Бүгін «Қайрат» Чемпиондар лигасы негізгі кезеңінің бесінші турында Данияның «Копенгаген» клубымен ойнап, одан 2:3 есебімен жеңілді.
Ол 81-минутта «Копенгаген» командасы қақпасынан саңылау тапты. Сөйтіп, Сәтпаев 17 жасында UEFA Чемпиондар лигасында гол соққан ең жас ойыншылар үштігіне кірді. Сонымен бірге Дастан Сәтпаев UEFA Чемпиондар лигасы негізгі кезеңіндегі алғашқы голын соқты.
Бүгін ол 17 жас 105 күн толып отыр. Ал тізімнің көш басында испаниялық Ансу Фати тұр. Ол «Барселона» сапында 2019 жылы Италияның «Интер» қақпасына гол алған кезде 17 жас 40 күнге толған еді. Екінші орында «Барселонаның» тағы бір ойыншысы Ламин Ямаль (17 жас, 68 күн) келеді. Ламин 2024 жылы «Монако» клубының қақпасын нысанаға алды.
Қолда бар мәліметке қарағанда, қазірге дейін үздік үштікте бельгиялық «Антверпен» шабуылшысы Джордж Иленихена тұрған еді. Ол «Барселонаның» қақпасына гол салған уақытта туғанына 17 жас 119 күн болған.
Бұған дейін «Қайрат» Португалияның «Спортингінен» 1:4, Испанияның «Реал Мадридінен» 0:5, Италияның «Интерінен» 1:2 есебімен жеңілсе, Кипрдің «Пафосымен» 0:0 есебімен тең түсті.
Енді «Қайрат» 9 желтоқсанда Астанада Грекияның «Олимпиакос», 2026 жылдың 20 қаңтарында Бельгияның «Брюгге» клубымен, 28 қаңтарда Англияның «Арсенал» командасымен ойнайды.
Дастан КЕНЖАЛИН,
АСТАНА
SportPress.kz Қазақстан спорт жаңалықтары