Біздің елдегі спорт тарихының беттерін парақтай отырып, көптеген ұмытылып бара жатқан есімдерді кездестіріп жатамыз. Кеңес Одағы кезінде Қазақстан спортын әлемге танытқан жарық жұлдыздардың кейбірі мәңгілік мекенге сапар шексе, кейбірі жастарға батасын беріп ортамызда жүр.
Иә, ол өмірдің бір заңдылығы да болар. Мүмкін, өткен уақыт өз тарихын қойынына басып ала кете ме кім білсін, дегенмен де ел спортына ізін қалдырған жандармен кездейсоқ кездесіп қалғанда қолға қалам алып, өмір жолынан сыр шертіп, халыққа қайта қауыштырғым келіп тұрады. Өйткені, жастарға сол тұлғалар арқылы тәрбие берудің маңызы зор деп білемін. Айталық, аты әйгілі марафоншы, әлем марафонының чемпионы, Қазақстан Республикасының құрметті спорт қайраткері, КСРО спорт шебері Алпыс Арықбайұлы Ермағанбетов ағамыздың спорттағы жарқын жолы естеріңізде болар. Ал, сол аты әйгілі желаяқ марафоншы туралы білмеген жан болса, қайта таныстырып өтсе артық болмас. Өйткені, тумысынан өзгеге ұқсамайтын ерекше жанның спорттағы жеткен жетістігі айтарлықтай.
Жуырда Есік қаласында орналасқан Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің стадионында аты танымал ағамыз Алпыс Ермағанбетовтың жүлдесіне арналып жеңіл атлетикадан 1946 метр қашықтыққа «Денсаулық шақырымы» атты үлкен жарыс өтті.
Жарысты Есік қаласының әкімдігі мен Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі үндесіп өткізіп, спорт құмар халыққа бір тамаша көңіл-күй сыйлады. Жарыс жолына шыққан жасөспірім желаяқтарға Алпыс Арықбайұлы ақсақалдың өзі алдарына тұрып қолын жайып, ақ батасын берді. Осындай жарысты ұйымдастырудағы негізгі мақсат — марафон жарыстарына жастарды қызықтырып, тарту әрі денсаулықты жақсарту.
Негізі, Алпыс атамыз 70 асқан жасында әлі де тың, сергек. Аяқ-қолға тұрмай ары-бері жүгіре жортып жүргенін көріп риза болдық. Ардагер спортшы 1984 жылы Қарағанды мен Алматы арасында өткен 42 км, 195м марафонда топ жарып, мәреге бірінші болып келсе, 1997 жылы Түркияның Стамбул қаласында халықаралық Евразия марафонында чемпион атанады. 2007 ж ылы Мәскеудің 860 жылдығына орай ұйымдастырылған бүкіл дүниежүзілік марафон жарысында алдына жан салмай жеке дара келеді. Алпыс ағаның алған жүлделерін сараптап айтудың өзі біраз уақытты аларында сөз жоқ.
Жеңіс медальдары бір түйеге жүк артқандай шығар сірә. Бұл кісі әлі күнге дейін таңмен таласып тұра салып, жүгіріп кетеді екен. Жалқаулық, еріншектік Алпыс ағамыз үшін жат қылық. Сондықтан болар ұтпаған жарысы, алмаған медалі қалмаған. Сол марапат, абырой, құрметтің бәрі дерлік ерінбей еткен еңбектің арқасында келгенін көреміз.
Бүгінде жасы 70 асып кеткен Алпыс ағамыз Балалар мен жасөпірімдер спорт мектебінде жас шәкірттерге ұзақ жылдар бойы жинаған тәржірбиесімен бөлісіп, білгенін үйретіп жүр екен. Ағамыз бар ғұмырын спортқа соның ішінде жүгіруге арнаған адам. «Жүгіру — өмірімің негізгі тірегі», -деп алған ардагер марафоншыны қазір жарыс жолына шығарсаңыз жер тарпып топтан қара үзіп жүлде алуға дайын тұрған тұлпардай ширақ, қимылы шапшаң. Өмірге құлшынысы жоғары, айналасына үлкен үлгі осындай аға буын ардақты жандар жанымызды жүргенде біз өзімізді бақытты санаймыз. Өйткені, бұл кісілер шеберлік мектебінің шыңына шыққан алып жандар. Сондықтан жас марафоншыларға қазыналы аталарынан үйреніп алып қалар дүние жетерлік деп білемін.
Ақын ОРДАБАЙҰЛЫ,
АЛМАТЫ