Бибісара Асаубаева АҚШ-тың Сент-Луис қаласында өтіп жатқан Cairns Cup 2026 турнирінде алғашқы жеңісіне жетіп, көшбасшылар қатарына қосылды.
4-турда шахматшы ақ фигуралармен ойнап, Швейцария атынан өнер көрсететін экс-әлем чемпионы Александра Костенюкті 23 жүрісте жеңді. Бұл — Асаубаеваның турнирдегі алғашқы жеңісі.
Алғашқы үш турда отандасымыз Украинаның өкілі Анна Музычукпен, үнді Рамешбабу Вайшалимен және америкалық Элис Лимен тең түскен.
Төрт турдан кейін Асаубаева 2,5 ұпаймен 4-орында келеді. Турнир көшін 3,5 ұпаймен Қытайдың экс-әлем чемпионы Тань Чжунъи бастап тұр.
Бұған дейін Бибісара Асаубаеваның АҚШ-та өтіп жатқан турнирде қатарынан үшінші рет тең ойнағанын хабарлаған едік.
Осы турнирден кейін шахматшы 15–27 қыркүйек аралығында Өзбекстанның Самарқанд қаласында өтетін 46-Дүниежүзілік шахмат олимпиадасына қатысады.
Халықаралық шахмат федерациясы (ФИДЕ) Олимпиадаға қатысатын Қазақстан әйелдер құрамасының тізімін жариялады.
Олимпиаданың ашылу салтанаты 15 қыркүйекте болады. Ал 16–27 қыркүйек аралығында шахматшылар классикалық уақыт бақылауымен швейцариялық жүйе бойынша 11 тур ойнайды.
Бибісара Асаубаева алатақтадағы жеңістерінің арқасында елдің құрметіне де ие болып келеді. Ол биыл ІІ дәрежелі «Барыс» орденімен марапатталды. Награданы Мемлекет басшысының атынан премьер-министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева табыс етті.
Бұған дейін, 2024 жылдың қазан айында Республика күні қарсаңында шахматшы ІІІ дәрежелі «Барыс» орденімен марапатталған болатын.
SportPress.kz Қазақстан спорт жаңалықтары