Бүгінде Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің көптеген түлектері таңдаған мамандығы бойынша жетістіктерге жетіп келеді. Өйткені, біздің оқу орнымыз тек білім беріп қана қоймай, адамның жеке қасиеттерін жетілдіруге де баса мән береді.
Қазіргі таңда бұл білім ордасы құрамында 15 факультеті, колледжі, ғылыми-зерттеу институттары, әртүрлі мамандықтар бойынша докторлық диссертацияларды қорғау бойынша мамандандырылған диссертациялық кеңестері бар біліктілікті арттыру институты. Мұнда 25 000-нан астам студент, магистранттар мен докторанттар оқиды. Жоғарғы оқу орнында қосымша офицерлерді дайындайтын әскери кафедра мен әр түрлі клубтар жұмыс істейді. Онда КВН, «ҚазҰУ Хабаршысы», театр, зияткерлік және пікірталастар, би ансамблдері, мұражайлар және де жастардың құрған «Сенат», «СББП» секілді клубтар мен басқа да ұйымдар бар.
ҚазҰУ-да 14 жатақхана салынған. Олардың барлығы жайлы, қауіпсіз және студенттердің қолайлы өмір сүруі үшін жасалған.
Университет қалашығы (Қазгуград) студенттердің ерекше мақтанышы. Мұнда спорт кешені, спорт алаңдары, секциялар, «КЕРЕМЕТ» медициналық пункті мен кинотеатр бар. ҚазҰУ-да жастардың спортпен айналысуына да жағдай жасалған. Мысалы, оқу орнында еліміздегі ең үздік студенттік спорт база салынған. Бұл жерде 5 мың көрерменге арналған стадион, екі қосалқы футбол алаңы, теннис корты, жазғы ойын алаңдары, спорт залы, күрес, бокс, ритмикалық және атлетикалық гимнастика, үстел теннисі, бадминтон мен футбол ойнауға арналған екі алаңы бар.
2012 жылы Лондон қаласында өткен Олимпиада ойындарына ҚазҰУ-дың 12 студентін қатысып, еліміздің абыройы асқақтатты. Осы төрт жылда бір айналып келетін дүрмекті додада заң факультетінің студенті Светлана Подобедова ауыр атлетикадан алтын медальді жеңіп алып, төрткүл дүниеге мерейімізді асырды.
Университет жылдан жылға студенттердің саламатты өмір салтын ұстауына үлес қосып келеді. Мысалы, еліміздің жоғары оқу орындарының VI жазғы Универсиадасында спорттың 14 түрінен жеңіске жетті.
2013 жылы білім ордасының 80 жылдық мерейтойына орай өткізілген VIІ Универсиадада оқу орнының құрама командасы жарыстың тарихында ең алғаш болып абсолюттік рекорд жасады. Осы жылы біздің студенттер спорттың 15 түрінен өткен жарыстың барлығын жеңіп алды. Еліміздің 70 ЖОО арасында ҚазҰУ студенттері Универсиада бағдарламасына енгізілген 31 спорт түрінен 25 жүлделі орынды иеленді. Атап айтсақ, Никита Филиппов жеңіл атлетикадан, Эльмир Алимжанов семсерлесуден, Гүлнұр Ерболова бел күрестен қола жүлдегер болды. 2013 жылы дзюдодан екі студентіміз Ж. Елдос пен С.Елдос әлем кубогының иегері атанды.
Университеттің 2 миллионға жуық дана кітап қоры бар кітапханасы біздің оқу орнымыздың ғана емес, еліміздің мақтанышы. Мұнда жыл сайын 40 000 – 45 000 жаңа кітапмен толықтырылып отырады.
Жастардың шығармашылық таланты мен әлеуетін ашуға арналған Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайы бар. Бұл жер жастардың өнер өлкесіне айналған. Сарайда суденттердің шығармашылықпен айналысуына барлық мүмкіндіктер берілген.
С. АХМЕТҚАЛИЕВА,
менеджмент және маркетинг кафедрасының аға оқытушысы
А.АҚТАМБЕРДІ,
Экономика және Бизнес Жоғары мектебінің 4-курс студенті
АЛМАТЫ