Алматы қаласында өтіп жатқан тас жолдағы велоспорттан Азия чемпионатында ұлттық құраманың велошабандоздар бір алтын, бір күміс, екі қола медальді жеңіп алды, деп хабарлады Туризм және спорт министрлігінің Спортты дамыту дирекциясы.
Ерлер арасындағы жекелей сында Евгений Федоров мәреге 49:46 секундта жетіп, чемпион атанды. Одан кейінгі сатыға тағы бір отандасымыз Дмитрий Груздев (50:20) жайғасты. Үшінші орынды жапониялық Юкиа Арасиро (51:20) иеленді.
Азия чемпионатына дайындығым жақсы болды. Ешкім де жарысқа жеңілемін деп келмейді. Бәрімізде де алтын алсақ деген арман бар. Бұл жетістігіме ата-анам, жаттықтырушыларым мен туыстарым да қуанып жатыр, — деді Евгений Федоров.
U23 санатында қатысқан Ақпейіл Өсім 20 км қашықтықта мәреге 29 минут 58 секундта жетсе, ал ересектер арасында бақ сынаған Рината Сұлтанова финишке 29 минут 28 секундта келді. Нәтижесінде олар қос қола жүлдені қоржынға салды.