• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Алматыда жаңа суалыбы ашылды

    Елімізде су спортынан ұлттық құрама команда мен жекелеген клубтардың әлем аренасына атойлап өзін таныту үшін спорттың осы түрінен халықаралық стандартқа сай алаңдар салынуы керек. Бүгінгі күні спорт кешендері еліміздің әр аймағында көптеп  ашылып жатыр. Ол әрине, қуанарлық жай, жоқ деуге аузымыз бармас. Дегенмен жасөспірім балаларды су спортына қызықтыра білуге келгенде не істеп жатырмыз? – деген сұрақты өзімізге қойып көрелік.

    Иә, спорт мектептерінде су спортынан үйірмелер жұмыс істейді. Ал, сол су  спортына қадам басып келген балалар қандай жағдайда жаттыға алады? Осы мәселе өзектірек деп ойлаймын. Жастардан нәтиже талап ету үшін алдымен жағдай туғызуды біз кейде артқа тастап қоямыз. Негізі ол дұрыс емес. Ол үшін заманауи тұрғыда кешенді су спортының алаңдары тұрғызылуы қажет. Бұл тұрғыда Алматыдағы  Каркен Ахметов атындағы Олимпиада  резервінің  республикалық  мамандандырылған мектеп-интернат колледжін көпке үлгі етіп айтуға болады. Мұнда жасөсіпірім таланттар үшін бар жағдай жасалған. Қайсібір спорт залды алып бас сұғып қарасақ, сол спорт түріне арналған инвентарлармен жабдықталған. Дзюдо академиясы өз алдына бір төбе. Сол спорт залдарда шүмектеп терін төккен дарынды балуан Елдос Сметов Олимпиаданың күміс жүлдесін жеңіп алып, елімізді бір қуантқаны әлі есімізде.

    Елдос осы киелі мектептің төл түлегі. Сонымен қатар мектеп өзге спорт түрлерінен де еліміз бойынша топжарып үздіктер қатарында келеді. Мысалы, су спорт түрлеріне арналған су жаңа суалыбын тілге тиек етіп айтсақ, бұл спорт түрінде осы мектептің жас қырандары халықаралық жарыстарда ел қоржынына жүлде салып жүр. Мысалы, биылғы жылы сәуір айында Ресейдің Қазан қаласында үйлесімді жүзуден өткен Әлем кубогының кезеңінде жеке, дуэт, аралас дуэт және хайлайт түріндегі сындар бойынша К.Ахметов мектеп-интернат колледждің дарынды спортшылары 7 алтын, 7 қола медаль жеңіп алған екен. Бұл жеті қыздың жеті алтын, қола жүлдесі Қазақстанның да су спорты түрінен әлемдегі көшбасшы мемлекеттермен терезесі теңдей өнер көрсете алады деген сөзді білдіреді. «Қыран балапанын ұясында баптайды» десек, су спортының сүлейлерін суда шыңдап жаттықтырып аламан жарыстардан қалдырмаған абзал. Балалар жарыс арқылы өседі. Сондықтан да жас спортшылардың одан жоғары әлем, Олимпиада ойындарында табысты өнер көрсетулері үшін алдымен жағдай туғызу керек екенін жақсы білетін, К Каркен Ахметов атындағы Олимпиада  резервінің  республикалық  мамандандырылған мектеп-интернат колледжінің директоры Сейілхан Қарақов  су жаңа суалыбының құрылысын жасап бітіп қолданысқа беріп отыр.

    Жеткіншектерінің жеңісті жолын күні бұрыннан ойлайтын жанашыр басшы, іскер азамат Сейілхан Бақтығалиұлының  тынымсыз әрекеттері жемісін алдағы уақытта сөзсіз бертініне бек сенімдімін. Өйткені, қолдау, қамқорлық барда нәтиже де көп күттірмейді.  Айтулы мектептің толағай табыстары білікті басшылықтың білгір мамандарды жанына айрандай  ұйыта білуден де шығар деген ойда қаласың. Айталық қазақ спортының дамуына  ғылыми түрде көптеген методикалық оқу-құралдарын жазып  шығарған Анатөлі Құлназаров секілді ақсамайлы ағамыз бүгінде өмірлік тәжірбесін жас дарынды спортшыларға айтып, мектептің абыройын көтеруге үлесін қосып жүр. Жастардың аға буыннан алары  көп. Ал, енді су жаңа суалыбының бүгінгі көрінісіне қайта оралсақ. Кезінде тозығы жетіп, суы тазарып көрмеген суалыбы бүгінде түгелдей құрылысы жаңарып, жаңа заманға сай жаңа технологиялық тазарту құбырлары қойылған екен. Су автоматты түрде тазартылып, адам денсаулығы үшін пайдалы қоспалар қосылып суалыбы тау суындай мөлдір таза күйге енген. Қазіргі күні енді ғана қолданысқа берілгелі отырған су жаңа бұл орын халықаралық стандартқа сай спорт алаңына айналғалы тұр. Көрсең көздің жауын алатын бұл суалыбында су добы, жүзу, үйлесімді жүзу секілді спорт түрлерінен жас таланттар қуана суға сүңгіп жаттығуларын  жақсы көңіл күймен жалғастыратын болады. Бұл жерде жаттығатын спортышлар жеңістерден көрінбеуі мүмкін емес. Өйткені, судың өзі «кел, түс, сүңгі жүз, жалықпа жас өрен», деп шақырып тұрғандай.

     

    Ақын ОРДАБАЙҰЛЫ,

    АЛМАТЫ

    Бір пікір

    1. vavada официальный сайт регистрация

      Thanks.

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *