• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   
    Парламент Мәжілісінің баспасөз қызметі

    Бапкер мен балуанға құрмет деген осы

    Жақында Астанада «Семей өңірінің балуандары мен бапкерлері» атты тарихи-деректі жинақ жарыққа шықты.

    Бұл еңбектің маңыздылығы сол, онда көптеген танымды мақалалар мен деректер жарияланған.

    Жинақ екі том болып басылған. Осы екі томға 1046 материал кіргізілген.

    Кітапты құрастырумен айналысып жүрген соң, мұндай еңбекті шығару әрине, оңай болды деп айта алмаймын. Бұл дегеніңіз ең әуелі кітаптың шығуына демеуші іздеу, содан кейін барып оны уақытында баспаға тапсыру үшін жоспар құрып, жинақты тарау-тарауға бөліп, материал жинастыру, авторлар тарту, мақаланы дайындау. Міне, осындай күнді күн, түнді түн демей, көзге көрінбейтін қыруар жұмыстан кейін ғана жинақ жарыққа шығады. Осы жерде мен еңбектің бас демеушісі спорт жанашыры, еліміздің біртуар аптал азаматы, даңқты балуан, КСРО-ның және Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері, қазір Парламент Мәжілісінің депутаты болып елге қызмет етіп жүрген Дәулет Болатұлы Тұрлыхановқа алғысымды айтқым келеді. Өйткені, «бүгінгі күн — ертеңгі тарих» деген сөз бар. Кітапқа демеуші болып, оны жарық дүниеге шығару бұл — бүгінгі, кешегі күнді таспаға түсіріп, болашақ ұрпаққа еліміздің тарихын дәріптеу, насихаттау деп білемін.

    Кешегі кітаптың тұсаукесер рәсіміндегі сөзімді қайталап айтсам, мен Дәулет Болатұлымен 2001 жылдан бері таныспын. Сол кезден бері оның соңынан бір сөздің еріп жүргенін естімеппін, бір ерсі ісін көрмеппін. Керісінше, оның көп адамға қамқоршы, ел спортына жанашыр, көптеген сауапты іспен айналысып жүргенін ғана білемін. Бір сөзбен айтқанда, Дәулет Болатұлының шарапатын көрген адам көп. Соның ішінде жинақта аты аталып, өзі туралы мақала шыққан мыңнан астам бапкер мен балуан бар.

    Бұл жаттықтырушылар мен балуандардың еңбегін кітапқа кіргізіп, солар туралы материал дайындаған белгілі қаламгерлер Өмірзақ Сұлтанов пен Сырым Хасеновке де алғысым шексіз. Бұл кісілердің есімі елге кеңінен танымал. Екеуі де спорт тақырыбына қалам тартып, көптеген еңбек жазған қаламгерлер. Олар кітапқа спорт журналистерінің материалдарын дайындап, өздері де мақала жазып, көп еңбектенген. Сырым Хасенов бауырымыздың айтуынша, жинаққа дүние жинауға төрт жыл уақыт кеткен. Төрт жыл! Қаншама еңбек десеңізші.

    Кітапқа пікір жазған өзі де спорт тақырыбына арналған көптеген еңбектің авторы, спорт тарихшысы, белгілі қаламгер Қыдырбек Рысбектің айтуынша, жинаққа бұрынғы Семей өңірі, бүгінгі Абай облысының республикалық, халықаралық ареналарда кеңінен танылған балуандары мен оларды жаттықтырған бапкерлер, атақты төрешілер, күрестің дамуына елеулі үлес қосқан қайраткерлер туралы деректер мен дүниелер кіргізілді.

    —Бұл жинақ екі том болып шықты. Кітапта орта ғасырдан бері осы кезге дейін Семей өңірінен шығып, қалың елге танылған бапкерлер мен балуандардың спорттағы жетістіктері, олардың қилы тағдырынан сыр шертетін жазба деректер бар. Кітап спорт сүйер қауымға арналған алғашқы жинақталған толымды еңбек, — деді ол.

    Тағы бір айтатын нәрсе, екі томдағы материалды дайындау өз алдына, кітаптағы фотосуреттер де жақсы шыққан. Ал фотоны іздеу, оны тарихқа айналдыру дегеніміз бұл да бір көзге көрінбейтін еңбек. Бұл фотолар Дендербай Егізов, Қыдырбек Рысбек, Дәулет Тұрлыханов пен мақала авторларының архивтерінен, әлеуметтік желі парақшаларынан алынған.

    Кітапты қарап отырып, оның сапасына да мән береміз ғой. Жақсы кітап жақсы безендірілуімен де құнды. Осы ретте жинақты компьютерде беттеген Серікбол Мырзабеков пен көз майын тамызып, қателерді түзеген корректор Дамежан Елемесованың және кітаптың демеушісі DAEWOO KAZAKHSTAN (ДЭУ БУС КАЗАХСТАН) жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Әсемхан Досқожановтың атын атап, сауапты іске араласқаны үшін ризашылығымды білдіремін.

    Қазақ спорты жасай берсін!

     

    Дастан КЕНЖАЛИН,

    АСТАНА

     

     

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *