Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Журналистика факультетінде «Егемен Қазақстан» газетінің кәтепті қара нары болып, газет шығару ісінің ыстығына күйіп, суығына тоңған, баспасөздегі орны ерек тұлға, Президент сыйлығының тұңғыш лауреаты Ержұман Смайыл атындағы дәрісхана ашылды.
Заманауи аудиторияның ашылуына арнайы жолдаған Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлiнің хатын министрлік өкілі Нұрбек Әмиша оқып берді.
Еңбек жолында «Лениншіл жас» газетінде Сейдахмет Бердіқұловтің тәлім-тәрбиесін көріп, қырық жылға жуық қарашаңырағы болған «Егемен Қазақстан» басылымында Сапар Байжанов, Балғабек Қыдырбекұлы, Әбіш Кекілбаев секілді әр кезеңдегі газет басшыларының сенімді серігі болған Ержұман Смайыл туралы Нұрлан Оразалин, Уәлихан Қалижан жылы естеліктерін айтса, қазіргі жаңадан құрылған «Қазақ газеттері» ЖШС бас директоры Дихан Қамзабекұлының құттықтау хатын Астанадан арнайы келген әріптесі Самат Мұса жеткізді. Одан кейін шәкірттерінің бірі, Мәдениет министрлігінің Ақпарат және мұрағат комитетінің төрағасы Қуат Бораш лебізін білдірді.
Өмірлік жары Жақан Сүлейменқызы Ерағаның теңізде әскери борышын өтегенін, денсаулығы қуатты болса да редакцияның алапат ауыр жұмысына ынты-шынтысымен бар күш-жігерін арнағанын айтты.
Университет ректоры Жансейіт Түймебаев қаламгердің жастық шағында сүңгуір қайықтың тар отсегінен басталған өмірі редакцияның қағазға көмілген кеңсесінде өтсе де, еңбегі мен мұрасы кең айдынға шығатын уақыты енді келгенін әдемі атап өтіп, алдағы уақытта ұлттық университеттің «Өнегелі өмір» сериясымен жинағы шығатынын жеткізді.
Аудиторияның ашылуына Мамадияр Жақып, Дәулет Сейсенұлы, Жанболат Аупбаев, Гүлзейнеп Сәдірқызы, Сүлеймен Мәмет, Корғанбек Аманжол, Серік Пірназар, Жүсіпбек Қорғасбек, Қали Сарсенбай, Мейрамбек Төлепберген, Шархан Қазығұл, Айқын Несіпбай мен басқа да баспасөздегі аға буын өкілдері, Рахман Алшанов бастаған ғалымдар мен зиялы қауым қатысты.
Игі істі шырғасын шығармай ұйымдастырған журналистика факультетінің деканы Нұржан Қуантайұлына, Ержан Ержұманұлы мен Айжан Ержұманқызына айрықша алғыс айтамыз.
Думан АНАШ,
«Қазақ газеттері» ЖШС бас директорының орынбасары
АЛМАТЫ