Қазақстан ұлттық құрамасы командасы бас жаттықтырушысының міндетін атқарушы Талғат Байсуфинов ҚФФ баспасөз қызметіне берген сұхбатында ұлттық командаға қайта оралуы, кадрлық шешімдер мен ойыншылардың жағдайы туралы айтты.
– Талғат Маруаұлы, төрт жылға жуық уақыттан кейін ұлттық құраманың тізгінін қайта ұстадыңыз. Бұл шешімді қабылдағанда қандай сезімде болдыңыз?
– Қазақстан құрамасына қайта оралғаныма өте қуаныштымын. Бұл үлкен жауапкершілік екенін жақсы түсінемін. Бірақ тез шешім қабылдауға тура келді. Сондықтан қорқыныш та, күмән да болған жоқ. Құрамда бізбен 2016 жылдан бері бірге жұмыс істеген жігіттер бар, сондай-ақ 2021 жылғы тәжірибелі, сенімді ойыншылар да бар. Сонымен қатар командада жаңа есімдер пайда болды. Дәл қазір құрамамызға осындай жас пен тәжірибенің үйлесімі қажет нәрсе.
1 қазаннан бастап жаттығу процесі басталды. Сол кезде футболшылардың кеңейтілген және негізгі тізімі толық жасақталды. Оған өзгеріс енгізуге уақыт та болмады. Толық талдаусыз түзетулер жасау дұрыс емес еді. Сондықтан біз алдыңғы штаб құрған құрылымды сақтап қалдық. Әли Ханалиұлы да жаттықтырушылар құрамында қалды. Бұл сабақтастықты қамтамасыз ететін маңызды буын.
– Жаттықтырушылар штабында кадрлық өзгерістер болды ма?
– Мен өзіммен бірге бұған дейін бірге жұмыс істеген Иван Азовский мен Марат Еслямовты шақырдым. Олардан не күтуге болатынын, қандай жаңа элементтер енгізе алатынын жақсы білемін. Ең бастысы, бұрын құрылған жүйеге кедергі келтірмеу, керісінше оны толықтырып, үйлесімді ету. Барлығы кәсіби және қиындықсыз өтті.
– Ойыншылардың жағдайы қандай? Кадрлық шығындар бар ма?
– Иә, белгілі бір қиындықтар болды, әсіресе орталық аймақта. Ұлар Жақсыбаев пен Сергей Малый жарақат алды. Бұл біз үшін үлкен сынақ болды. Құрамаға келген соң жағдай расталды. Біз қорғаныс мықты болуы үшін оң жақпен ойнайтын орталық қорғаушы қажет деген шешімге келдік.
Қазір барлық футболшы жиналды. Сергей Малый қалпына келуде. Алаңға шығуға асық, бірақ әлі толық дайын емес. Лихтенштейнге қарсы матчта көмектесе алмауы мүмкін. Алайда Солтүстік Македониямен кездесуге дейін дайын болады деп үміттенеміз.
– Жарақат алған ойыншылардың орнына ауыстыруды қалай таңдадыңыз?
– Орталық қорғаушылар мәселесі туындағанда тез әрекет ету қажет болды. Маған Қазақстан Премьер-лигасының барлық ойыншысы бойынша кең деректер базасы ұсынылды. Шыны керек, мен таң қалдым. Қазір Футбол федерациясының жаңа жүйесіндегі деректер базасы кеңейтілген, негізгі және резервтегі тізімдер жасалады. Бұрын мұндай тәжірибе болған жоқ. Скаутинг бөлімі жан-жақты және жақсы жұмыс істейді. Бұған менің жастар құрамасымен жұмыс істеп жүрген кезімде көзім жетті. Әр кандидатура мұқият талқыланып, дәлелденеді. Қазір бапкерлердің қолында әр футболшы ойыны және физикалық көрсеткіштері, мінездемелері және жасалған аналитика туралы ақпарат бар. Дінмұхаммед Қашкеннің кандидатурасы қарастырылғанда, барлық дерек оның пайдасына әкелді. Техникалық-тактикалық параметрлері, модельдік сипаттары мен жасы сай келді.
Жаңа есімдердің пайда болуы – қалыпты құбылыс. 2021 жылы да осындай мысал болған. Әлібек Қасым ұзақ уақыт бойы құрамда болып, бейімделіп, кейін негізгі ойыншыға айналды.
Бейімделу – маңызды кезең. Бұл жас ойыншыларға берілетін аванс іспетті. Арсен Әшірбек пен Сағи Совет сияқты жігіттерге бұл жақсы мүмкіндік. Мұндай мысал жастарға белгі болуы тиіс. Премьер-лигадағы әр ойыншы, әсіресе жастар үнемі бақылауымызда. ҚФФ-ның скаутинг бөлімі үнемі мониторинг жасап отырады, бәріне есік ашық. Қазір жаңа кезең басталып жатыр. Сондықтан бұл мүмкіндікті пайдалану керек.
Бүгінде командада 30 футболшы бар. Бұл – дұрыс тәсіл. Жас ойыншылар негізгі құраммен бірге жаттығып, ортаға тез сіңіп, командалық атмосферамен танысады. Болашақта олар ұлттық құраманың толыққанды үміткеріне айналады.
– Кейінге қалдырылған «Қайрат» пен «Жетісу» арасындағы ойын мен Қазақстан Кубогының финалынан кейінгі ойыншылардың денсаулығы қандай?
– Негізгі топ дәл осы матчтардан кейін келді. Дастан Сәтпаевтың жағдайы күрделі, бұл медициналық штаб растаған дерек.
Дегенмен ол құрамамен бірге жүріп, дәрігерлердің ұдайы бақылауында болады. Егер Лихтенштейнге қарсы ойнамаса, Солтүстік Македонияға дейін қалпына келуі мүмкін.
Егер дайын болмаса – тәуекел етпейміз. Біз өзімізге де, ойыншыға да зиян келтіргіміз келмейді. Оның клуб алдындағы міндеттемелері бар, еурокубоктарға қатысады. Сондықтан біз әрқашан футболшылармен өзара түсіністікпен әрекет етеміз.
Дамир Қасаболаттың да шап және тартқыш бұлшықеттерінде мәселе бар. Бірақ оның жағдайы едәуір жақсырақ. Дәрігерлер толық қалпына келуіне аз ғана уақыт қажет дейді.
Жалпы алғанда, құраманың медициналық штаб жұмысы жаңа деңгейге шыққанын атап өткім келеді. Ұсақ жарақаттары бар ойыншылар дәрігерлердің кәсібилігіне сеніп, өзін еркін сезінеді. Ал Сергей Малыйдың жарақатына қарамастан, командаға көмектесуге ынталы болуы бапкерлер мен медициналық штабқа деген сенімнің айғағы. Барлық ойыншы кәсіби ем мен қалпына келтіру шараларын алып жатыр.
– Құрамадағы көңіл-күй қалай?
– Атмосфера жылы, ойыншылар өзара түсінісіп, зейін жұмысқа бағытталған. Барлығы жауапкершілікті сезінеді. Бізде тәжірибелі ойыншылар да, ұлттық құрамаға алғаш қадам жасап жатқан жастар да бар. Ең бастысы – барлығын бір идея мен ортақ мақсатқа біріктіру. Менің ойымша, бізде бәрі жақсы болады.
Еске сала кетсек, бұған дейін бас жаттықтырушының міндетін уақытша атқарушы Талғат Байсуфинов футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының 2026 жылғы әлем чемпионаты іріктеу кезеңіндегі алдағы екі кездесуіне қатысатын ойыншылардың нақты тізімін жариялады.
Ұлттық құрама өз алаңында 10 қазанда Лихтенштейнмен, 13 қазанда сырт алаңда Солтүстік Македониямен ойнайды.
Қақпашылар: Стас Покатилов («Сабах», Әзербайжан), Мұхаммеджан Сейсен («Астана»), Бекхан Шайзада («Ордабасы»), Кажымұқан Төлепберген («Оқжетпес»);
Қорғаушылар: Сергей Малый, Сұлтанбек Астанов (екеуі — «Ордабасы»), Әлібек Қасым, Бағдат Қайыров (екеуі — «Ақтөбе»), Ян Вороговский («Астана»), Нұралы Әліп («Зенит», Ресей), Наурызбек Жагоров («Тобыл»), Сағи Совет («Жеңіс»), Әділбек Жұмаханов («Елімай»), Дінмұхаммед Кашкен («Жетісу»), Арсен Әшірбек («Оқжетпес»);
Жартылай қорғаушылар: Дәурен Жұмат («Оқжетпес»), Исламбек Қуат, Дінмұхамед Қараман (екеуі — «Жеңіс»), Рамазан Оразов, Алмас Төлебай (екеуі – «Елімай»), Ислам Чесноков («Тобыл»), Бактиер Зайнутдинов («Динамо Мәскеу», Ресей), Муроджон Халматов («Ордабасы»), Дамир Қасаболат («Қайрат»), Георгий Жуков («Ақтөбе»);
Шабуылшылар: Артур Шушеначев («Ақтөбе»), Максим Самородов («Ахмат», Ресей), Дастан Сәтпаев («Қайрат»), Иван Свиридов, Ғалымжан Кенжебек (екеуі — «Елімай»).
Қазірге дейін ұлттық құрама команда Бельгия (0:6), Уэльс (1:3, 0:1) пен Солтүстік Македония (0:1) құрамаларынан жеңіліп, Лихтенштейннен (2:0) басым түсті.