• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Көзден кетсе де, көңілден кетпейді (ФОТО)

    Біздер қасымызда  жүрген қадірлі, құрметті жандарды тек арамыздан кеткенде ғана біліп жатамыз. Әрине, адамның  артықшылығын көзі тірісінде бағаланып, халық алдында лайықты бағасын алып жатса одан артық не бар шіркін. Қазақтың көптеген жақсы, жайсаңдары ортамызда жүргенде барынша еленбей, бақилық сапарға аттанып кетіп жатқандарында ғана «Ой, қандай адам еді», деп, жерге сыйғызбай мақтауын келістіреміз.

    Менің айтпағым, адамды көзі тірісінде жақсы сөздермен жан шуағына бөлей білсек кейін өкінбес едік. Иә, кеше ғана ортамыздан мәңгілік мекеніне сапар шеккен ардақты азамат, ел білетін комментатор, белгілі спорт журналисі Амангелді Сейітқанов аз ғұмырында артына қалдырған мол мұрасы туралы сөз айтқым келіп отыр. Иә, Амангелді көз тірісінде де өз бағасын ала білген жанның бірі. Десек те кейінгі жылдары әлі де талай тартымды репортаждарымен халықты тарта білетін шағында, ел назарынан елеусіз күй кешенін көрдім. Сондықтанда адамды барында бағалай білген орынды дегенді айтпағым келіп отыр.

    Амангелді екеуміз сонау 1992-1993 жылдардан бері жақсы таныс болған едік. Екеуміз де сол жылдары «Қазақстан» телеарнасындағы аты барша қазаққа мәлім комментатор Рабат Жәнбек ағамыз басшылық ететін Спорт және әскери патриоттық редакцияда бірге қызметтес болдық. Амангелді сол кездері спорт туралы «Құмсағат» деген телехабар ашып, халықққа спорт саласындағы жаңылықтарды таныстырып жүргізе бастаған. Ал, мен  кейінірек, «Ауыл спорты» телехабарын жүргізіп, ауыл-аймақты аралап, ел спортыдағы ауыл таланттарын таныту бағытында бағдарламалар жасайтынмын. Екеуімізді де бірі-бірімізге жақындастырып, араластырған ол әрине, спорт еді. Амангелдінің адамгершілігі, оның спорт журналистикасындағы қамшы салдырмай жүргізетін репортаждары туралы айта берсең  шеті жоқ шығар. Мен тек оның бір ғана басты ерекшелігіне тоқтай кеткім келеді. Ол футболды жанындай жақсы көретін адамның бірі еді. Әсіресе, комментаторлық кабинасында отырып футбол ойындарын жүргізгенде қалтасынан біреу сөз суырып беріп отыратындай тамаша иірімдермен, түрлі теңеулермен тыңдаушысының құлағын елітіп алып кететіндігі. Сонымен қатар, журналистер арасында өтетін түрлі футбол жарыстарынан бір қалып көрген емес. Теңбіл допты да ырқына игеріп алып, талай бір тамаша голдарыды да соғатын. Командасы көңілінен шықпай ұтылып жатса, намыстанып, түтігіп кететін мінезі да бар еді. Иә, ондай арқалы азаматта мінез болмаса тұлға болып қалыптасуы мүмкін емес қой. Екеуміз жасыл алаңда командаларымыз кездесіп қалса, маған таяп келіп «Ақа, ана баланы мен танымайды екенмін, ол қай бала?», — деп, бөтен ойыншы қосқансың ба деген сөздің астарын әдемілеп жеткізетін. Мен де « Әбеке, сөзің орынды менде сенің анау тұрған ойыншыңды танымайды екенмін», — деп өз ойымды айтып қалатынмын. Сонда күліп жіберіп «Қойшы, жақсылып бір ойын көрсетейік кеттік», дейтін-ді.

    Иә, Әбекеңдей асыл азаматтан айырылып қалғанымызға міне, арада жыл өтті. Қимаймыз, сағынамыз. Бірақ, Алланың ісіне еш шара жоқ шығар. Жақсы адамды  Алладан дұға тілеп бағыштағаннан өзге дүбірлі игі шарлар арқылы да еске алып отырғаннан артық не абзал бар дейміз. Міне, кеше ғана Алаштың Амангелдісіне арналып, шағын футболдан республикалық додалы жарыс болып өтті.

    Бұл турнир Алматы қаласындағы Қазақтың Спорт және туризм академиясының «Хан тәңірі» стадионында ұйымдастырылған еді. Жарысқа еліміздің әр өңірінен 16 команда келіп қатысты.

    Доданың салтанатты ашылуына марқұмның туған туыстарынан өзге елге белгілі азаматтар келді. Олардың арасында Амангелдінің ұстазы Рабат Жәнібек, Парламент Мәжілісінің  депутаты Жанарбек Әшімжан, «Хабар» телерадио компаниясы басқармасының төрағасы Берік Уәли, «Атамұра» корпорациясының президенті және көптеген елге танымал тұлғалар Аман туралы естеліктерін айтып, жарысқа табыс тіледі. Сондай-ақ, «Жеңісті күндерде жүздескенше» атты Амангелді Сейітқановтың кітабы салтанатты түрде  тұсаукесері кесілді.

    Бұл жарысты ұйымдастыруға ұйытқы болған белгілі спорт журналисі Амангелдінің бел шәкірті Жандос Айтпайұлы еді. Жандостың осыншама командаларды ел өңірінен жиналуына тынбай еңбек еткеніне көзіміз жетіп, айтар алғысызды жеткізіп жаттық. Осындай аламан  дүбірлі жарысты өткізудің өзі ағаға, ұстазға деген зор құрметтің белгісі екеніні даусыз.

    Хош, сонымен таңазанан басталған кескілескен кездесулер кеш бата барып бір-ақ мәресені тақады. Еліміздің әр жағынан жиналған 16 команданың арасынан бәйге атындай жарау келген кіллі мықтылар сарапталып алынып, финалдық ойындарды тамашалайтын сәт туды. Финалдық сында Талдықорғаннан ат терлетіп жеткен  белгілі спорт журналисі Ришад Тұрғынбаев  жасақтаған «Қарекет» командасы мен құрамында  Срайыл, Шоқан сынды теңбіл доптың тәжірбиелі тарландары ұйысқан «КТК» командалары кездесті.

    Иәғ екеуі де  нағыз жеңімпазға лайықты командалар еді. Дегенменде бас кубок біреу, ендеше жеңімпаз да жалғыз команда болу керек. Әсіресе, «Қарекет» командасының құрамында тамаша финттермен үлкен әсер қалдырған, Месси деген лақап аты бар Айдар атты ойыншыға көрермендер сүйсіне қол соғып отырды. «Қарекетттің» жасаған әрекеті берекетін беріп, бұл ойын 2:0 есебімен «Қарекет» командасының жеңісімен аяқталды. Ал, үшінші орын үшін таласта «Хабар» телеарнасын 1:0 есебімен жеңген «Экспресс К»  командасы  Амангелді Сейітқантовтың атындағы республикалық жарыстың қола жүлделеріне ие болды.

    Осылай жарыс соңына жетіп, жеңімпаздар мен жүлдегерлер ұйымдастырушылдар әзірлеген бағалы сыйлықтармен марапатталды. Сонымен қатар, жекелей номинациялар бойынша да үздіктерге құрмет көрсетілді. Мен де досымның атындағы бәйгелі жарыстан жүлдесіз үйге қайтпадым. Сыр өңірінің спортын көтеріп жүрген Садық Мұстафаев арнайы атап жіберген айтулы жарыстың «Үздік ардагер ойыншы» атағы маған Алла нәсіп етіп бұйырған екен.  Негізі бұл жарысқа  біздің «Спорт журналистері» командасы да белсене қатысқан еді. Әзиз Тастаев, Ермек Төрениязов, Ермұхамед Мәулен, Әзиз Жұмәділ, Асқар Хамиден, Самат Төреқұл, Ербол Қайыров сынды елге танымал  таза спорт саласында жүрген спорт комментаторлары мен тілшілері топтасқан бірлігі баудай жарасқан  ұжым өте жақсы ойын көрсете білді. Иә, дегенменде еңсемізді түсірмей алдағы жарыстарға тыңғылықты дайындалып барып есемізді әлі қайтарамыз деген үмітті арқау етіп тарқадық.

    Жақсы адамның артынан өшпес із қалса, ол адамның өлмегені. Ендеше, артына өлместей із қалдыра білген Амангелді Сейітқановтың атындағы аламан жарыс алдағы жылы да жалғасын табуы бек мүмкін. Сол күндерде басымыз аман бауырымз бүтін жолығысуға алла нәсіп етсін.

     

    Ақын ОРДАБАЙҰЛЫ

    АЛМАТЫ

     

     

     

    Бір пікір

    1. Полина

      Огромное спасибо за информацию. Вообще есть классная биржа KWORK. Я на ней и заказываю когда что-то нужно и сам работаю. Тут можно почитать https://work-on-kwork.ru/

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *