• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Балғын боксшылар Шелекте шиыршық атты

    Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Шелек ауылында бокстан жасөспірімдер арасында республикалық ашық турнир өтіп жатыр. Төрт күнге ұласқан дүбірлі доданың финалдық сайыстары бүгін болады.

    Кикбокстан Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы, Еуропаның екі дүркін жеңімпазы, Азия чемпионы, әлем кубогының иегері даңқты спортшы Елмұрат Қайыпжановтың жүлдесіне арналған ашық турнирге Түркістан облысынан, Алматы, Шымкент қалаларынан, Алматы облысының аудандарынан келген боксшылар қатысып, сайыс көрігін қыздыруда.

    Турнирді тамашалап, жеткіншек боксшыларға сәт-сапар тілеп, тілеулестігін білдіруге қазақ балуандары арасынан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы, әлем чемпионы, Қазақстанның Еңбек Ері Жақсылық Үшкемпіров, бокстан еліміздің ұлттық құрамасын жаттықтырып, Сидней Олимпиадасында 2 алтын, 2 күміс медальмен оралған әйгілі бапкер Тұрсынғали Еділов,  жастар арасында әлем чемпионы атанған, Бейжің Олимпиадасының күміс жүлдегері, Алматы облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбақыт Теңізбаев, Бейжің Олимпиадасының қола жүлдегері, Қытайдың 10 дүркін чемпионы, кәсіпқой бокста 25 жекпе-жек өткізіп, барлығында жеңіске жеткен Қанат Ислам,   ушу-саньдо, тай бокстан  әлем чемпионы Диас Жамашев  сынды саңлақтар келді.

    Алматы облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы, Нұрбақыт Теңізбаев, басқарманың атынан құттықтау хатын оқып, Елмұрат Қайыпжановқа тапсырды. Осымен екінші рет ұйымдастырып, ауыл тұрғындарына әсерлі кездесу, балғын боксшыларға тамаша турнирді тарту еткен Елмұрат Мұқашұлы құрметті қонақтарға ел атынан алғыс айтып, иықтарына оқалы шапан жауып сый-сияпатын көрсетті.

    Ашық чемпионаттың құрметті қонағы болған Жақсылық Үшкемпіров балғын боксшыларға ақ жол тілеп, бәтуалы сөзін айтып, ақ батасын берді.

    –Мен де өздеріңдей ауылда туып, ауылдың топырағына аунап өскен қазақтың қарапайым баласы болдым. Күрес өнерін де ауылда жүріп үйреніп, белдесулерге қатысып шыңдалдым. Қандай абырой, атақ, дәреже-деңгей болмасын бәрі де тек ақ адал еңбекпен келетінін өмір мектебі үйретті. Аянбай төккен тердің өтеуіне маған 1980 жылы Мәскеу Олимпиадасының чемпионы деген атақ, 1981 жылы Норвегияда өткен әлем чемпионатының да алтын медалі бұйырды. Бірақ осы жетістіктерге қалай жеттім? Қазір көсіліп, шешіліп сөйлеп айтқаныма оңай болғанымен, сол кездегі қиындық, кедергінің қаншалықты ауыр соққанын өзімнен өзге ешкім жете білмейді. Біздің күрескен шағымызда еліміз Кеңес Одағы дейтін алып империяға қарайтын. КСРО-ның бірнеше дүркін чемпионы атансам да әлем біріншілігі, Олимпиада ойындарына мені жіберген жоқ. Сол кездегі саясаттың құрбаны болып, шідерден шыға алмадық. Олимпиада ойындарына тек жасым отызға толғанда, күресті доғаратын шақ жақын қалғанда ғана қатысып, чемпион атандым. Аллаға сансыз шүкіршілік дейміз, бүгінде тәуелсіз елміз, әлем таныған дамушы елдердің көшінде келеміз. Біздің кезіміздегідей жоқшылық, қиыншылықтың қазір ешқайсы жоқ. Тек ерінбей еңбектенсеңдер болды. Бәрі бірден бола кетпейді. Осындай турнирлердің болғаны, үнемі ұйымдастырылғаны ауылдағы балғын спортшылардың талабын ұштап, үлкен серпін беріп, жеңіске деген жігерін жани түседі. Елмұраттың елге осындай жарыс өткізіп, жерлестеріне тамаша жекпе-жек сайысын көрсеткені үшін алғысымды айтамын, – деді Жақсылық Үшкемпіров.

    –Бәрімізде өздеріңдей бала күнімізден бокспен шұғылданып, жарыстарға қатысып шыңдалып, ел намысын қорғайтын дәрежеге жеттік. Мен де сендердің отты көздеріңе қарап, рухты жігерлеріңді танып, болашақта араларыңнан әлем чемпионы, Олимпиада чемпиондары шығады деп сенемін. Алдыңғы арба қайда жүрсе, соңғы арба сонда барады дейді қазақ. Біз алдыңғы буын ағаларымызды арқа тұтып жүреміз. Елмұрат Қайыпжанов – қазақ спортына орасан үлес қосып келе жатқан азамат.  Ардақты ағамыз тоқсаныншы жылдары кикбоксингтің енді-енді қанатын жайып, өріс алып келе жатқан тұсында осы спорт түрінен әлем кубогын иеленді, Еуропа, Азия құрлығында өз салмағының серкесі атанып, чемпиондық белбеуді  елімізге тарту етті. Елмұрат ағаның елдік мұрат-мүдде жолында тартынбайтын қайсарлығы, спортшы бауырларына деген қамқорлығы алабөтен. Қашанда еліміздің спортын өркендетуге үлесін қоса берсін деп тілеулестігімді білдіремін, – деді Қанат Ислам.

    «Ашық біріншілікке 182 боксшы қатысып, 17 салмақ дәрежесі бойынша медальдар жиынтығын бөліседі. 2005-2006 жылы туған жеткіншектер төрт күн бойы Шелек төрінде керілген рингте шеберліктерін көрсетіп жатыр. Қыздар мен ұлдар арасында өткізілген сайыстың мақсаты – ауыл жастарының спортпен шұғылдануына серпін беру, жеткіншектердің деңгейін өсіру, осы турнирде топ жарып, ірі додаларға түрен салар, әлем, Олимпиада чемпионы болар боксшылар шығуына баспалдақ болса деген мақсатта өткіздік», дейді  ұйымдастырушылар. Турнирдің супервайзері, ұлттық дәрежедегі төреші Ержан Нұрқалықов жарыстың дәстүрлі додаға айналатынына сенім білдірді.

     

    Н.РАХМЕТ,

     

    Алматы облысы,

    Еңбекшіқазақ ауданы,

    Шелек ауылы

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *