• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Әмин Тұяқов

    Сонау 1960 жылдары жүгіруден алдына жан салмаған даңқты спортшымыз Әмин Тұяқов 80 жасқа толды. Әлемдік рекордтарды сан мәрте ауыздықтаған ардагер спортшы бұл күндері бейнеттің зейнетін көріп отырған жайы бар.

    Ақмышта туып, АҚШ-та озған Әмин Тұяқовтың есімі ел спортының тарихында мәңгі сақталары сөзсіз. Шашасына шаң жұқпаған желаяқ 60-жылдары күллі әлемді аузына қаратты. 100 және 200 метрлік қашықтықта КСРО-ның бірнеше дүркін чемпионы атанған ағамыз, «Ғасыр бәйгесі» атанған Америка мен КСРО спортшыларының жарысында да төрт аяғын төске ұрған тұлпардай оза шапты.

    Әмин Тұяқов, даңқты спортшы:

    — Егер де мен Борис Сергеевич Токаревтің қолына түспесем, онда басқаша болуы мүмкін еді. Спортшының үлкен нәтижелерге жетуі тек қана өзіне байланысты екіншіден бапкеріне де байланысты.

    Спортшы болу оңай бапкер болу қиын деп түсінетін Әмин Тұяқов та бір кездері ұлттық құрама тізгінін ұстап талай тұлпарларды тай күнінде танып топқа қоса білді. Солардың бірі – Ольга Шишигина. Тек Қосанов пен өзінің ізін басар қара көздерді шығара алмағанына қынжылады демесеңіз, Әмин аға талай бұлақтың көзін ашты.

    Алма Досымбаева, зайыбы:

    — Ағаң спортта жүргенде спортқа дұрыс көңіл бөлінген жоқ. Ол кезде ешқандай ауруына да қараған жоқ. Қазіргі спортшалыр бақытты ғой. Қазіргі кезде аяғын жерге тигізбей көтеріп алып кетеді. Ал бұл кісі ауылға барарға машина таба алмай, самосвалмен барған Токио Олимпиадасынан кейін.

    Жары Алмамен 50 жыл отасқан Әмин ағамыз ұлы мен қызынан бірнеше немере сүйіп отыр. Саналы ғұмырын спортқа сарп еткен саңлақ спортшының әлі де арманы көп.

    Әмин Тұяқов, даңқты спортшы:

    — Арман көп. Енді мен спорттың арқасында адам болғаннан кейін әрине айтасың, келешекте біздің ізімізді басар олимпиадалық ойындарды көрсететін жігіттер көп болса екен деп. Ал жеке өзімнің қара басыма келетін болсам. Балаларым жұмыс жасап жатыр. Солар аман болып, немерелерім аман болып, осылардың өмірдегі болып жатқан тіршіліктеріне қатынасып, біздің қоғамға бір ішіне кірісіп, жұмыс жасаса екен деп ойлаймын.

    Заманында аузымен құс тістеген ағамыз ақпанда 80-нің сеңгіріне шықты. Мерейтой иесіне тілеріміз көп. «Хабар24».

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *