Біздің сұрмергендер Оңтүстік Кореяда өткен XV әлем чемпионатынан қанжығаларын медальға толтырып оралуда. Қазақ ұлттық құрама командасының спортшылары әлемдік айқаста жиыны 3 алтын, 2 күміс, 12 қола медаль ұтып алды деген сүйінші хабар алдық. Жеңімпаз спортшыларымыз арқылы Оңтүстік Кореядағы Дүниежүзілік ат үстінен садақ ату федерациясы Ұлттық спорт қауымдастығына арнайы сыйлық жолдапты.
Оңтүстік Кореяның Сокхчо қаласында ат үстінен садақ атудан өткен XV әлем чемпионаты бүгін аяқталды. 27 мемлекеттің таңдаулы мергендері «Корей стилі», «Түрік стилі», «Массае стилі», «Могу стилі» және биылғы әлемдік бәсекенің бағдарламасына тұңғыш енгізілген «Қазақ стилі» сияқты бес түрлі жарыстан бес күн бойы бақ сынады.
Еске салып өтсек, XV әлем чемпионатына аттанған Қазақстан ұлттық құрамасы сапында Абзал Тулыбеков, Ералхан Айкөз, Бақдәулет Бабажан, Айтбек Сарыбай есімді спортшылар мен жаттықтырушылар Елдос Бадашев пен Арслан Қабжанов бар болатын. Біз кешегі ақпаратымызда Абзал Тулыбеков, Ералхан Айкөз, Бақдәулет Бабажанның «Массае стилі» бойынша өткен командалық жарыста қола жүлдені ұтып алғанын хабарлаған болатынбыз. «Массае стилі» бойынша өткен кешегі мергендік сайысында бас жүлдені Оңтүстік Корей, күміс жүлдені Америка спортшылары иеленіпті.
Ал, бүгін біздің мергендер қалың жанкүйерді ұлттық спорттың тарихында бұрын-соңды болмаған үздік нәтижелерімен қуантуда. Қазақ мергендері әлем чемпионатының соңғы күні медаль санын он жетіге жеткізіпті. Бүгінгі күні өткен командалық жарыстарға республикалық, халықаралық жарыстардың бірнеше дүркін жүлдегері атанған айтулы мерген, Жамбы атудан еліміздің бас төрешісі Елдос Бадашев те қатысып, жеңімпаздар қатарынан көрінген.
Суретте: Ат үстінен садақ атудан XV әлем чемпионатын жеңген қазақ сұрмергендері (солдан оңға қарай): Абзал Тулыбеков – 3 қола медаль; Айтбек Сарыбай – 1 алтын, 1 қола медаль; Елдос Бадашев – 1 алтын, 2 – қола медаль; Бабажан Бақдәулет – 3 қола медаль; Ералхан Айкөз – 1 алтын, 2 – күміс, 3 – қола –медаль.
Қолымызда бар ақпаратқа сүйенсек, ат үстінен садақ атудан XV әлемдік додада спортшыларымыз төмендегідей жарыс түрлеріне қатысып, жүлделі орындарды иеленіпті.
«Түрік стилі» бойынша «Қабақ» атудан командалық жарыстың жеңімпаздары:
Елдос Бадашев, Айтбек Сарыбай, Ералхан Айкөз;
«Түрік стилі» бойынша жеке нысана атудан екі дүркін күміс жүлдегері:
Ералхан Айкөз;
«Корей стилі» бойынша бір нысана атудан командалық жарыстың қола жүлдегерлері:
Елдос Бадашев, Бабажан Бақдәулет, Айтбек Сарыбай;
«Корей стилі» бойынша екі нысана атудан командалық жарыстың қола жүлдегерлері:
Елдос Бадашев, Абзал Тулыбеков, Ералхан Айкөз;
«Массае стилі» бойынша командалық жарыстың қола жүлдегерлері:
Бабажан Бақдәулет, Абзал Тулыбеков, Ералхан Айкөз;
«Массае стилі» бойынша «Мастершип» жарысының қола жүлдегерлері:
Бабажан Бақдәулет, Абзал Тулыбеков, Ералхан Айкөз.
Ат үстінен садақ атудан XV әлем чемпионатында олжа салған Қазақстан ұлттық құрама командасының спортшылары 3 қыркүйек күні Алматыға оралады. Дүниежүзілік мергендік сайысында Қазақ елінің намысын асқақтатқан сұрмерген ұлдарыңыздың жеңісі құтты болсын, қадірлі жанкүйер!
Төлеген ЖӘКІТАЙ