Футболдан Өзбекстан ұлттық құрамасының бас жаттықтырушысы Фабио Каннаваро алғаш рет команданың әлем чемпионатындағы ойындарына қорытынды жасап, құраманың сәтсіздігін түсіндірді.
Instagram-дағы эфирден белгілі болғандай, баспасөз мәслихатында бас жаттықтырушыға әлемдік додадан кейін неліктен бірден командамен бірге Өзбекстанға бармай, Италияға демалуға кетіп қалғаны, бас жаттықтырушы ретінде қанша айлық алатыны, құраманың алдағы Азия кубогына дайындығы туралы сұрақтар қойылды.
Каннаваро сын-пікірлер мен әлем чемпионатынан кейін ел арасында тараған неше түрлі қауесетке жауап берді.
Ол алдымен әлем чемпионатынан кейін Италияға демалуға кетті деген ақпаратты жоққа шығарды. Бас жаттықтырушы мундиальдан кейін өз еліне Өзбекстан Суперлигасындағы үзіліске байланысты ғана барғанын айтты.
Осы ретте ол ұлттық құраманың әлем чемпионатындағы ойынына қатысты пікір білдірді.
«Әлем чемпионатында командалардың қарқыны өте күшті. Мен өзім футболшы ретінде төрт әлем чемпионатына қатыстым. Сондықтан бәрін өз көзіммен көргеннен кейін айтып отырмын. Жалпы, Өзбекстан футбол қауымдастығы (ӨФҚ) ұлттық құрама команданы мундиальға жақсы дайындады. Ұйымдастыру жағынан ешқандай кінәрат болған жоқ. Ал неліктен кейбір ойыншылар құрамға қосылмағаны туралы айтсам, Тургунбоев пен Хожимат Эркинов жарысқа қазіргі спорттық бабына байланысты бармады. Иә, көп адам Тургунбоев пен Хожимат Эркинов неге құрамға алынбады деп сұрайды. Мен олардың бабына қарадым. Екеуімен де жеке сөйлестім», деді ол.
Баспасөз мәслихатында ол ұлттық құрама туралы жалған ақпарат таратқан адамдарды да айтты. Италиялық бапкер ұлттық құраманың айналасында жалған ақпараттың көп таралғанын айтып, оны кейбір адамдардың әдейі, қасақана істегенін жеткізді. Сонымен бірге ол кейбір адамдар ойлағандай жылына 4 млн еуро алмайтынын, федерацияның келісіммен өзі Италиядан шақырып алған көмекшілеріне өз қалтасынан айлық беретінін атап өтті.
«Мен жылына 4 млн еуро алмаймын. Менің көмекшім Роландо Бианки құрамада тегін жұмыс істеді. Бұған дейәін құрамада жақсы жергілікті мамандар болды. Бірақ мен массажисттер мен физиотерапевттерді Италиядан әкелгім келді. Оларға өз қалтамнан ақша төлеймін», деді ол.
Осыдан кейін Каннаваро ұлттық құрама туралы өтірік айтатын адамдардың атын атмаса да шет жағын ыммен түсіндіргісі келді.
«Біреу өте көп өтірік ақпарат таратты. Өз арамызда өтірік айтатын адам бар. Бұл менің шетелдік бапкер болғаным үшін болуы мүмкін. Бірақ, мен сіздерге айтайын, біз ұстанған ережелерді мен ойлап тапқан жоқпын. Бұл – Еуропада қалыптасқан стандарттар. Сондықтан мен туралы неліктен осыншама көп өтірік ақпарат таралды деп ойлаймын. Соны түсінбедім. Бұрынғы бас жаттықтырушы Кападзе – жақсы маман, әрине. Ол жақсы нәтиже көрсетті. Бірақ бұл мені үнемі сынауға себеп болмауы керек қой», деді Каннаваро.
Жиында Азия кубогына дайындық туралы да әңгіме болды.
Ол Азия кубогына дейін құрамда өзгерістер болатынын ашып айтты. Жасырған жоқ. Оның айтуынша, енді ұлттық құрамаға ойыншылар бұрынғы жетістіктері үшін емес, қазіргі көрсеткен ойынына қарай шақырылады.
«Бірден басын ашып айтайын, Азия кубогы алдында команданың құрамы өзгереді. Біз енді жастарға көбірек мүмкіндік береміз. Бұдан былай ұлттық құрамаға бұрынғы еңбегі үшін емес, өзін жақсы қырынан көрсетіп жүрген футболшылар ғана шақырылады», деді Каннаваро.
Каннаваро ұлтық құраманың Азия кубогына қыдырып бармайтынын ескертті.
«Біз Азия кубогына қыдырып қайту үшін бармаймыз. Мен осы қызметке келгендеәлем чемпионатында бірден нәтиже күтпеңіздер деп айттым. Солай ма?! Ал енді Азия кубогында біз шамамыз келгенше жақсы ойнауға тырысамыз. Енді ешбір қарсыластан қорықпаймыз», деді бас жаттықтырушы.
Сөз соңында Каннаваро аладғы кезде Ташкентте Иран құрамасымен жолдастық матч өткізу туралы келіссөздер жүріп жатқанын хабарлады. Ол футболшылардың алаңда бір-бірімен түсіністікте ойнаудың маңыздылығын атап өтті. Әлем чемпионатының кейбір кадрлық шешімдерінің дұрыс болмағанын мойындады. Содан кейін жас өзбек футболшыларының болашағы зор екенін, олар көбірек Еуропа чемпионаттарында ойнау керектігін айтты.
Өзбекстан құрамасы биылғы жылғы әлем чемпионатына тұңғыш рет қатысып, үш ойынның бәрінде де бірде-бір ұпай алған жоқ. Олар бірінші матчта Колумбиядан 1:3 есебімен жеңілген еді.
Дастан КЕНЖАЛИН
SportPress.kz Қазақстан спорт жаңалықтары