• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Алматыда чемпиондар ұстаханасы оқушыларға есігін ашты

    Елімізде 1-қыркүйек күні алғашқы қоңырау соғылып, балалар жаңа оқу жылына қадам басатыны дәстүрге айналған.  Осылайша бүгін Алматыдағы Кəркен Ахметов атындағы Олимпиада резервінің республикалық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінің шаңырағы да  білім нәрінен сусындайтын жасөспірім оқушыларына есігін айқара ашты.

    Оқу жылының басталуына арналған жиынға сап түзеген оқушылар, сыныпатастарымен  қауышып, жаз бойы жиған әңгімелерін айтып тауыса алмауда.  Спортты да бір ұлы өнер  деп қарасақ, оқу мен спортты бірге алып жүретін жас қырандар үшін жыл он екі ай бір сәтте босаңсымау керек. Өйткені, Қазақстанның намысын халықаралық жарыстарда абыроймен қорғайтын талантты спортшыларымыздың көпшілігі осы киелі шаңырақтан қанаттарын қамдап ұшып шығып жатыр десек артық болмас. Сондықтан да бұл мектепте оқитын дарынды жастарға артылар жауапкершілік өте жоғары.

    Алғашқы қоңыруда сөз алған айтулы мектеп-интернат колледжі директорының  орынбасарлары Данара Байдосова мен Жанна Байдуллаева келер жыл төрт жылда бір келетін дүбірлі Олимпиада ойындары өтетін ерекше жыл екенін тілге тиек етіп, жасөспірімдерге оқуда үздік, спортта алда болуларын тіледі. Айтулы мектеп-интернаттың директоры Сейілхан Бақтығалиұлы Қарақов қазір Жапонияда өтіп жатқан әлем чемпионатында ел намысын қорғап жатқан балуандарымызға қолдау-қошемет көрсетіп жүр екен. Сол шетелде жүрген білікті басшы өзінің оқушыларына хабарласып, сәлемін жетікізіпті. Ол сәлемдемеде «Жаңа оқу жылында білім нәрімен сусындап, отансүйгіштік рухта ақылды азамат болып, Қазақстанның намысын абыроймен қорғайтын спорт саңлақтары болып шығуына тілекші екенін жолдап жіберген екен.

    Жиын барысында жыл бойы жақсы көрсеткіштермен көзге ілінген үздік оқушылар құрметпен марапатталды. Кім білсін, осы мектепке биыл ғана оқуға түсіп, алғашқы оқу жылына аяқ басқалы отырған талантты ұл-қыздардың арасында әлем, Олимпиада биігін бағындырар дарабоз спортшылар жүрген болар. Дегенмен де алдыңғы толқынды ағаларының салып кеткен сара жолдары осы ынталы балаларымызға жұғысты болса екен деп тілейміз. Мысалы, жақында ғана  Жапонияда дзюдодан өтіп жатқан әлем чемпионатында қола жүлдені жеңіп әперген аты елімізге мәлім талантты балуан Елдос Сметов осы Каркен Ахметов атындағы Олимпиада резервінің республикалық мамандандырылған мектеп-интернат колледжінің түлегі. Сондықтан да осындай республикамыздағы шоқтығы жоғары тұрған осындай белді оқу орындарының табылдырығын аттаған болашақ жасөспірім таланттар үшін зор мәртебе екені белгілі.

    «Ұстазы мықтының ұстамы мықты», демекші,  бұл мектеп-интернат колледжде дәріс беретін ұстаз-жаттықтырушылардың да талапқа сай деңгейлері өте жоғары. Тарыдай болып кіріп, таудай болып шығатын оқушылардың алар асқар биігі әлі алда. Ендеше, жасөспірімдерге ақжол десек оң болар.

     

    Ақын ОРДАБАЙҰЛЫ,

    АЛМАТЫ

     

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *