• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    … М Е С С И жауған К Ү Н!!!

    …. Аргентина — Англия ойынының алдында Атлантаның көшелері аргентиналық жанкүйерлерге… Жо-жоқ, таза МЕССИГЕ толды да кетті!!! Анда қарасаң да МЕССИ, мында қарасаң да МЕССИ, көзіңді ашсаң да МЕССИ, көзіңді жұмсаң да Месси! Олардың Priory көшесімен жасаған шеруін көруге көз керек! Бір сөзбен, ойын басталмай тұрып, Аргентина жанкүйерлері МЕССИ деген нөсерді төгіп-төгіп жіберді! Әлі төгіп жатыр… Бұл нөсер бүгінгі ойын басталғанда ағылшындарды ағызып әкете ме, әлде, Тұманды Альбионнан келген Аргентинаның ширегіндей ғана ағылшындық жанкүйер ол нөсерді былш-былш кешіп өтіп кете ме, ол жағы бір ғана Аллаға аян. Мен де дәл осы жолы бір команданы кеудесінен түртіп көрсеткім келмеді. Мені оқып жүрген жанкүйерлер менің жүрегім кім деп соғып тұрғанын біледі. Бұл жерде спорттың отымен кіріп, күлімен шыққан, майын ішкен жан ретінде ретті сөз айтайын: «НАҒЫЗ МЫҚТЫ ЖЕҢСІН!!!»

    .. Мұнан бұрынғы күндізгі репортажымды «МЕССИ жауған КҮН» деп атап, Атлантаның көшелеріне симай кеткен «Мессилердің» суретін жариялап, он ауыз сөз жазғанмын. Сыртта жүріп, тек телефонмен репортаж жасау оңай емес,бір жерде суреттер бар, бір жерде видео ғана қайталанып, бір жерде жазғандарым сөз бен суретті жүзге бөліп, шашылып кетіпті. Кешірім… Ол суреттерді бүгін қоса жариялаймын. … Бұл Американы қойсашы, кеше ғана Майамиде күндізгі сағат 5-те ойын басталғанда, Қазақстанда түнгі 12 еді, бүгін ауылдың түнгі 12-сінде Атлантада сағат түстен кейінгі 3-ті ғана көрсетіп тұрды. Бұл айту үшін айту емес, мұндай уақыт «билеп» тұратын елде әлем чемпионатында дұрыстап футбол ойнамақ түгілі, ел аралап жүріп, ас ішу оңай емес! Таңғы асыңды түсте ішіп, түскі асыңды кешке ішіп, кешкі асыңды қашан ішуді білмей жынды болатының секілді… Бұл жартылай финалдық ойынды ағылшындар жұлынып бастады. Содан 55-минутта әлгі мен мақтай беретін Гордон гол соққанша, Аргентина кімге тиісерін таппай, жөнсіз жүгірді де жүрді. Тек әлгі гол жон арқадан тиген дырау қамшы секілді болды ма — Аргентина допты ағылшындардан біржола тартып алды. Қалған 30 минөттегі аргентиналықтардың допты аяқтарына байлап жүрген көрсеткішін қараңыз: 90 минутта Англия допты 36% ұстаса, Аргентина 64% бойы тепкілеген! … Бұл ойында Норвегияның аузын артынан шығарған Беллингем тым көріне алмады. Ол тапсырма бойынша бір көзі Мессиде болса керек. Кейн де риза қып қақпаға бір соқпады. Кейннің қайта-қайта құлап,қос қолын аспанға атып,төрешіден бе,құдайдан ба «әділет» сұрағаны бүгінгі футболға заң емес. … Месси де қақпаға солақай «снарядтарды» бортқан жоқ. Бірақ ол тыныш жүріп бар ойынды алашадай тоқып берді. Аргентинаның бірінші голының түлеп ұшқан ұясы Мессидің сол аяғы болатын. Ал, Лаутаро Мартинес соққан Жеңіс голын Месси ғұламалық қимылмен екі қорғаушыны бір-біріне соғып, кейін қалдырды да, оң аяғымен-ақ(!) қолмен лақтырғандай допты Маринестің баспен соғар тұсына қалықтатып бере қойды: Мартинес те тарлан екен — бірге қарғыған екі қорғаушыдан басты бұрын сілтеді. Жеңіс добы торда тулап қалды!!! … Ойын соңында көзінен жас сорғалаған Лаутора Мартинес былай деді: «Сонау қарасирақ бала кезімде әкем алып берген бутсымен еліме аса қымбат бір гол соғармын деп жүруші едім — мына голым сол болды!» … Гол атаулыға ерлік жасадым деп емес, допты жәй тебе салғаным ғой деп жүретін Мессидің Мартинес соққан екінші доптан соң қос тізесін сындырып, көгалға отыра кетіп, бір минөт бойы(!) ессіз тойлауын мен бірінші рет көрдім. Бұрын соғылған допқа әйелі ұл тапқандай бұлай қуанғанын көрген емеспін. Кейіннен,ойын аяқталған соң, өзінің сол қылығына ұялғандай: «Бұл жеңіс,бізге, Аргентина құрамасына керек емес, БҰЛ ЖЕҢІС АРГЕНТИНА ХАЛҚЫНА керек!» деді. Мұнан соң футболды қалай құдірет көрмейсің?! Ағылшындар жақсы ойнады. Соғылған голдарына дейінгі ойындарын айтамын. Одан соң олар сол бір доп басымдықты ұстап қаламыз деп қатты қателесті! Бапкері Т. Тухель де, шабуылшы Кейн де мұны мойындады. Сонау 1966-дан соң 60 жыл өткізіп барып, футбол тәжін киеміз бе деген ағылшындар бұл үміттерін тағы… 60 жылға қалдырды. Футболдағы көзге көріне бермейтін НАМЫС деген қасиет жайлы Аргентинаның Мессимен аттас бас бапкері Скалони бір-ақ ауыз сөзбен айтты: «Ел білмейді — Аргентинаның футбол жейдесін кидің бе: не жеңесің, не өлесің!» … Көп жанкүйер біле бермейтін бір нәрсе бар: ол менің Аргентина командасын жеңіліске қимай, әр жолғы сәуегейлік барысында жеңілдірмей алып шығып келе жатқаным! Тағы солай істеу үшін бір-ақ ойын қалды. Бірақ ол бір ойын 10 ойынға татитын тартысты матч. Содан алып шыға аламын ба? Тырысамын! Көмектесемін! Алладан сұраймын! Бұйыртса, Аргентина даңқты Бразилиядан кейін(1958,1962) қатарынан екі рет әлем чемпионы атанған екінші ел болар. Бұған қылышын қайрап отырған Испания көнсе. Нью-Йорктің даңқты аренасында осы жолы футбол тарихында тұңғыш рет су жаңа Еуропа чемпионы мен одан да жаңа Оңтүстік Америка чемпионы кездеседі екен. Ал, көрейік — қара жердің қай пұшпағында допты дұрыс теуіп жүр екен?!! Және де мұны білу мен үшін емес,бұл жолғы әлемдік футболда жоқ болса да арытып-ашықтырар алысқа бала-шаға жинап берген тиын-тебенге сапарлап келіп,чемпионаттағы сол 48-дің қатарында тұра алмаған Қазақ елінің аяқ допшылары білсін деп аласұрып жүрмін. Менің бір ауыз жазбаларымдағы қылт еткен пайдалы ой болса, ол — солар үшін керек! … Енді 80-ге таяғанда ел футболына мұнан бағалы қызмет жасай алмаспын!

     

    Несіп ЖҮНІСБАЙҰЛЫ,

    Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,

    спорт журналисі, жазушы, спорт қайраткері

    АҚШ, Атланта, Джоржия штаты

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *