• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   
    Ұлттық Олимпиада комитеті

    Олимпиада мен Паралимпиаданың эмблемалары таныстырылды

    2032 жылы Аустралияның Брисбен қаласында өтетін Олимпиада және Паралимпиада ойындарының ресми эмблемалары таныстырылды. Эмблемалардан елдің табиғаты мен мәдениетіне тән ерекшеліктерді көруге болады.

    Ұлттық Олимпиада комитетінің мәліметіне қарағанда, эмблемалардың басты бейнесі — Аустралияда мекендейтін какадудың екі түрі. Олимпиаданың символы ретінде қызғылт какаду, ал Паралимпиаданың символы ретінде сары айдарлы какаду таңдалған.

    «Дизайнда басқа да нышандар көрініс тапқан. Құстардың айдарларынан Квинсленд штатының сұлбасын байқауға болады. Ал Олимпиада және Паралимпиада алауы бірлік, үміт пен шабытты білдіреді. Үш және екі қауырсынның орналасуы Аустралияның жазғы Олимпиада ойындарын тарихта үшінші рет қабылдайтынын меңзейді. Бұл ойындар 2032 жылы өтеді.

    Какаду бейнесі Аустралияның байырғы халықтары үшін де ерекше мәнге ие. Олардың мәдениетінде бұл құстар жермен және дәстүрмен тығыз байланысты. Сондай-ақ олар адамдарды белгілі бір жерлермен, тарихпен және жөн-жоралғыларымен байланыстыратын хабаршы ретінде саналады», делінген материалда.

    Екі эмблемада да арнайы әзірленген қаріппен жазылған «Brisbane 2032» деген жазу бар. Олимпиада эмблемасында бес сақина, ал Паралимпиада эмблемасында агитос белгісі бейнеленген.

    Жаңа нышандар Квинслендтің әр өңірінде біртіндеп таныстырылды. Дизайнның алты бөлігі сол аймақтың бес жерінде, атап айтқанда, Үлкен тосқауыл рифінде, Касл-Хиллде, Рокгемптон жағалауында, Уайлдхорс тауында және Каррамбин жағажайында көпшілік назарына ұсынылды.

    Кейін барлық элемент біріктіріліп, екі толыққанды эмблема жасалды. Олар алғаш рет Брисбеннің Саут-Бэнк ауданында көпшілікке көрсетілді.

    Көркемдік тұжырымдаманы «Брисбен-2032» Ұйымдастыру комитетінің жетекшілігімен жергілікті және халықаралық шығармашылық агенттіктерден құралған топ әзірледі.

    Таныстырылған эмблемалар алдағы Ойындардың безендірілуінде кеңінен қолданылатын болады. Ал Олимпиада мен Паралимпиада ойындарының тұмары немесе тұмарлары кейінірек таныстырылады.

    Брисбендегі жазғы Олимпиада ойындары 2032 жылы 23 шілде мен 8 тамыз аралығында, ал Паралимпиада ойындары 24 тамыз бен 5 қыркүйек аралығында өтеді.

    2032 жылы болатын Олимпиада және Паралимпиада ойындары қыр астында тұр. Ертең көзді ашып, жұмғанша уақыт та өте шығады. Сондықтан елімізге төрт жылда бір айналып келетін дүбірлі додаларға дайындықты қазірден бастау керек. Осы жағынан алғанда Туризм және спорт министрлігінің отандастарымызды жарысқа дайындау мақсатында реформа жасап жатқаны қуантады.

    Бүгін министрлік жұртшылықты осы реформалардан туралы тағы да хабардар етті. Онда елімізде жаттықтырушы мен спортшының жалақысы көбейетіні белгілі болды.

     

    Дастан КЕНЖАЛИН,

    АСТАНА

     

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *