халық артисі, аса дарынды күйші Қаршыға Ахмедияров, «Құрманғазы» оркестрінің сол кездегі бас дирижері, өнер қайраткері Айтқали Жайымов, талантты композитор Кенжебек Күмісбековтерден түйгенін ерекше әсермен баяндап отыратын.

    Себебі олардың әрқайсысы – қазақ мәдениетінде есімдері алтын әріппен жазылған көрнекті тұлғалар.

    Әңгімемізге арқау болған консерватория білікті кадрлардың қара шаңырағы ретінде бұрыннан белгілі. Сондықтан осыдан көп жыл бұрын аталмыш жоғары оқу орнын аяқтаған талантты жастар арнайы шақыртумен Қостанай ­облысына ат басын тіреген болатын.

    Жылдар өте олардың бірқатары отбасылық жағ­дайлармен өзге өңірлерге кеткенімен, басым көп­шілігі арамызда әлі күнге дейін адал қызмет атқарып, өнеріміз бен мәдениетімізді көтеріп жүрген саңлақтар. Олардың қата­рын­да ерекше қоңыр даусы бар ­Манап­бек Кәдіров, ­қо­бызшы ­Батыр­бек және дарын­ды күйші Лаура Байназаровтар және басқа да өнерді пір тұтқан тұлғалар бар. Олар Қостанай­ға келісімен ­Елубай Өмірзақов атындағы облыстық филармонияның жанынан «Ақже­лең» деп аталатын ұлттық аспаптар ансамблін құрды.

    Сөздің реті келгенде, бұл өнер ұжымының дүниеге келуіне сол кез­дегі облыс басшысы, бұл күндері абыз ақсақал, ұлтжанды азамат ­Кенже­бек Укиннің жасаған қамқорлығы айрықша дер едік.

    Осындай ұжымды басқару ­Назымбек Молдахметов үшін де оңай болған жоқ. Ол өнердегі ­достарымен тез тіл табысып, қаншама мағыналы туындылармен репертуарларын байытты. Олардың өн бойынан қазақылықтың иісі аңқып тұратын.
    Ол ансамбльдегі жұмысымен қатар, Қостанай мемлекеттік педа­гогикалық институтында дарынды жастарға домбырадан дәріс беретін. Үлкен сенім артылып, Қостанайдағы қазақ ұлттық аспаптар оркестріне жетекшілік етті. Көптеген байқаулар мен ­фестивальдарда топ жарып, облыстың абыройын барынша асқақтатты.

    Осыдан екі жыл бұрын ­Назымбек ­Молдахметов өзі Қостанайдағы еңбек жолын бастаған об­лыс­тық филар­мо­нияға дирек­тор болып тағайын­далған-ды. Ә деген­нен өзіне жүк­телген міндеттің жауапкершілігін айқын сезініп, әріптестерінің шығармашылық жағынан шыңдала түсуіне барын салды. Ерлан ­Қал­мақов басқаратын облыстық мә­дениет басқармасының тікелей қолдауы және өзінің бойындағы жарқын ­дарыны, тың ізденістерінің арқасында көптеген атақты әншілер мен күйшілердің өнер кештері, бұрын-соңды болмаған форумдар, фестивальдар өткізілді.

    Ақжарқын әрі көпшіл мінезімен, қазақы қалпымен зиялы қауымның арасында құрметке бөленген ­Назымбек – айрандай ұйыған бере­келі отбасының тірегі-тін. Оның жан дүниесін жете түсінетін әрі үнемі қолдап отыратын, құдай қосқан қосағы Жанат келініміз де құрбыларының арасында сыйлы да абыройлы. Отағасының алаңсыз қызмет атқаруына барын салды. Ерлі-зайыптыларды өзгелер өнеге тұтты.

    Назымбекті іздеген адам үнемі оны жұмыс орнынан табатын. Қолынан қазақтың қара домбырасы түспейтін. Шығармашылық ұжымды басқаратын адам қай жағынан болса да әріптестеріне ғибрат көрсетуге тиіс деп есептейтін.

    Оның кездейсоқ қайғысы барша қауымды есеңгіретті. Әлі күнге дейін көңіл айтушылар легі толастар емес. Бұл оның тірі кезінде нағыз ұлтжанды, намысты, қайраткер тұлға болғанын көрсетеді.

    Қайыңды өңірдегі киелі қазақ ауылындағы сол бір қайғылы күні елді мекен тұрғындары Жаңбыршы Қалиевтен де көз жазып қалды. Онымен де қимай қоштасты.

    Кім мәңгілік дейсіз? Назымбек ініміздің жатқан жері жарық, топы­рағы торқа, иманы серік болсын. Өзі жетпеген жасты үкілі үміттері болған ұлдары мен қыздарына берсін. Біз өзіңді әрқашан да сағынышпен еске алып, жүрегімізде сақтаймыз.

     

    Оразалы ЖАҚСАНОВ

    ҚОСТАНАЙ

    http://anatili.kazgazeta.kz/news/58364

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *