“Адам денесінің жетілуі — оның денсаулығы; егер денің сау болса, онда оны сақтамақ керек, ал егер сау болса, онда денді сауықтыру керек”, -деп денсаулықтың қадірі туралы ұлы шығыстың ойшылы Әл-Фараби асқан білгірлікпен айтқан екен. Спорт оптимистік өмірмен, сергектік мәдениетін қалыптастыратын болса, осы бір қамшының сабындай қысқа уақытта, дене қимылын арттырып, қозғалысты күшейткенде ғана өмірге деген сүйспеншілік арта түседі деп ойлаймыз.
Әрине, үлкен спортта жүрмегендіктен анда-санда осындай сайыстарға қызу кірісіп кеткен жандарға ауыр тиері де сөзсіз. Тіпті, жарақат алып қалуы да мүмкін. Мысалы, жастар атқа шауып, түрлі спорттармен белсене айналысса қалыпты жағдай деп қабылдаймыз. Ал, 40-50 ден асқан жастардағы азаматтарға таңырқай қарайтынымыз дұрыс емес деп ойлаймын.
Негізі, мына көршілес Қытай елінде қарттар көшеде тұрып алып, түрлі жаттығуларды жасап жатады. Оған назар салып жатқан бір жан жоқ. Біздің елде қоғамдық орындар мен спорт алаңдарында жаттығып не болмасы жүгіріп жүрген ақсамайлы егде адамдарға тесіле қарап, түрлі сөздерді айтып кетіп бара жатқан адамдарды көресің. Адам үшін қозғалыс өмірдің тірегі екенін ұмыптағанымыз ләзім.
Атақты классик жазушы Ғабит Мүсірепов “Дұрыс жолға қойылған денешынықтыру ойындары оқу-білім алуға бөгет емес, қайта бойды сергітіп, ойына жәрдем ететін нәрсе”, — деген екен. Сондықтанда спорттың жалпы адамның денсаулығының шыңдала түсуіне берер пайдасы шексіз. Ал бұл тұрғыда футболдың берері мол. Футбол жас талғамайтын спорт түрі. Жетпістен асқан ата буыннның да алаңдарда доп теуіп жүргені жасұпраққа үлкен өнеге. “Өйткені, спорт-денсаулықтың кепілі”.
Өткен бейсенбіде Алматы облысы Іле ауданы Өтеген кентінде ардагерлер арасында аламан футбол жарысы болып өтті.
Бұл жарыс жыл сайын ұйымдастырылып келгендіктен дәстүрлі турнирдің біріне айналған. Жарысқа қылшылдаған қырық жастан жоғары жепіске дейін футбол ардагерлері келіп бақтарын сынап, футболдан үлкен әсер алып қайтатын. Сондықтанда бұл бәсекені ардагерлер асыға күтетіні бар. Қазақ «тер шыққан кісіден дерт шығады»-деген. Жас келген соң аяқ-сүйектер ауыр тартып, ауыру жағалай түсері белгілі. Сондықтанда кәрілікке, дәрі-дәрмекке байланып қалмау үшін спорттың берері зор екенін дәрігерлерде айтатыны анық. Ал футбол ойнап денені қыздырып, тер төгу арқылы денсаулық ширай түседі. Міне сондықтанда Өтеген кентінде өткен жарысқа келіп қатысқан ардгерлердің бәрі дерлік спортты өмірлеріне ұран етіп ұстаған.
Ардагерлер арысында өткен дүбірлі жарыс осы өңірді ауыл спортының дамуына үлес қосқан спорт жанашыры марқұм Ахмед Давыдовты еске алуға арналған. Көп жылдан бері осы жарысты ұйымдастырып, мұрындық болып келген елге белгілі спорт қаламгері, спорт саласында жарық көрген көптеген кітаптың авторы, футбол ардагері Әлім Аанапиянов ағамыз. Жыл сайын футбол ардагерлерінің басын қосып, ерекше бір мейрам тарту етіп жүрген ардагер қаламгердің бұл ісі сауапты іс әрі көпке үлгі деп білеміз.
Сонымен тізімге келіп тіркелген ардагер командалар екі топқа бөлініп ойындарын бастап кетті. “Сырлы аяқтың сыры кетсе де сыны кетпейді”, — демекші, қабырғалас жатқан қос алаңда өткен ойындарда шүмектеп тер төгіп, жеңіс үшін бар шеберліктерін көрсетіп көрермендерін тәнті еткен ардагерлердің арасынан озып шыққандары жарыс ұйымдастырушысы Әлім ағамыздың әзірлеген кубоктары мен бағалы сыйлықтарына ие болды. Сонымен қатар жарыс соңында турнирдің үздік қақпашы, үздік ойыншысы, үздік шабуылшысы, үздік қорғаушысы деген номинациялар бойынша саңылақ ойыншылар құрметпен марапатталды. Жарыстан алған тамаша әсерлерін бөлісіп алаңда жүрген ардагерлер қауымы көпке дейін кете алмай бірін-бірі қимай тарқасты. Ия бұл жарыстың дүбір кетсе де күбірі есте ұзақ қаларында дау жоқ. «Дені саудың жаны сау», — деген ел болғандықтан ардагерлердің өмірлеріне серкектік пен серпін берітін осындай жарыстарды жиі өткізсе нұр үстіне нұр болмақ. Жұмыры бардың ғұмыры бар екенін есте сақтайық.
Ақын ОРДАБАЙҰЛЫ,
АЛМАТЫ




SportPress.kz Қазақстан спорт жаңалықтары