13–21 қыркүйек аралығында Хорватияның Загреб қаласында грек-рим күресінен ересектер арасында өткен әлем чемпионатында еліміздің намысын қорғаған жамбылдық балуан Қошқар Дін-Мұхамед 67 келі салмақ дәрежесінде күресті.
Ол алғашқы айналымдарда сенімді күресіп, қарсыластарына лайықты қарсылық көрсетті. Армения өкілі, тәжірибелі балуан Славик Галстянға ұпай санымен есе жібергенімен, бұл дода Дін-Мұхамед үшін үлкен тәжірибе мектебі болды. Айта кетерлігі, бұл оның ересектер арасындағы екінші әлем чемпионаты еді.
Бұған дейін, 2022 жылы Қошқар Дін-Мұхамед Қазақстан чемпионы атанып, сол жылы Сербияның Белград қаласында өткен әлем чемпионатына қатысқан. Сол жылы-ақ ол жастар арасында Болгарияның София қаласында өткен әлем чемпионатында қола жүлдеге ие болды.
2024 жылы Париж Олимпиадасына лицензиялық турнир ретінде өткен Түркияның Стамбул қаласындағы халықаралық жарыста үшінші орын иеленіп, еліміздің грек-рим күресі мектебінің деңгейін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Қошқар Дін-Мұхамед – Қазақстан Республикасының спорт шебері, 2002 жылы Жамбыл облысы, Тараз қаласында дүниеге келген. Қазіргі таңда ол Орталық Азия Инновациялық Университетінің (Центрально-Азиатский Инновационный Университет) 2-курс студенті.
Жеке жаттықтырушысы Ринат Исмаилов балуанды бала кезінен тәрбиелеп, күрестің қыр-сырына баулып келеді. Ұзақ жылдық еңбектің нәтижесінде Дін-Мұхамед еліміздің белді спортшыларының қатарына қосылып отыр.
-Әлем чемпионаты мен үшін үлкен тәжірибе болды. Әр белдесу — жаңа сабақ, жаңа мақсатқа жол ашады. Ендігі арманым — 2028 жылы АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласында өтетін жазғы Олимпиада ойындарында ел намысын абыроймен қорғап, алтын медаль иелену, — дейді Қошқар Дін-Мұхамед.
Бүгінде жас спортшы тың дайындық кезеңін бастады. Ол тек күрес кілемінде ғана емес, өмірде де табандылық пен еңбекқорлықтың үлгісін көрсетіп келеді. Спортқа деген шынайы сүйіспеншілігі мен мақсатқа деген адалдығы оның алдағы жетістіктерінің кепілі болмақ.
Нұршах САЛИМОВА,
ТАРАЗ