Шахматтан Біріккен Араб Әмірліктерінің астанасы Абу-Даби қаласында өткен Asian Nations Chess Cup 2026 турнирінің шешуші кезеңінде Қазақстан қыздар құрамасы Үндістан командасын 2,5:1,5 есебімен жеңіп, қола жүлдеге ие болды. Ал ерлер құрамасы соңғы ойында Моңғолиядан басым түсіп, турнирді төртінші орынмен қорытындылады, деп хабарлайды SportPress.kz.
Қазақстан шахмат федерацясының мәліметіне қарағанда, арулар жарысты жеңіспен бастады. Қыздар командасы алғашқы айналымда Шри-Ланка мен Өзбекстан құрамаларын бірдей 3:1 есебімен жеңді. Үшінші кезеңде Ресейге есе жібергенімен (1,5:2,5), келесі кездесуде Жаңа Зеландияны 4:0 есебімен басым түсті. Алайда Қытай құрамасынан жеңілгеннен кейін (0,5:3,5) команда турнир кестесінде төртінші орынға ие болды.
Отандастарымыз мәреге бір кезең қалғанда Моңғолияны 3,5:0,5 есебімен жеңіп, үздік үштікке қайта оралды. Бұл матчта Ксения Балабаева, Елназ Қалиахмет пен Лия Құрманғалиева өз партияларында жеңіске жетсе, Меруерт Камалиденова тең түсті. Жалпы есепте Қазақстан құрамасы қола медаль иеленді. Күміс жүлде Қытайға, алтын медаль Ресей құрамасына бұйырды.
Ерлер құрамасы турнирді БАӘ-нің екінші командасы (4:0) мен Шри-Ланканы (3:1) жеңіп, сәтті бастады. Үшінші турда Үндістанға жол бергенімен (0,5:3,5), БАӘ-нің негізгі құрамын 3,5:0,5 есебімен жеңді. Ресеймен төрт рет тең (2:2) ойнады. Келесі кезеңде Денис Махнёвтің жеңісі мен үш тең ойын Қазақстанға Өзбекстанды 2,5:1,5 есебімен жеңуге мүмкіндік берді.
Жетінші кезеңде Қазақстан командасы Қытайға есе жібергенімен (1,5:2,5), қалған екі кездесуді жеңіспен аяқтады. Малайзиямен ойында (3,5:0,5) Денис Махнёв, Жандос Ағманов пен Даниял Сәпенов жеңіске жетті. Моңғолиямен матч та дәл осындай есеппен аяқталды. Алдияр Аңсат, Әлішер Сүлейменов пен Даниял Сәпенов қарсыластарынан басым түссе, Жандос Ағманов ұпай бөлісті.
Осылайша, ерлер құрамасы тоғыз матчтың алтауында жеңіске жетіп, біреуін тең аяқтап, екеуінде жеңіліп, 13 командалық ұпай жинады. Нәтижесінде Қытай үшінші, қосымша көрсеткіштер бойынша Үндістан екінші, ал Ресей бірінші орын алды.
Классикалық шахматтан Азия ұлттары кубогы 10 – 17 қараша аралығында БАӘ астанасы Абу-Дабиде өтті. Жарысқа 12 әйел және 20 ер құрамасы қатысты. Швейцариялық жүйе бойынша ұйымдастырылған турнирде ерлер 9 тур, әйелдер 7 тур ойнады. Уақыт бақылауы 90+30 (әр партияға 90 минут және бірінші жүрістен бастап әр жүріске 30 секунд қосылады).
Қазақстан әйелдер құрамасы:
IM Меруерт Камалиденова (2400);
WGM Ксения Балабаева (2396);
WIM Елназ Қалиахмет (2383);
WGM Лия Құрманғалиева (2344);
WIM Зарина Нұрғалиева (2292).
Қазақстан ерлер құрамасы:
GM Денис Махнёв (2581);
GM Әлішер Сүлейменов (2508);
GM Алдияр Аңсат (2502);
IM Даниял Сәпенов (2501);
GM Жандос Ағманов (2487).
SportPress.kz Қазақстан спорт жаңалықтары