• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Шежіре кітап жарыққа шықты

    Күні кеше Астанадағы Ұлттық кітапхананың әдемі залында өзге кітаптардан табиғаты бөлек кітаптың тұсаукесері болды. Кітаптың аты — «САҢЛАҚ». Заты асыл өнер спорттың шежіресі!

    …Осыдан жеті жылға таяу уақыт бұрын осы киелі мекемеде кезінде ел ауып кеткен бір уыс қазақтың ұланы Дәурен Бақытқажыұлы «ҚЫТАЙДАҒЫ ҚАЗАҚ СПОРТШЫЛАРЫ» деген ктабының тұсаукесерін өткізіп еді. Сол жолы кітаптың тұсауын кесіп тұрып, мына мен: «Дәуренжан, енді бүкіл әлемдегі бірегей қазақ спортшыларын жинап,кітап етіп шығарамын деп жатырсың. Жаратушымыз сол кітаптың тұсаукесерінде болуға жазсын!», — деп едім. Арман орындалды. Бұл жолы Дәурентайдың «САҢЛАҚ. Әлем қазақтарының үздік спортшылары» атты кітабының тұсауы кесіліп, оқырмандарына жол тартты!

    Кітапқа әлемнің 16 мемлекетінде ғұмыр кешіп жатқан 500-ден аса қазақ спортшылары тізіп берілген. Инемен құдық қазғандай жанкешті жұмыс! Ерекше еңбек! Тың туынды! Менің жаныма жақын кітап! Тозбас шежіре!!!

    Өкініштісі — бұл кітапты шығаруға Отанына әбден бауыр басып та болмаған ұлдың өзі ғана жүгіріп, небәрі 350 дана кітап қана шығара алған. Ал, бұл мемлекет қамқорлығымен шығып, еліміздің бүкіл облысына мыңдап тарап, күллі елдің кітапханаларына 5-10 данадан берілетін-ақ кітап!

    Бүгінде аттан түсіп,айқайдан аяңға ауысқан басым «Осы сәлемді Мәдениет және спорт министрі мен вице-министріне, Ақпарат және даму министріне жеткізуге» уәде ғана бере алдым…

    Осы бір кітапты қарап отырып, еліңде ғана емес, небір алыс шет жерлерде жүріп, қазақ бола білген, қазақ болғанда да асыл қазақ бола білген ұл-қыздарымызға риза болып, мұндай шежіре кітап спорттан басқа салада да осылай жинақталып, жарыққа шығар болса, ұлтымыздың қаншама өнерлі ұл-қызымен танысар едік деп, көңіл өрекпіп, жүрек жанып, билік басындағы бала-бауырларымызға үшбу сәлем жолдаған түрім осы!

     

    Несіп ЖҮНІСБАЙҰЛЫ,

    Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

    АЛМАТЫ

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *