• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Рыбакина Майами мастерс турнирінің төртінші айналымына шықты

    Қазақстанның бірінші, әлемнің 7-ракеткасы Елена Рыбакина АҚШ-та өтіп жатқан Майами WTA 1000 турнирінің төртінші айналымына шықты.

    Рыбакина үшінші айналымда әлемнің бұрынғы екінші ракеткасы, қазір дүниежүзілік рейтингте 29-орында тұрған испаниялық Паула Бадосамен кездесті.

    Ол Бадосаны өзі жеңімпаз атанған Индиан-Уэллс мастерс жарысында 6:3, 7:5 есебімен ұтқан болатын. Ал бұл жолы бірінші партияда қарсыластар бастапқыда қос-қостан брейк алмасқан еді. Есеп 3:3 болған кезде Бадоса тағы бір брейк жасап, алға шықты. Сосын сетті тағы бір брейкпен бітірді. Есеп – 6:3.

    Екінші сетте Паула Бадоса брейкпен алға шықты. Есеп – 4:2. Дегенмен Елена таразы басын теңестіре алды. Сосын есеп 5:4 болып, Рыбакина доп бергенде, испаниялық теннисші матчболын пайдалана алмады. Бұдан кейін Елена қатарынан 3 геймді өз пайдасына шешті. Есеп  – 7:5.

    Үшінші, шешуші партияда есеп 3:3 болған кезде Рыбакина брейк жасай алды. Ақыры матчты тағы бір брейкпен түйіндеді. Есеп – 6:3.

    2,5 сағаттан аса уақытқа созылған тартысты бәсеке барысында Елена Рыбакина 12 эйс жасап, 15 брейк-пойнттың алтауын пайдаланды. Қарсыласы 4 эйс, 5 брейкпен (15 брейк-пойнт) көзге түсті.

    Осылайша, Елена қатарынан 10-жеңісіне жетті.

    Енді Рыбакина жүлде қоры 8,8 млн долларға бағаланған Мастерс додасының ширек финалына шығу үшін әлемнің 39-ракеткасы, бельгиялық Элиза Мертенс немесе рейтингте 41-сатыдағы хорватиялық Петра Мартичтің біреуімен таласады.

     

    Еркеғали БЕЙСЕНОВ,

    АСТАНА

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *