• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Дария су аққан сайын тазарады

    Желтоқсан батырлары ешқашан ұмытылмайды

    Алматыдағы  Орталық саябақтағы Мұхтар Әуезов атындағы стадионның жанында орналасқан күрес залында тамаша бір игілікті де сауапты спорттық шара өтті.

    Қазақ күресінен студенттер арасында өткен бұл дүбірлі қалалық жарыс Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Желтоқсан көтерілісінің 35 жылдығына және Желтоқсан көтерілісінің қаhарманы Ербол Сыпатаевты еске алуға арналды.

    Оған қаладағы 10-ға тарта Желтоқсан ұйымының басшылары құрметті қонақ ретінде шақырылды. Олардың арасында «ПҚ Желтоқсан Ақиқаты» республикалық қоғамдық бірлестігі, «Қайсар жүрек»,  «Желтоқсан жұлдыздары», «Желтоқсан жалауы», «Желтоқсан» республикалық халықтық-отаншылдық қозғалысы болды. Бұл ұйымдар Желтоқсан көтерілісіне қатысты ізгі шараларға барынша атсалып жүрген белсенді қоғамдық бірлестіктер болып саналады.

    Желтоқсан батырлары жас балуандардың тартысты белдесулерін көз жазбай, содан алған үлкен әсерлерін айтып жеткізе алмай жақсы көңілді-күйде отырды. Бозкілемге шыққан балуандар 5 салмақ дәрежесі бойынша жеңіс үшін жан алысып, жан беріскен кездесулерін өткізді.Төрешілер де сүзгіден өткен сайдың тасындай қазақ күресінің мамандары болатын. Арасында Әлем чемпионатының күміс жүлдегері Еркін Сайдақов бастаған қазылар тобының әділ шешімдеріне ешбір жан дау келтірмеді.

    Жарыстың салтанатты ашылуында сөз алған ПҚ «Желтоқсан ақиқаты» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Болат Құрымбаев, Желтоқсан көтерілісінің батыры, ПҚ «Желтоқсан ақиқаты» РҚБ белді мүшесі Шолпан Нұрғалиева, Желтоқсан ардагері, кезінде еркін күрестен ел біріншілігінің жеңімпазы болған ардагер балуан Дархан Жакешев және марқұм Ербол Сыпатаевтың туған бауыры Ержан Сыпатаевтар айтулы турнирдің ерекшеліктеріне тоқталып, жас балуандарға жеңіс тіледі. Иә, осындай аламан жекпе-жектердің өте жоғары деңгейде өтуіне ұйытқы болған Алматы қаласы әкімдігі қоғамдық даму басқарамасы, Халықаралық  «Жанашыр» қоғамдық қорының президенті Жаңыл Амантайқызы Әпетова, ПҚ «Желтоқсан Ақиқаты» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Болат Құрымбаев пен Абай атындағы Қазақ ҰПУ-не зор алғысымызды айтқымыз келеді. Иә, дәл осындай ел ішінде мына бір аты жаман індеттің бой алып тұрған қилы кезеңде, кішігірім жарыс ұйымдастырудың өзі оңай емес екені белгілі. Сондықтан да ұйымдастырушылардың төл күресіміз арқылы Желтоқсанның рухын асқақтата түсу ойлары іске толықтай асты десе болады. Олардың батыл қадамдары мақтауға лайықты.

    Хош, сонымен таң азаннан басталған сындар түс ауа шегіне жетіп, жеңімпаздар мен жүлдегерлердің есімдері де белгілі болды. 55 кг салмақта Қаз СТА студенті Мирас Шәкіров алдына жан салмай жеңіске жетсе, 60 кг күрескен Алматы энергоколеджінің студенті Илзат Асиев тамаша белдесулер өткізіп, бас жүлдені жеңіп алды. Ал, 66, 74 және 90 кг-нан аса салмақ дәрежелері бойынша Абай атындағы Қазақ ҰПУ студенттері Нұрсұлтан Нұрсейтов, Еркін Жігерұлы, Жорабек Ерсұлтандар чемпион атанды. Сонымен қатар, турнирдің үздік, шебер, әккі балуаны және үздік төреші деген аталымдар бойынша дара шыққан балуандарға марапаттар табыс етілді. Бұл атақтарды Жорабек Ерсұлтан, Нұсұлтан Нұрсейітұлы, Жігер Еркінұлы және Мәулен Рысдәулеттер иеленді.

    Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлері кубок, мақтау қағаздары және бағалы сыйлықтарымен марапатталды. Балуандарды Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Айдар Рахымжанұлы Еснбеков, ПҚ «Желтоқсан ақиқаты» РҚБ төрағасы Болат Құрымбаев, «Қайсар жүрек» Желтоқсан ұйымының төрайымы Шара Бөлегенқызы Ергебаева және де бірқатар Желтоқсан қанды көтерілісінің қаhармандары жасұландарға ақ жарма ақ баталар айтып, естелікке суретке түсті.

    Осылайша, тартымды да тартысты өткен аламан жарыс мәресіне жетіп, қатысушылар мен қонақтар қимай қоштасып тарқады. Желтоқсан батырларын есте сақтап, олар туралы үгіт-насихат жұмысын  бір сәт тоқтатуға болмайды. Өйткені, бұл ардақты азаматтар Тәуелсіздігімізді қан төгіп жеңіп алып берген алтын ұрпақтың тамыры болып таралады.

    Биыл міне,  Желтоқсан көтерілісіне 35 жыл толып отыр. Қарап отырсақ, қаншама жылдар арада  зырлап өте шыққан. Бүгінде бастарын ақ басып, шау тартқан Желтоқсан батырлары өздеріне деген құрмет, қошамет жоғалмаса екен деп тілейді. Сол бір аязы бет қарыған түнде, алаңда жан беріп, жан алысқан қазақтың батыр ұл-қыздарының ерліктері тарих сахнасында мәңгілік орын алары сөзсіз. Ендеше, осындай игілікті, ізгілікті шаралардың жас ұрпаққа берер үлгі-өнегесі, тәрбиесі зор деп есептеймін.

     

    Ақын ОРДАБАЙҰЛЫ,

    АЛМАТЫ

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *