• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    «Намыстың» әкесі

    10 желтоқсан – ұстазым Несіп Жүнісбайұлының кіндігі кесілген күн!

    Несіп Жүнісбайұлы – қазақ журналистикасындағы бір салаға маманданып, өзі таңдаған саланың отымен кіріп, күлімен шығудың дәстүрін, мектебін қалыптастырған санаулы қаламгердің бірі. Сейдахмет Бердіқұл ұлттық спорт журналистикасының негізін қалап, күре жолын салып кетсе, Несаға сол жолды бес құрылыққа жалғап, ұстаз дәстүрін ілгері сүйреді.

    Тарихқа жүгінсек, ХХ ғасырдың жетпісінші жылдарының соңы, сексенінші жылдарының басында қазақ спорты соны белеске иек артты. 1978 жылы Шәміл Серіков грек-рим күресінен қазақ жастарынан тұңғыш әлем чемпионы атанған кезден бастап, алаш жұртының спорт аренасындағы жаңа дәуірі, дүрмекті кезеңі басталды деуге толық негіз бар.

    Екі ғасырдай уақыт патшалық Ресей, одан кейін совет империясы қырып-жойып, рухын жаншып, әбден титықтаған қазақ жұрты Шәмілдің тарихи жеңісімен дүр сілкінді. Дәл осы сәтті ұлттық мүддеге берік, алмас қылыштай қайрауы келіскен 28 жастағы Несіп Жүнісбайұлы қапы жібермей іліп әкетті. Соңғы беті, сейсенбілік нөмірі ұлттық намысты шарқайрақтай қайраудан жалықпайтын «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») үні жеткен жерден сүйінші сұрап, қалың оқырманды ду еткізді. Келесі, 1979 жылы Шәміл әлемдік чемпионаттың алтын тұғырына тағы шықты. Тағы да Несағаң ақ қағаздың бетінде дауыл тұрғызып, көлдей мақалаларын рахаттана жариялады дейсің. Жанкүйер біткен жастар газетін автобуста, аялдамаларда, вокзал перронында, ұшақ ішінде асыға, сүйсіне оқып жатты. Себебі, қазақ ұлты осындай рухты дүниелерге сусап отырған заман еді. Әр қазақ баласының жеңісі, жылт еткен сүйінші хабары жанымызды жадыратып, мерейімізді өсіретін.

    Сол жылдың көктемінде өзі де көркем, жұдырық сілтесі одан да әсем Серік Қонақбаев әлемдік аренаға атойлап шықты. Жұмыр жердегі бокстың есеп-шотына жүйрік мамандары Серікке сұқтана, сүйсіне қол соқты. Серіктің тымақты алшы кигізгендей әсем қимылы, дүркін-дүркін жеңістері Несағанды шабыттандыра түсті. Шыны керек, «Лениншіл жастың» әр нөмірінен Несіп Жүнісбайұлының Серігін іздейтін әдет таптық. Несағаны құмарта оқи отырып, Қонақбаевпен бірге неміс Карл Крюгермен, итальян Патрицио Оливамен өзіміз айқасқандай күй кешетінбіз. Ақиқатын айтсақ, 1979-1981 жылдары қазақтың спорт көгінде Несіп Жүнісбайұлы мен Серік Қонақбаев жұбын жазбай қатар шарықтады.

    1979 жылы ССРО халықтарының жазғы спартакиадасында сақа балуан Жақсылық Үшкемпіров пен өрімдей боксшы Серік Нұрқазов күміс жүлдеге қол жеткізді. Бұл жақсылықты жалпақ жұртқа асыға жария қылған жампоздың бірі Несағаң болатын. Біз сол кезде Несіп Жүнісбайұлын жақсылықтың жаршысындай көретінбіз, сол тұста қазақ спортшыларын жанын сала, беріле насихаттаудан Несағаның алдына ешкім түсе алған жоқ. Ағамыз сонау елуінші жылдардың соңы, алпысыншы жылдары спорт саңлақтарын насихаттаудың Сейдахмет Бердіқұл мен Қалдарбек Найманбай қалыптастырған дәстүрі мен жүйесін жаңа леппен, ыстық қайратпен жаңа сатыға көтерді. Ендігі жерде спорт материалдарынан Несіп Жүнісбайұлына тән ыстық сезім, ұлтқа деген шынайы махаббат, өзіндік эмоция мен салиқалы байыптаулар «менмұндалап» тұратын болды. Несағаның жүректен шыққан жазбалары жүз мыңдаған жүректерге жол тапты. Қазақтың спорт журналистикасында Несіп Жүнісбайұлының маңдайы жарқыраған кезең туды.

    1980, Олимпиада жылы. Жақсылық Үшкемпіров пен Шәміл Серіков Олимпиада жеңімпазы, Серік Қонақбаев күміс жүлдегер. Қазақ жұрты бұрын-соңды мұндай олжаға кенелген емес. Сейдахмет Бердіқұл мен Несіп Жүнісбайұлы күн сайын «Лениншіл жастың» бетін құрғатпай, спорт репортаждарын түйдек-түйдегімен жариялап жатты.

    Ұстаз бен шәкірттің есім-сойы шамамен жиырма күндей бірде өрттей қаулаған, енді бірде теңіз толқынындай көкке шапши тулаған спорт репортаждарының маңдай тұсында сондай жарасыммен қатарласа тұрды. Олимпиада дуы тарқай бастаған тұста екеуінің аты-жөніне көзіміз үйреніп қалған біздер біраз күнге дейін біртүрлі қоңылтақсып жүрдік.

    Несағаң болса, Жақсылық Үшкемпіров, Серік Қонақбаев, Серік Нұрқазовтар туралы деректі дүниелерін жетілдіре, толықтыра келе кітап қылып шығарды. Қазақтың спорт әдебиеті осы бір жанкешті, нағыз ұлтшыл азаматтың ұйқысыз, мазасыз тірлігінің арқасында қоры толығып, көші күннен-күнге ұзара түсті.

    Бір күні «Лениншіл жаста» «Кілемнен кетіп барады» деген мақала басылды. Авторы Несіп Жүнісбайұлы. Мақала Жақсылық Үшкемпіров туралы. Балуан ағаның үстінде «СССР» деген жазуы бар күртеше. Жақаң бетін бір жағына сәл бұрған қалпы кетіп барады. Кілемнен кетіп барады. Совет құрамасы сапында он жылдан артық арпалысқан арыстан жүрек ағамды қимай, жүрек шіркін шым ете қалды. Одақ құрамасындағы жалғыз қазақ еді. Бұл кезде Шәміл де құрамадан шеттеп қалған болатын. Қандай ауыр тақырып! Бүтін бір ұлттың жанын ауыртып, намысын қамшылайтын тақырып. Қазақстанның спорт комитеті Жақсылықтай ардақтысын күрестен иығына шапан жауып, орнымен шығарып салуға жарамапты. Айдаладағы Мәскеу басшылары Красноярскідегі жарыс үстінде қоштасу рәсімін жасапты. Бұған Несаға қалай шыдасын?! Иә, енді Жақсылықтың боз кілемдегі орыны үңірейіп тұратыны анық…

    …Бірде сарғайған газет тігінділерін парақтап отырып «Шойындай конькимен әлем рекордына!» деген тақырып көзіме оттай басылды! Орыстың әйгілі мұзтабаны, Олимпиада ойындарының алты дүркін чемпионы Лидия Скобликовамен Несіп ағаның сұхбаты екен. Тақырыбының өзі бір үйір жылқының құнындай.

    «Лениншіл жастың» 1979 жылғы 11 қыркүйектегі нөмірінен Несіп ағаның көпсайысшы Төлеген Мұсанов туралы мақаласын оқыдым. Ізденген журналиске кейіпкер көп. Ал, Несіп аға Төлеген бауырын қазақ болғаны үшін, әскери қолданбалы көпсайыстан Совет одағы халықтары спартакиадасының жеңімпазы атанғаны үшін мақтаныш сезімммен жазғаны байқалып тұр. Төлеген шынында да сегіз қырлы спортшы екен. Нысана көздеу, граната лақтыру, кедергілер арқылы жүгіру, жүзу, мотоциклмен құйғыту, кросс… Төлеген осы спартакиадада чемпион әрі одақ рекордшысы мәртебесін қатар олжалапты.

    Біз келтірген мысалдар Несіп Жүнісбайұлы қаламынан туған дүниелердің мыңнан біріне де жетпейді. Ағаның «Үшінші раунд», «Ауылдан шыққан алыптар», «Футболмен тыныстаған Испания», «Мексикадағы футбол тойы», «84 жылдың теңдессіз 16 күні» (С. Бердіқұлмен бірлесіп жазған), «Әкемнің қамшысы», «Мұстафа Өзтүрік», «Бас иемін!», он Олимпиада ойынын қамтитын «Олимпийский маршрут» (төрт томдық) кітаптарын қандай бейнетпен жазғанын қалам ұстап, соңынан ерген біздер түсінеміз. Кей адамдар кітап жазуды оңай тірлік көреді. Сол кісілер Несіп ағаның бір кітабын қолмен көшіріп шықса, жазу дегеннің машақатын сәл де болса, сезінер еді.

    Несіп ағаның ұлтқа жасаған қызметі тек журналистік еңбектерімен ғана шектелмейді. Несіп Жүнісбайұлы ұлттық спорттың жанашыры әрі білікті маманы. Ағамыз тоғызқұмалақтан спорт шебері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы, жоғары ұлттық дәрежедегі төреші. Халқымыздың осы бір ғажап зияткерлік ойынынан Қазақстан чемпионатының күміс жүлдегері, республиканың ұлттық спартакиадасының жеңімпазы. Несіп Жүнісбайұлы тізгінін ұстаған Алматы қаласының командасы республика чемпионатының командалық бас бәйгесін ұтып алды. Ағамыз ұйымдастырған тоғызқұмалақ үйірмесіне біз де бардық. Қазақстан чемпионатында төртінші орын алып, екі мәрте Алматы қаласының чемпионы атанған соң алаңсыз спорт журналистикасының соңына түстік.

    Несіп Жүнісбайұлы — Қазақстан Спорт баспасөзі қауымдастығын құрушы әрі осы ұйымның тұңғыш президенті (1992-2013 ж.ж.), бұған қоса Азия спорт журналистері одағы (ASPU) Атқару комитетінің мүшесі (1994-2006 ж.ж.), Азия Олимпиадалық Кеңесінің (ОСА) баспасөз комитетінің мүшесі болған тұңғыш әрі жалғыз журналист. Несаға бір жылдары Азия Спорт баспасөзі одағы президентінің кеңесшісі қызметін де қоғамдық негізде атқарды. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. 2016 жылы Рио де Жанейро олимпиадасында Несіп Жүнісбайұлы Халықаралық спорт журналистері қауымдастығының (AIPS) арнайы марапатына ие болды.

    Бұл кісінің өміріндегі ең бір жарқын әрі ауыр сәттің бірі – ағаның таза қазақ балаларынан «Намыс» футбол командасын жасақтап, Қазақстан чемпионатына қосқан кезі еді. Совет өкіметінің бауырында құлашын кең сілтей алмай, іштей бұлықсып жүрген алашшыл азамат азаттықтың алғашқы жылы-ақ қазақ балаларынан футбол командасын құруға бел шеше кірісті. Несағаның бұл қадамы республика көлемінде қызу қолдау тапты. Кеудесінде ұлттық рухы жалындаған азаматтар «Намыстың» шаруасына жан аямай атсалысты, қолында барын ортаға салды. Несағаның осы бастамасымен білте шамдай өлеусіреп тұрған ұлттық рух қау ете түсті. Ел-жұртының ақ батасы, шынайы пейілі ағамызды одан сайын қамшылады. Несаға аяқ допқа бейімі бар қарадомалақтарды республиканың әр қиырынан іздеуге кірісті. Көңіліне қонған баланы қолынан жетектеп Алматыға әкелді. Астанада табан тірейтін жері жоқ баланы үйіне жатқызды. Не керек, Совет одағы чемпионатының жоғары тобындағы Алматының «Қайраты» жиырма жылда жинай алмаған қазақ өрендерін Несаға айналдырған екі жылда бір тудың астына шоғырландырып, «Намыс» командасын Қазақстанның жоғары тобына қосып жіберді. Білген адамға, терең зерделеген жанға Несіп Жүнісбайұлының бұл қадамы ұлтқа қызмет етудің ғажап үлгісі болатын. Біреулер ұлтты қызыл тілімен, сырты жылтыр ісімен «сүйсе», Несіп аға осындай ердің ері ғана тәуекел ететін сұрапыл тірлігімен ұлт патриоты екенін қапысыз дәлелдеді. Ол кісінің ұлттық намысты ту еткен кітаптары мен қоғамдық жұмыстарын бір жағына ысырып қойып, тек «Намысты» құрған ерлігімен Қазақ елінің спорттық тарихында Қаркен Ахметұлы, Октябрь Жарылқаповтармен қатар тұратын соқталы тұлға Несіп Жүнісбайұлы десек, артық айтқандақ болмас. Себебі, кез келген қайраткердің тарихтағы орыны оның ұлтына, адамзат баласына жасаған қалыпқа сыймайтын, кесек тірліктерімен бағаланады.

    Несағаның «Намысы» республиканың жоғары тобын ду еткізіп, одан кейін бірінші топтың Шығыс аймағында ойнады. Бірақ, ұлтсыздық дертіне шалдыққан қазақ қоғамы жалғыз «Намысын» сақтай алмады. Қырық рудан құралған дәрменсіз, өресіз командаларға миллиондап шашылған қазақтың ақшасы «Намысқа» келгенде тақыр тиынға айналды. Команданың тірлігі шатқаяқтай бастаған күндердің бірінде төсек тартып жатқан Сейдахмет ұстаздың халін сұрай бардым. Ағам «Намысқа» қатты алаңдаулы екен. «Осыдан аяғыма тұрсам, президентке «Намыстың» жағдайын жеткіземін», деді ұстазым қыран тұмсығын көтере, күйзеле үн қатып. Адамның айтқаны бола ма?! Сейдағаң сол жатқаннан мәңгілік мекеніне бет бұрды. Бұл қайғы Несағаңның жан дүниесін ойсыратып кетті. Көп ұзамай тағдырдың екінші сынағы соғып өтті: «Намыс» тарады. Ағаның бұл кездегі көңіл-күйін адамның басына бермесін. Ақиқатында «Намыстың» жығылуы – ұлттық намысқа түскен жарықшақ болатын! Содан бастап Несаға біртүрлі бұйығы, жабырқау күйге түсті.

    Ал, «Намыстың» қырандары Нұрбол Жұмасқалиев, Асхат Қадырқұлов, Әлібек Бөлешов, Айдар Күмісбеков, Нәкен Қырықбаев, Диас Кәмелов, Алмас Құлшынбаевтар біраз жыл республика футболының алғы шебінде атой салды. Бірақ қазақ футболының көші түзелер емес. Баяғыда совет өкіметінің тұсында, Алматының «Қайратында» алаңға екі қазақ шығу міндеттелсе, қазір кей командалар қазақсыз ойнаудан арланбайтын болды. Ал біздің жан дүниеміз «Намысты» аңсай береді. Қысқасы, қазақ спортына Несағаңдай намыскер тұлға жетіспей тұр.

     

    Қыдырбек РЫСБЕК, спорт тарихшысы

    АСТАНА

     

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *