• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   
    Қазақстан теннис федерациясы

    Теннисшілеріміз қарт құрлықтың төрінен төбе көрсетті

    Бұған дейін хабарлағанымыздай, Александр Бублик, Александр Шевченко, Бейбіт Жұқаев, Елена Рыбакина мен Юлия Путинцева «Үлкен дулыға» турнирінде көңіл көншітерлік өнер көрсетіп жатыр. Мысалы, Бейбіт Жұқаевтың өзі жас болса да бас бола білетінін дәлелдеп, алғаш рет Уимблдонның іріктеу сынынан сүрінбей өтіп, «Үлкен дулының» кілең мықтылар ойнайтын басты додасына жолдама алды. Осының өзі жас спортшы үшін үлкен жетістік деуге болады. Сол сияқты жастар арасында Уимблдонда Әмір Омарханов, Заңғар Нұрланұлы мен Дамир Жалғасбай іріктеу ойындарына қатысып, сәтті өнер көрсетуде. Тіл көзіміз тасқа дейік!

    Анна Данилина төртінші рет төрге шықты

    Анна Данилинаға келсек, ол тіпті төртінші жарыс қатарынан финалға жолдама алды.

    Еліміздің жұптық сындағы бірінші, әлемнің 9-ракеткасы Ұлыбританияның Истбурн қаласында өтіп жатқан WTA 250 турнирінің финалына шықты.

    Ол осыған дейін «Ролан Гаррос», Лондон WTA 500 және Ноттингем 250 турнирлерінің финалына шыққан еді.

    Данилина бұл жолы чехиялық Мари Боузковамен бірге жартылай финалда ұлыбританиялықтар Хэрриет Дарт пен Майя Лумсденмен ойнады.

    Бірінші партияда ұлыбританиялық дуэт 6:2 есебімен басым түсті. Екіншісінде Данилина — Боузкова дуэті 7:5 есебімен есе қайтарды. Содан кейін супер тай-брейкте жеңісті кәдімгі жалпақ тілмен айтқанда жұлып алды. Есеп — 11:9.

    Бір жарым сағаттан астам уақытқа созылған бәсекеде екеуі 1 эйспен бірге 11 брейк-пойнттың үшеуін пайдаланды. Ұлыбританиялық жұп 4 брейкпен (7 брейк-пойнт) көзге түсті.

    Енді Қазақстан мен Чехия спортшыларының келесі қарсыластары кейін анықталады.

    Жібек Құламбаева жеңіс жалауын желбіретуге жақындады

    Жібек Құламбаева Сербиядағы турнирдің ½ финалына шықты.

    Әлемнің 306-ракеткасы Жібек Құламбаева Сербияның Курсумлийска Баня қаласында жалауы көтерілген ITF W15 турнирінің жартылай финалына жолдама алды.

    Ол жарыстың 1-ракеткасы болып тіркеліп, ширек финалда босниялық Суана Тукаковичпен бетпе-бет келді.

    Жібек Құламбаева қарсыласын 6:0, 6:3 есебімен ойсырата жеңді.

    Матч 1 сағат 5 минутқа созылды.

    Енді ол финалға шығу үшін ресейлік Милана Жабраиловамен ойнайды. Ол үш сағатқа жуық уақытқа созылған тартысты ойында словакиялық Стелла Ковачикованы 5:7, 6:4, 6:2 есебімен жеңді.

     

    Дастан КЕНЖАЛИН,

    АСТАНА

     

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *