• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Қазақ спорты баспасөзінің қарашаңырағы

    Биыл «Спорт» газетіне 60 жыл толып отыр. Бұл басылым 1959 жылдың 1 қаң­тарынан жарық көре бастаған кезден бері талай қазақ баласының спортқа деген қызы­ғушылығын оятып, тәрбиелеп шығарған. Мұны әлі күнге дейін жасы 80-нен асқан ақсақалдарымыз айтып отырады. «Осы газетпен талай балаларымыз, жастарымыз тыныстап өсті», деп сағынышпен еске алады. Иә, аталарымыз рас айтады. «Спорт» – қазақ баспасөзінің тари­хында қазақ және орыс тілінде шыққан ең бірінші спорт баспасөзі. Ол ең көп оқылатын газеттердің бірі болған. Кеңес заманында оның таралымы 300 мыңнан асып түскен екен. Қазіргі жастарға осыны айтсаң, ертегі сияқты болып көрінеді. Ал «Спорт» газеті 1960-1990 жылдары ел-елге, жер-жерге, ауыл-аймаққа тарап, бүкіл қазақ баласының  спортпен және денешынықтырумен айналысуына қызығушылығын оятып отыратын.

    Мен «Спорт» газетін 1980-ші жылдардан білемін. 1985 жылы алғаш рет мектеп табалдырығын аттаған кезде ойын баласы болған соң, футболды жақсы көретін едім. Сол кезде менің атам – Ұлы Отан соғысының ардагері Омар Кенжалыұлы ауылда почта тасушы болып қызмет еткен еді. Ол үйлерді аралап, почта тасып жүргенде өзім сияқты бастауыш кластың балалары атарбадан түспей, әлі сиясы кеппеген газет-журналдарға қызыға қарап, ежіктеп оқып отыратынбыз. Біздің ауылдағы үйге сол газет-журналдардың көбісі келіп тұратын. Ал «Спорт» газетін мен Алматыға барғанда көрдім. Әкем – Жұмабек Омарұлы Кенжалин «Социалистік Қазақстан», «Білім және еңбек» пен «Халық кеңесі» басылымдарында істеп жүргенде күнде кешке үйге бір бума газет-журналдарды әкелетін. Солардың арасында әрине, қазақ спорт баспасөзінің қарашаңырағы – «Спорт» газеті де болатын. Ол кезде газеттің редакторы – Несіп Жүнісбаев ағамыз еді. Мен оның есімін «Мен көрген Марадона» деген мақаласынан білетінмін. Бұл материалды бала кезімде атам мен апамның қолында болғанда бір журналдан көрген едім. Қазір ол дүниенің қай басылымда шыққаны есімде жоқ. Әйтеуір, бір журналда жарияланғанын білемін. Міне, содан кейін газет редакторының футболдан Мексикада өткен әлем чемпионаты туралы «Мексикадағы футбол тойы» деген кітабын қызыға да құныға да оқып шыққаным рас. Сол жылдары газет өте жақсы шықты. Материалдары қызықты және тартымды болды. Мысалы, Сайын Тұрсынов, Жүсіп Хисымов, Рабат Жәнібеков, Сұлтанғали Қаратаев, Анатолий Пятибратов сияқты ағаларымыздың мақалалары, кейін қатарға қосылған Қыдырбек Рысбек, Дидар Төлеуіш, Нұрғазы Сасаев, Амангелді Сейітхан, Ғалым Сүлеймен, Бейсен Құранбек, Бибігүл Жексенбай,  Гүлстан Қанат, Төлеубек Қадырмолла, Күнсұлтан Отарбай  мен басқа да әріптестеріміздің дүниелері өте қызықты шығатын. Ал Дендербай Егізовтің фотолары бір газеттің жүгін көтеріп тұратын десем, артық айтқандығым емес. Осы азаматтар кезінде елге талай талантты жастарымызды таныстырып, талай спортшылдардың дүрмекті додалардағы жеңістерін жалпақ жұртқа жариялады.

    Қазір де «Спорт» газетінің журналистері мамандыққа адал болып, жарыстарда жеке дара шыққан дарынды жастарымызды елге насихаттап, газеттің қызықты да тартымды шығуына бір кісідей қызмет етіп келеді. Әкем журналист, публицист Жұмабек Кенжалин айтқандай, «Оқырманды ойға шақыратын, тәрбиелейтін, оның мұңын-мұндап, жоғын жоқтайтын жаңа істерге жігерлендіретін, бойына қуат бітіретін басылым – қашанда бағалы басылым». Біз, оқырман қауым «Спорт» газетінің бағалы басылым бола беретініне сенеміз. Өйткені, редакцияның ұжымы әрқашанда алдына қойған мақсатты орындап, 60 жылдан бері спорт тақырыбына, мамандыққа адал қызмет етіп жатқанын көрсетіп келеді.  Бүгінде басылымның басшысы – елге танымал, білікті де білімді журналист ағамыз Дүрәлі Дүйсебай болса, оның жанында Бек Төлеу, Мәдина Асылбек сияқты талантты тілшілер жұмыс істеп жатыр. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, «Спорт» газетінің қазіргі редакциясы мен бұрын осында жұмыс істеген әріптестерімді 60 жылдық мерейтоймен құттықтап, зор денсаулық, қажымас қайрат, шығармашылық табыс тілеймін!

     

    Дастан КЕНЖАЛИН,

    Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты,

    Sportpress.kz ақпараттық-сараптамалық спорт сайтының бас редакторы.

     

     

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *