Германияның Инцелль қаласында конькимен жүгіруден өткен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы алты алтын, бір күміс медаль жеңіп алып, жалпы жеті жүлдемен жарысты қорытындылады, деп хабарлады Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.
Әлем чемпионатының соңғы жарыс күнінде алтыншы алтын медальді қоржынға Вадим Чебардаков салды. Ол масс-старт бәсекесінде қарсыластарына дес бермей, 5:29.87 нәтижемен мәре сызығын бірінші болып кесті. Отандасымыз жарыста 34 спринтерлік ұпай жинап, чемпион атанды.
Команда көшбасшыларының бірі Кристина Шумекова үш бірдей қашықтықта яғни 500, 1000 және 1500 метрде алтын жүлде иеленді. Сондай-ақ ол кіші көпсайыс қорытындысы бойынша да үздік деп танылды. Бұған қоса, 3000 метрде күміс медаль жеңіп алып, жеке көрсеткішін толықтырды.
Әйелдер құрамасы командалық спринтте де биіктен көрінді. Бұл сайыста ел намысын Кристина Шумекова, Анастасия Беловодова және Варвара Глухова қорғап, қарсыластарын артта қалдырды.
Осылайша, отандастарымыз әлемдік аренада өз әлеуетін тағы бір мәрте дәлелдеп, ел мерейін үстем етті.
SportPress.kz Қазақстан спорт жаңалықтары