Кез келген біреуге барып, Жақсылық Үшкемпіров кім деп сұрай қалсаңыз — ол Мәскеу Олимпиадасының чемпионы, балуан деп айтуы мүмкін. Алайда, оның осындай биікке қалай жеткенін, балалық шағының қайда, қалай өткенін, бүгінде өзінің кіндігінен қанша баласы барын, қанша немере сүйгенін сұрай қалсаңыз жастар түгілі ересектердің өзінің ауыздары ашылып тұрып қалады. Бұл туралы арнайы зерттеу де жүргізіп көрдік. Сосын, бүгінгі жастарымызға біле жүрсін деген ниетпен қазақтың даңқты ұлы, маңдайымызға біткен жарық жұлдызы — Жақсылық Үшкемпіров ағамыздың жеке өмірі, балалығы, сал-серілік күндері туралы ағамыздың өзімен болған сұхбат арқылы сыр бөліскенді жөн көрдік.
— Жақсылық аға, сіздің есіміңіз бір қызықты оқиғамен байланысты деп естігенбіз. Әңгімені осыдан бастасақ…
— 1951 жылы Жамбыл облысы, Свердловск ауданы, Дихан ауылында қазақтың қарапайым отбасында дүниеге келдім. Менің дүние есігін ашқанымның өзі қызық. Көктем уақыты. Ол кезде елдің бәрі Талас өзенінің бойында егін егудің қамына кіріскен кез. Сол уақытта кір сабынның да тапшы кезі болса керек. Анамның шағын дүкені бар екен. Сол дүкеннен тым алыстан бір ақсақал сабын алуға арнайы келіпті. Анам маған толғатып жатса да қарияның бетін қайтаруға ұялып, дүкенге кіреді екен. Тура сол сәтте сабын сатып тұрып, мені босаныпты. Әлгі сабын алуға келген ақсақал анама таңырқай қарап, бұл бір жақсылықтың нышаны, болашақта жақсылықтың жаршысы болсын деп ырымдап есімімді «Жақсылық» болсын деп атап кетіпті. Міне, мен дүниеге осылай келіппін.
— Үйдің үлкенісіз бе?
— Жоқ, мен ортаншысы болдым. Алдымда бір әпкем, менен кейін бір қарындасым болды. Бәріміз әжеміз Бәтиманың қолында тәлім тәрбие алып өстік.
— Ең тәтті бала күніңіз қалада өтті ма, далада өтті ма?
— Ол кезде қала дегенді білмейтінмін. Балалық шағым далада өтті. Жаз басталысымен құрбыларыммен бірге Талас өзенінің жағасында суға шомылатынмын. Суға жүзудің шебері болатынмын. Тіпті, су астына сүңгіп жарысқанда алдыма жан салмайтынмын. Су астында 2-3 минут жата беретінмін. Футболды да қызыға теуіп өстім. Көршілердің балаларының ішінде мен белдеспеген бала да жоқ болатын. Әйтеуір ауыл балаларына тән қандай ойын бар, соның бәрін ойнап өстім. Балалығымнан жоғалтып алған, таба алмай кеткен, не бере алмай кеткен ештеңем жоқ. Мен үшін балалық шағымның тәтті күндері осылай есімде қалды.
— Күреске қалай бардыңыз? Өз таңдауыңыз ба, әлде кездейсоқтық па?
— Біреуге өтірік, біреуге шын, менде ең алғаш балуан боламын, спортшы боламын деген ой болған жоқ. Күресті күтпеген жерден 1968 жылы Семей қаласының мал дәрігерлік институтына оқуға түскеннен кейін бастадым. Семейге балуан болу үшін емес, мал дәрігері болу үшін барған болатынмын.
— Ол кезде бала Жақсылық зерек болды ма? Оқуға бірден түстіңіз бе?
— Ауылдың қара сирақ баласы болсақ та, мектепте жақсы оқыдым. Семейге келгенде арнайы сынақ тапсырдық. Бір сабақтан үш алдым, қалған пәндердің барлығынан сүрінбей өттім. Мұғалімдер барлығынан өттің, күзде оқуға қабылданасың деп үйге жіберді. Ауылға келіп, әке-шешеме оқуға түстім десем — сенбейді. Сенбейтін бір себебі, менімен бірге барған көптеген балалардың барлығы сынақтан өтпей келген болатын. «Мүмкін емес, елдің талай балалары түсе алмай жатқан оқуға, ешкімің жоқ сен қалай түсесің» деп таңырқады. Сонымен не керек, ол кезде ауылда шөп шабу науқанының басталып кеткен кезі еді. Мен де бұл науқанға білекті түре кірісіп кеттім. Сонымен жаз бітіп күз келді. Бір күні үйге Семейдің мал дәрігерлік институтының ректоратынан телеграмма келіп тұр. Ашып қарасақ, маған оқуға неге келмей жүргенім сұралып, оқуға шұғыл келуімді сұрағаны жазылыпты. Үйдегілер сонда ғана оқуға түскеніме көздері жетті. Сөйтіп, қуанышты хабарды естіген ата-анам қуаныштарында шек болмай, бүкіл ауыл адамдарын жинап, мал сойып, аққайнар шарабын атып, бір ауыз орысша білмейтін ауыл баласын үлкен сапарға шығарып салады.
— Сонда үлкен спортты нақтылы қай уақытта бастадыңыз?
— Сол Семейге оқуға түскен 1968-1969 жылдары бастадым. Оқып жүріп, институт қабырғасындағы күрес үйірмесіне жазылдым. Еркін күреспен жарты жылдай айналысқаннан кейін өз салмағымда Республика чемпионы атанадым. Одан кейін классикалық күреспен айналыса бастадым. Онда да 1970 жылдары Республика чемпионы атандым. Міне, нақ осы кезден бастап, менің жүрегімде Олимпиада чемпионы болсам екен деген асқақ арман ұялады. Әрине, сол уақытта Олимпиада чемпионы атану былай тұрсын, Кеңес үкіметінің құрамасына ілігудің өзі сол мәртебемен бірдей болатын. Соның барлығын жеңдік, ақыры Мәскеу Олимпиадасының чемпионы атандық. Бұл біздің жеңісіміз. Қазіргі біздің тәуелсіз елдің спортшылары өте бақытты. Біз мұндай бақыттың не екенін сезінген жоқпыз…
— Өте дұрыс айтасыз. Сіздердің замандарыңыз бүгінгі ұрпақтың басына келмесін. Сол заманда жасындай жарқырадыңыздар. Ол туралы талай естеліктер айтылды, жазылды. Бүгінгі біздің әңгімеміз сіздің отбасылық өміріңізге арналғандықтан үйдегі жеңешемізді ұмытып кетпейік. Жеңгемізбен қалай танысып, қалай табысқандарыңызды айтып берсеңіз…
— Шынымен көп жағдайда үйдегі жеңешелерің айтыла бермейді. Бүгінгі марқайып жүргенім де сол жеңешелерің мен осы халықтың арқасы ғой. Жеңешеңнің есімі — Күлпан. Семей институтының бесінші курсында оқып жүргенімде таныстым. Ол онда бірінші курсқа енді келген кезі еді. Өзі Семей өңірінің Найман руының қызы екен. Бір жылдан кейін мен диплом алдым. Күлпан бірінші жылын бітірді. Сосын көп өтпей Күлпанды Семейден Таразға алып қашып алып кеттім. Ол оқуын кейін Алматыда сырттай оқып бітіріп алды.
— Шаңырағыңызда қанша сәби тәрбиеленіп өсті?
— 1977 жылы тұңғыш сәби сүйдім. Есімі — Жандос. Келесі жылы тағы бір сәбилі болдық. Оның есімін Жандосқа ұйқастырып, Елдос деп қойдық. Одан кейін мен дәл Мәскеу Олимпиадасының чемпионы атағын бағындырған күні үшінші ұлым дүние есігін ашты. Оған туыс-туғандарым жеңіске жеткенім үшін Жеңіс деп ат қойды.
— Сол үш ұлыңыздан қанша немере сүйіп отырсыз?
— Е, немере деген өз балаңнан да тәтті бола ма екен деп қаламын кейде. Өз балаларымның қылығына жарыстарда, оқу-жаттығуларда жүріп тоя алмай кеткем бе, білмеймін. Қазір сол үш ұлдан тараған сегіз немерем бар. Солардың қылығын қызықтап, Алла деп жүріп жатырмыз. Немерелерімнің жетеуі ер бала, біреуі ғана қыз бала. Бірақ, барлығын жақсы көремін. Қартайғанда бәйбішеммен бірге осы немерелерімнің ортасында ойнап-күліп отырғаннан асқан бақыт жоқ шығар…
— Ұлдарыңыз немен айналысады?
— Ұлдарымның үшеуі де Алматыдағы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін тәмамдаған. Қазіргі таңда әрқайсының айналысатын өз істері бар. Тұңғышым Жандос Америкада жеті жыл әскери қызметте істеді. Қазір елге оралып, «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясында қызмет атқарады. Екінші ұлым Елдос менімен бірге өзіміздің ата кәсібіміз — мал шаруашылығы қожалығын басқарып отыр. Ал ең кіші ұлым Жеңіс жеке егін шаруашылығымен айналысады. Менің жеке өмір жолым осындай, шырағым. Бос уақытымда халқымды аралап, шақырған жиын-тойлардан қалмай жүріп жатырмын.
— Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Күнсұлтан ОТАРБАЙ
http://www.inform.kz/kz/olimpiada-chempiony-zhaksylyk-ushkempirovtin-zheke-omiri-turaly-ne-bilemiz_a2677322
http://www.inform.kz/kz/olimpiada-chempiony-zhaksylyk-ushkempirovtin-zheke-omiri-turaly-ne-bilemiz_a2677322