Шағын футболдан жыл сайын Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Теміржол ауылдық округіне қарасты Қазыбек бек ауылында дүбірлі жарыс ұйымдастырылып келеді.
“Бұл жарыс өтеді” деген сыбыс естіле сала, “тойдың болғанына боладысы қызық”, – демекші Жамбыл ауданы мен Алматы қаласының теңбіл доп шеберлері дайындықтарын пысықтап, бейнебір халықаралық жарысқа дайындалатындай әбігер күйде болады. Міне, биылғы аламан ойында жылдағыдан да тартысы көңіл—күйде болып өтті.
Биылғы жарыс жыр алыбы Жамбыл бабамыздың туғанына 180 жыл толуына орай ұйымдыстырылды. Жарыстың ұйымдастырушылары Серік Ескене, Азат Мұсаев, Бағдат Құдайбергенов пен Қант Иманаев секілді ауылдың атқамінер ауыл спортына жанашыр азматтары биылғы жарыстың да жақсы өтуіне бар жағдай жасаған екен. Тоғыз жылдай жалғасын үзбей келе жатқан бұл турнир ауыл спортының дамуына зор үлесін қосып, көптеген ауыл таланттарының томағасын түрген бірегей жарыстың бірі болып келеді.
Негізі ат тоқымындай Қазыбек бек ауылының жастарының бір атаның баласындай бір қолдың саласындай ұйымшылдығы, спортқа деген құлшыныстары таң қалдырмай қоймайды. Аядай ауыл төріндегі орта мектептің жертөлесінде жасөпірімдерді боксқа үйретіп жүрген Бағдат Құдайбергеновтің айтуынша, талантты жастар ауылдан көптеп шығып жатыр екен. Тіпті, облыстық, респубикалық жарыстарда жүлде салып жүргендері бар көрінеді.
Расыменде алтын бесік ауылда ауыл балаларының арасында дарынды жастар көптеп шығып жатқаны ол дәстүрге айналған үрдіс десе болар. Өйткені, дархан көңіл, ержүрек, намысы зор ауыл балаларының көпшілігі спорттың барлық түрінде ұлттық құрамының жейдесін киіп, әлемдік, олимпиадалық жарыстарда ел намысын абыроймен қорғап жүргендерін жақсы білеміз.
Біз келіп бас сұққан мектептің жертөлесінде спортшылар қолтаңбаларын қалдырыпты. Олар бокс залының қабырғаларындағы суреттердіқылқаламмен өз қолдарымен салған екен. Міне, талантты бала барлық жағынан талантты деген осы болар. Сонымен жарыс алаңына жиналған 10 команда екі топқа бөлініп ойындарын бастап кетті.
Жарыстың салтанатты ашылуында сөз алған ауылдың ақсақалдар комитетінің төрағасы Әбден Есперов қария қол жайып ақ батасын берсе, ауыл әкімі Марат Айбазов жарысқа қатысушыларға жарақатсыз жақсы ойын өрнегін көрсетуді тіледі. Сосын жеңіс үшін желпініп тұрған жас өрендер тартысты ойындарын қызу бастап кетті.
Алматыдан біз де “Қаламгер” атты журналистер командасын алып барып дүбірлі аламанға қосқан болатынбыз. ,,А,, тобында өнер көрсеткен біздің “Қаламгер” командасы тәп-тәуір өнер көрсетіп, жартылай финалға дейін жеттік.
Жартылай финалда осы турнирдің ең үздік әрі үлгілі «Аққайнар» командасына жол берген едік. Ал үшінші орын үшін Қазыбек ауылының жас таланттарымен кездесіп, “өкінішке қарай өз үйінде қабырғада да көмекке келеді”, – демекші, ауылдастарының айғай-шу қолдауымен ауылдың оқушы жастары жігеріне жігер қосылып жеңісті жұлып алып кетті. Оған өкіну емес керісінші ауылда өсіп келе жатқан дарында жасөспірімдердің жеңіске деген жігері, намысы мен ойын жүйесіне қызыға да қуана қарап қалдық. Хош, сонымен финалда осы турнирде бас жүлдеге лайықты ұжымы “Ұзынағаш” командасы мен бір рет те ойындарында сүрінбеген “Аққайнар” командалары өзара жеңімпазды анықтауға шықты.
ескілескен жойқын ойындар алма-кезек шабуылдарға ұласып, тартысты ойынның куәсі болдық. Дегенменде ,,шын жүйрікке тұсау жоқ,, — демекші “Аққайнар” командасының асығы алшысын түсіп 3:0 есебімен жеңіске жетіп, турнирдің бас кубогы мен қомақты тігілген қаржымен марапатталды.
Жарыс соңында сонымен турнирдің үздік ойыншысы,үздік қақпашысы, үздік қорғаушысы номинациялары бойынша қаржылай сыйлақтар мен мақтау қағаздары құрметпен табыс етілді. Қуанышқа орай біздің “Қаламгер” командасының белді ойыншысы, жас та болса тартысты ойындарымен ауыл көрермендерінің ыстық ықыласына бөленген Төребек жарыстың ,,Үздік қорғаушы,, атағына ие болды. Осылайша күн ұзақ ауыл төрінде тартысты өткен аламан жарыс өз мәресіне жетіп, қатысушылар үйлеріне көңілді-күймен тарқасты.
Футбол — ол ұлы өнер. Спорттың түрлерінің ішіндегі шоқтығы биік тұрғаны да сол шығар. Ауылда осындай аламан турнир өткізу екінің бірінің қолынан келе бермесі анық. Күні бойы ауыл халқына шексіз қуаныш, үлкен мереке сыйлап қана қоймай, осындай аламанды аңсап жүрген теңбіл доп шеберлірінің келіп тер төгіп футболдан үлкен ләззәт алуының өзі бір жылға жетерлік күш-қуат, ғанибет деп білеміз. Иә, келесі жылдары да алла амандығын берсе бұл турнирдің көлемі өсіп, қатысушлырадың қатары көбейе түспек. Ендеше, ауыл талантарын ашып, ұлы додаларға шығарып жатқан ұстахана секілді бұл жарыстың өміршең болуын тілеп аттанып кеттік.
Ақын ОРДАБАЙҰЛЫ,
Алматы облысы
Жамбыл ауданы,
Теміржол ауылдық округіне қарасты Қазыбек бек ауылы






SportPress.kz Қазақстан спорт жаңалықтары