• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   
    Жеңіс ЫСҚАБАЙ

    Бейсен Құранбекке құрмет көрсетілді

    Жақсы адам бағбан секілді. Өзінің тал шыбықтай отырғызған жеміс ағашын, асқан сүйіспеншілікпен, ынтамен қарап бағады. Сосын бағынан үзіліп түскен әрбір жемісін жеп, рахаттанып жатқан адамдарға қарап тұрып үлкен ләззат алады. Бұл нағыз адамгершілктің биік көрінісі. Адам өмірінде өзінің жаны қалап, таңдап алған мамандығы бар ғұмырына азық болары хақ.

    Иә, егер сол сүйікті мамандығынының жемісін көре білсе одан асқан бақыт жоқ шығар. Біздің әріптесіміз белгілі сөз өнерінің зергері, белгілі журналист, танымал тележүргізуші, марқұм Бейсен Құранбекті жемісін ел-жұртқа таратып берген зиялы бағбанға теңер едік. Хадисте: «Адамның шынайы байлығы — оның бұл дүниеде жасаған жақсылықтары», — дейді. Ендеше, Бейсеннің қандай адам болғанын, оның ел үшін жасаған игілікті жұмыстарынан білеміз. Әсіресе «Айтуға оңай» ток шоуындағы әсерлі сөздерімен мәнді мағыналы қозғаған қоғамдағы өзекті тақырыбымен халықтың жүрегінің төрінен үлкен орын алған Бейсен Құранбектің есімі қазақ журналистикасында ойып тұрып орнын алып қалды деуге болады.

    Бейсеннің әрбір жүргізген телехабары арқылы қалың жұрт көкейіндегі өзекті өртер мәселерлеріне жауап тауып баталарын беріп отырды. Жоғары жүргізу шеберлігі арқылы айтары көп, байтағы кең, өз саласының шебері екенін көрермен көріп сүйсінді. Марқұм бақилық дүниеге өткенше, салауатты өмір салтын берік ұстап, спорт саласына да қалам тартып жүруші еді. Иә, оның бәрі кеше ғана болғандай. Өтті де кетті. «Дүние соққан желдей, аққан судай, көрген түстей өте шығады екен», — деп Бейімбет Майлин атамыз айтқандай, сұм ажал ардақ тұтқан, ел қадірлеген, асыл азаматты ортамыздан жұлып алып кетті. «Өлді деуге бола ма, өлмейтұғын артына із қалдырған», -деп хакім Абай айтқандай, аз ғұмырында көрнекті із қалдыра білген Бейсен Құранбектің жарқын бейнесі жадымызда мәңгі сақталары сөзсіз. Алланың ісіне еш шара жоқ. Қазақ журналисткасында жүргізушілік саласына сара жол салған Бейсеннің мектебі жас ұрпаққа үлкен өнегі.

    Бүгінде белгілі журналист, асыл азамат Бейсен Құранбекті еске алу іс-шаралары өзі туған өңірде жалғасын үзбей келеді. Әсіресе, шағын футболдан қаламгерлер арасында жыл сайын Талдықорған қаласында дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын Бейсен Құранбекті еске алуға арналған республикалық турнир биыл да қызық тамашасымен жоғары деңгейде болып өтті.

    Жарысқа еліміздің әр аймағынан сайдың тасындай сарапталған 8 команда келіп, жеңіс үшін тартысқа толы ойындарын көрсетті.

    Турнирдің салтанатты ашылуы өткеннен кейін, тартысты кездесулерлер жалғасып ойынның көрігін қыздыра түсті. Кезінде Сейдахмет Бердіқұлов атындағы дәстүрлі республикалық жарыс үзбей ұйымдастырылып елге танымалы қаламгерлер алаңда тартысты ойын салып, халық келіп қызықтаушы еді.

    Шерхан Мұртаза, Дулат Исабеков, Ғазизбек Тәшімбай, Рабат Жәнібек, Сұлтанғали Қаратаев секілді қаламы жүйрік, елге әйгілі ақсамайлы жазушылар мен қазақ спорт журналистикасының қара нарлары алаң сыртында тамашалап айқайды салып отыратын. Ол да бір дәурен екен ғой. Сол аға буын ақсақалдарымыз келместің кемесіне мініп кеткелі бері, айтулы жарыстың думаны тарқап, дүбірі де алыстап кеткен сияқты. Сондықтанда қаламгерлердің бастары қосылып, бағын сынайтын дүбірлі жарыстар саусақпен санаулы-ақ қалған шығар. Солардың бірі — Бейсен Құранбекті еске алу жарысы. Бұл сын елдегі журналистер қауымы үшін мән-мағынасы зор турнирдің біріне айналып келеді.

    Хош, сонымен күн ұзақ тартысты өткен кездесулердің нәтижесі бойынша жеңіске жеткен командалардың есімдері де анық болды. Турнирге республикамыздың әр өңірінен сарапталынып сақадай сай келген сегіз команданың арасында республикалық турнирлерде бәйгенің алдын бермей жүрген Талдықорғанның «Харакеті» мен Қызылорданың «Ақмешіт» командалары да бар еді.

    Командалар екі топқа бөлініп жеңіс үшін жан беріскен ойындар басталды. Сонымен «А» тобынан «Ақмешіт» пен «Харакет» командалары шықса, «Б» тобынан «Setanta sport» пен «Бек спорт» командалары үздік көрінді.

    Кескілескен жартылай финалдық ойындарда «Setanta sport» командасы «Харакетке» қарсы тұрған еді. Негізгі уақыт тең аяқталып, пенальти сериясында «Setantaның» асығы алшысынан түсіп финалға бір-ақ шықты. Ал «Бек спорт» командасы «Ақмешітпен» өткізген ойын барысында да жеңімпазды пенальтиде анықтауға тура келді. Пенальтиде «Бек спорт» ойыншыларының тепкен добы мүлт кетпей, жеңіске жетіп финалға жолдама алды. Шешуші ойында «Setanta sport» командасы «Бек спорттты» 4:3 есебімен жеңіп, бас жүлдеге тігілген 1 млн теңгені иеленді. Ал үшінші орын үшін кездесуде «Ақмешіт» талай турнирдің алдын бермей жүрген «Харакет» командасынан басып түсіп қола жүлдегер атанды.

    Осылайша күміс жүлдегер «Бек спорт» командасы 700 мың теңгеге ие болса, қола жүлдені алған «Ақмешіт» командасы 500 мың теңгені місе тұтты. Сонымен қатар әр номинациялар бойынша озық ойын көрсеткендер салтанатпен мараптатталды. Турнирдің «Үздік ойыншысы» атағына «Ақмешіт» командасының үздігі Амангелді Сейітхан лайық болса, «Үздік шабуылшы» номинациясы бойынша «Setanta sport» командасының ойыншысы Александр Хохлов марапатталды. Ал «Көремендер көзайымы» сыйлығына Өскенменнен келген команданың ойыншысы Серік Әділхан лайық деп танылды.

    Негізі қандайда бір команда болсын осындай аламан жарыстарға жауаптылықпен қарап, тиянақты дайындалып келсе міндетті түрді бір нәтижеге қол жеткізері белгілі. Құрылғанына бір жыл толмай жатып, осындай ірі жарыста «мен» деген қамшы салдырмайтын сара командаларды саптан шығарып тастап жеңіске жету, табанды талмай жасаған еңбек пен қайсарлықты, ұжымдық ынтымақ пен шеберлікті талап етері сөзсіз. Команда ойыншыларының бойына өзіне деген сенімді арттырып, жеңіске деген шеберліктерін үзбей жасатып келген жаттығулар арқылы жемісін көре білген команда капитаны, «Setanta sport» спорт каналының елге танымал белгілі комментаторы Ержан Көшкінбаевтың төккен маңдай тері бекер кетпегінін көргендейміз. Сонымен қатар команда құрамында тамаша ойын өрнегімен көпті тәнті еткен «Kazsport» телеарнасының қаламы ұшқыр журналисі, талантты комментатор Руслан Бақытжанның әрбір өткен аламанда ашыла түскенін көргендей болдық. Мәреге қарай таяғанда қанат бітіп шабатын тұлпардай Русланның тартысты ойыны қайран қалдыра түсуде.

    «Ұйымдастырылып істеген әр істің бір сәні бар. Әр қимылдың өзінше, ырғағы бар, әні бар», — деген екен Сәкен Сейфуллин. Айрандай ұйытып жарысқа апарған бұл командаға сынмен қарап, езу тартқандарда болған екен. Десе де тартысты ойындарымен көпшілікті тәнті еткен «Setanta sport» командасы басынан-ақ бас жүлдеге үміткер команданың бірі екенін атойлап көрсеткен ойындарымен көпшілікті тәнті еткен. Бұл команда сәуір айында тұңғыш рет белгілі спорт комментаторы Амангелді Сейітқановты еске алуға арналған жарысқа қатысып, көрермендер көзіне алғаш түскен команда болатын. Ол турнирде жеңіске жетпесе де болашағынан зор үміт күттірер команданың бірі әрі бірегейі екенін байқатқан еді. Бір ғажабы команда толықтай комментаторлардан жасақталған. Жаз айында «Алматы» телеарнасы БАҚ арасында ұйымдастырған дүбірлі жарыста бұл команда алғаш рет үздік үштіктен көрініп, қола жүлдегер атанған еді. Енді міне, Бейсен Құранбекті еске алуға арналған БАҚ өкілдері арасындағы республикалық аламан турнидің алтын жүлдесі мен бас бәйгені жеңіп алып, Жетісу жерінен жеңіспен оралып отыр.

    «Бақыт пен жеңіс барын салып еңбектенге бұйырады», — деген екен Гете. Ендеше, табанды еңбектерімен жеңіске жеткен Ержан Көшкінбаев жетекшілік ететін «Setanta sport» командасын жеңісімен құттықтаймыз! Қанжығалары майланып, жеңіспен желпінген бұл команда алдағы жарыстарда осындай биік тұғырдан көріну үшін жаттығуларын шыңдай түсуді мақсат етіп отыр.

     

    Ақын ОРДАБАЙҰЛЫ,

    Фото: Жеңіс ЫСҚАБАЙ

    ТАЛДЫҚОРҒАН

     

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *