Ертең Алматыдағы Halyk Arena мұз айдынында мәнерлеп сырғанаудан Денис Тен мемориалы халықаралық турнирі басталады.
Ұлттық Олимпиада комитетінің хабарлауынша, мұз айдынына еліміз атынан тоғыз спортшы шығады.
Ерлер арасындағы жекелей сында Диас Жиренбаев өнер көрсетеді.
Әйелдер арасындағы жарысқа Софья Самоделкина, Амина Алексеева, Амира Ирматова, Алика Халимова, Зере Сарбалина мен Нұрия Сүлеймен қатысады.
Мұздағы биде ел намысын Гаухар Наурызова мен Бойсангур Датиев қорғайды.
Турнир 11 қазанда аяқталады.
Халықаралық турнирге 25 елден 150-ге жуық мәнерлеп сырғанаушы қатысады.
Бұл турнир еліміздің мәнерлеп сырғанау тарихында өшпес із қалдырған 2014 жылғы Олимпия ойындарының қола жүлдегері Денис Теннің құрметіне ұйымдастырылады.
Былтыр турнирге Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоров қатысқан болатын.
Дастан КЕНЖАЛИН,
АЛМАТЫ
SportPress.kz Қазақстан спорт жаңалықтары