Ауыл қазақтың күре тамыры, алтын бесігі. Әркімнің туған ауылы жұмақ, құтты мекен екені анық. Дегенменде елге танылған ауыл-аймақтардың аттарын естігенде қызыға қарайтынымыз рас. Сондай аудан, облысқа аты жақсы таныс ауылдың бірі — Қордай ауданындағы Кенен ауылы.
Кенен ауылының іргетасы 1956 жылы қаланған. Жақында ауылдың 70 жылдық мерейтойы аталып өтті. Тоғыз жолдың торабында орын тепкен Кенен ауылының 70 жыл толу торқалы тойы бүкіл ауыл халқының бір атаның баласындай, бес саусақтың саласындай ынтымағының арқасында өте жақсы деңгейде ұйымдасырылды.
Торқалы мерейтой қарсаңыңда ауылдың іргетасы қаланған уақыттан бастап, құтты мекенде әр салада тер төккен еңбеккерлер мен ауылдан шығып қазақ даласына танылған танымал тұлғалар топтастырылған кітап жарыққа шықты. Бұл кітапта сонымен қатар Ұлы Отан соғысына қатысқан майдангерлердің де есімдері енгізілген.
Кітап авторы осы ауылдан шыққан қаламы ұшқыр қаламгер Жандос Омаров ауылдың дамуына бар үлесін қосқан атпал азаматтардың есімдерін қолдан келгенше қамтуға тырысқаны көрініп-ақ тұр. Хош, сонымен кітаптың халықпен алғашқы таныстырылмы Қордай ауданының орталығында өтті.
Ауыл тұрғандары үшін тұсаукесер кеші Кенен ауылының орталығында орналасқан Мәдениет үйінде жалғасын тапты. Клубқа жиналған ауыл халқынан ине шаншар жер болмады. Жасөспірімдердің шығармашылық орталығының дарынды жастарының қойған концерттеріне сусындаған ел үлкен ләззат алды десе болғандай. Мұндай әсерлі ән мен күйді көптен бері сағынып қалған ауыл тұрғындары ерекше көңіл күйге бөленіп зор алғыстарын айтып жатты.
Кітаптың тұсаукесерімен қатар спорт алаңында шағын футболдан ауданаралық жарыс тартысқа тола өтіп, спорт құмар қауым зор әсер алды. Күні бойы жеңіс үшін аянбай тер төккен ойыншылардың арасынан оза шыққандары кеш бата белгілі болды. Төрт топқа бөлініп, сынға түскен ауданның әр ауылынан келген 12 команданың ішінен финалға шыққандары қас-қарая анықталды.
Ауыл спортының жанашырлары Мұрат Кененов пен Айдар Тұраңқұлов сынды өз ісінің мамандарының ұйытқысымен өткен доп додасы өе жақсы деңгейде ұйымдастырылды деп айтуға толық негіз бар. Сонымен аядай ғана «Шоқпар» ауылының командасы талай-талай аламандарда озып жүлделі болып жүрген тәжірбиесі толысқан Қордай командасымен финалда кездесті. Кескілескен сұрапыл ойында «Шоқпар» командасы айды аспанға шығарып жеңісті жұлып әкетті. Осылайша «Шоқпар» командасы бас жүлдені жеңіп алды. Күміс жүлде Қордай ауылынан келген ұжымға бұйырса, қола жүлдені Кенен ауылының талантты жастар командасы иеленді.
Жеңімпаздар мен жүлдгерлер ұйыдастырушылардың әзірлеген қомақты ақшасын салтанатты түрде алса, әр аталым бойынша үздік көрінген ойыншылар да құрметті марапатқа ие болды. «Отыз күн ойын, қырық тойын өткізген» деген тәлсім ертеректе бекер айтылмаса керек. Бабаларымыз осындай дүбірлі тойды бір күнмен шектей салмаған ғой. Сол ата-баба дәстүрі Кенен ауылында жалғасын тапқандай.
Келесі күні ауыл орталығына жиылған халықта есеп болмады. Ақ шағаладай тігілген киіз үйлер ұлан асыр тойдың символы секілді көз тартады. Бұл ауылда қырғыз, қазаққа танымал күміс көмей әнші Кенен Әзірбаев тұрғаны барша елге аян. Ғасырға жуық өмір сүріп, артына телегей теңіз мол мұрағат қалдырған ақиық ақын, әнші, композитор Кенен Әзірбаевты білмейтін қазақ жоқ шығар сірә. «Кенеке сіз күміс көмей әншілігіңіздің үстіне ғұлама жырау, әбжіл шешен, байтақ шежіре екенсіз», деп баға берген Мұхтар Әуезовтен асып айтар сөз жоқ шығар. Сондықтан «Кенен десе елдің құлағы елеңдеген», демекші, Кенен атаның табаны тиген жерлерді басып өскен біздерде арман жоқ болар.
Сонымен осындай дабыралы той өтеді деген хабар еліміздің әр аймағына тарап, жан-жақтан тойға ат желдіртіп жеткен елдің қарасы қалың еді. Қазақстанға танымал әншілердің бәрі келіп, сахна төрінде құйқылжыта салған әндері тыңдаушы халықты баурап алды. Бұл күні арқан тарту, қол күрестіру сияқты спорттың әр түрінен әр жерде өтіп жатқан жарыстардың қызығы көрерменді бей-жай қалдырмады. Сонымен қатар әсіресе, қазақ күресінен өткен финалдық жекпе-жек тартысты болып өтті. Соңғы сында түйе балуандар белдесуі мен 75 кг салмақта қарсыластарын қоғадай жапырып жеңісті атойлап тұрып жеңген Кенен ауылының қос балуанына қуанбаған жұрт болмады. Абылай Мұсаханов пен Рамазан Садырбаев бас жүлдеге тігілген қомақты қаржы мен алтын белдіктің иегерлері атанып ауылдың мерейін бір асқақтатты.
Тойға келген қонақтар көше бойына қойылған ауыл өмірі туралы көшпелі көрмені көріп алған әсерлемен бөлісіп жатты. Әсіресе, ауыл кітапханасының меңгерушісі Роза Жұмабекқызы әзірлеп ілген стендке көпшіліктің назарына түсіп, ол жақсы бағасын алды.
Хош, «Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің», демекші, халықтың көптен күткен аламан ат бәйгелерінің де басталар уақыт келіп жетті. Ауыл шетіндегі Кенен сөресінің маңы құжынаған халыққа толды. Теңге ілу, аударыспақ, қыз қуу секілді ұлттық спортымыздан аймаққа танылып жүрген шабандоз шеберлердің қатысумен өткен жарыстарда жеңіске жеткендер халық алдында бағалы сыйлықтармен марапатталды. Сонымен аламан ат бәйгесін тамашалауға келген ауыл ғана емес әр өңірдің еңбектеген баласы мен еңкейген қарты бір тамаша тойдың куәсі болды.
Әркім-ақ әлем байлап жүйрігіне,
Құйрығын сәйгүлегінің түйд,і міне.
Жапсар ел жақын көңіл, тілектес боп,
«Бәйгелі болсын!», деп жүр бір-біріне, демекші, тұлпарларының құйрық, жалын сипалап, атшабарда жүрген шабондоздардың әрекетін көз жазбай қарап отырған көрермендер өз жүйріктеріне жанкүйер болды.
Тәует бас, қамыс құлақ, қуарған жақ,
Құлан жал, бұлан мойын, қой жұтқыншақ.
Қоян жон, жазық жая, жауырынды,
Құс топшы қос шынтағы қалқыңқырақ, деп Ақан серінің Құлагерін суреттегендей өрен жүйрік, бітімі ерек жүйріктер тізімге келіп тіркеліп жатты.
Аламан ат жарысқа тіпті, сонау Қарағандыда, Ақмола облыстарымен қатар Астанадан да жүйректерін көліктеріне артып атбегілер де жеткен екен. Алдымен тай жарысы сосын құнан жарыс соңына қарай ат құмар қауым асыға күткен аламан жарыста басталып кетті. Ауыздығын алысқан 31 асау тайлар 6 шақырымдық жарыс жолына шықты.
Қара үзіп алдымен қордайлық Мусаров Кадырбайдың «Трейси» есімді тайы сөреге бірінші болып жетсе, Меркеден келген Ералының «Асу» атты жүйрігі екінші болып мәре сызығын шауып өтті. Жүлделі үшінші орынға ие болған Отар ауылының атбегісі Жарастың «Тәуекел» есімді тайы болашағынан зор үміт күттірер жүйріктің бірі екенін байқатты.
Құнан бәйгеге 49 жүйрік тіркеліп, 12 шақырымдық жарыс жолына шыққан еді. Бұл сында топтан суырылып алға шыққан Шудан келген атбегі Еркебұланның «Айторысы» тожарып мәреге бірінші болып жетсе, Шиен ауылынан келген Илястың «Аягөз» есімді сәйгүлегі құйысқан тіресіп екінші болып шауып өтті. Жер жанаты Жетісудан келген «Қарамоншақ» есімді жүйрік сөре сызығын үшінші болып кесті.
Міне, ат құмар халық демін ішіне тартып күткен аламан бәйгеге шыққан 78 жүзден жүйрік тұлпарлар 27 шақырымдық жарысқа түсуге сап түзеп тұра бастады. Міне, мәреден бауырын жазып тұлпарлар даланы дүбірге бөлеп шаба жөнелді. Соңғы айналып соңғы дем, соңғы күш салар сәт. Топтың алдын бермей, шабысынан жаңылмай, шаңына қара ілестірмей жеткен Нұржігіт Таубалдиев омырауы есіктей, мойын еті бесіктей, төрт аяғы болаттай, шапқандағы екпіні сәуірдің аққан селіндей «Сәт» есімді тұлпары сөреге бірінші жетті. Екінші болып Балхаштан келген Сапарғали Сәптаевтың «Бегарыс» есімді омыртқасы отаудай, сауырыны сыпыра шапқан тақтайдай, жалы күлтеленген жібектей жүйрігі сөреге екінші болып жетсе, жүлделі үшінші орынға іліккен Қордайлық Арманның жамбасы ұста соққан сандалдай, сағағы піскен алма сабақтай «Сезім» есімді тұрпаты тұлпар үздік үштікті түйіндеді.
Құнан мен аламан жарысқа тігілген бағалы темір тұлпарлар өз иесіне құрметпен табыс етілді. Осындай аламан шараны ұйымдасыру оңай емес екені мәлім. Неше айдан бері жарғақ құлақтары жастыққа тимей, бар күш—жігерін сарқып салып аянбай тер төккен ауылдың атқамінер азаматтарының еңбегі елемей өту мүмкін емес. Жас та болса бас болып, ел ішін айрандай ұйытып мұрындық болған Мирас, Асхат, Бекен, Өтеген, Сакен, Дәулет, Сайфолла, Ержан, Дидар сынды ауылдың тірегі, демеуі, сүйеуі болған ардақты да жалынды жастардың есімдерін баса айтса артық болмас. «Ауылын көріп азаматын таны», деген осы болар. Аса аса жақсы деңгейде мәресіне жеткен аламан шара ел есінде көпке дейін қалары сөзсіз. Алтын бесік Кенен ауылы гүлдене берсін!
Ақын ОРДАБАЙҰЛЫ,
Жамбыл облысы, Қордай ауданы,
Кенен ауылы














SportPress.kz Қазақстан спорт жаңалықтары