Кезінде батыр атамыз Бауыржан Момышұлы: «Менің бойымда қайрат күшім тасып тұрғанда кәрілердің тізіміне қоспаңдар», деген екен. Ойлап қарасақ, батыр атамыздың бұл бір айтқан қанатты сөзіне алып қосар ешнәрсе табыла қоймас. Десек те аз-кем өз ойымды қос кетсем деп отырмын.
Расымен де адамның жасы 45-50 асқан соң біз өзімізді қарт санап кәріліктің ноқтасын уақытынан бұрын басымызға салатынымыз осы неліктен?. Өмірдің өзі арпалыс, айқастан тұрады десек, қоғамда өзімізді еңсемізді түсірмей белді буып, белсене өмір кешкенге не жетсін. Аспан асты еліне Қытайға барған бір сапарымда жастары 80-90 жетіп қалған қариялар көшеде тұрып түрлі жаттығулар жасап не болмаса жүгіріп бара жатқанын көріп таңғалған едім. Олардың бұл жаттығуларына ешкім қарап та жатқан жоқ. Өйткені, қалыпты жағдай деп қарайды. Ал, бізде көше бойында емес арнайы жаттығу залдарына барып, жаттығып жатқан егде адамдарды кездестіру некен-саяқ деп айтуға болады. Мүмкін біздің қазақ үшін ерсі нәрсе шығар. Бірақ денсаулық қимыл –қозғалыстан тұратынын ұмытпасақ екен. Иә, денсаулық – адам үшін таптырмас зор байлық. Басқаның барлығы өтпелі-кетпелі дүние.
Бүгін Алматы маңындағы Өтеген кентінде ардагерлер арасында Ахмет Давыдұлы деген азаматты еске алуға арналған жарыс болып өтті. Иә, жарыстың қалай өткені туралы алда айтармын. Алдымен осы турнирге келіп қатысқан ардагер спортшылар туралы сөз еткім келіп отыр. Өйткені, жоғарыда айтқанымдай, олар — футбол арқылы денсаулықтарын байытып, берекесін көріп жүрген жандар. Осы жарысқа келген ардагер футболшылардың барлығы дерлік аптасына үш рет футбол алаңдарында доп қуалап, денсаулықтарын шыңдап, салауатты өмір салтын ұстанып жүрген командалардың өкілдері. Қайсібірінен сұрасаң да олар футболды өмірлерінің басты тірегі деп қарайтынын, жүгіру арқылы денсаулықтарын жақсартып, бір жағы бастары қосылып шер тарқасып қайтатындықтарын шешіле айтып береді. Сондықтан да осындай турнирлер ардагерлер үшін үлкен мереке әрі денсаулық деп біледі.
Жастары кейбірінің 70-тен асса да алаңда 20-дағы жігітке алдырмайды. Қимылдары әбжіл, ойын техникалары, шеберліктеріне құрметпен қарап қол соғарлықтай. Бүгінгі жарысқа Іле ауданның әр аймағынан 5 команда келіп қатысты.
Жарысты ұйымдастыруға ұйытқы болып жүрген қазақ спорт журналистикасында өз орны бар, белгілі журналист Әлім Анапиянов ағамыздың айтуына қарағанда , бұл жарыс алдағы жылы дәстүрлік етіп өткізілмекші.
Хош, сонымен, күні бойы алаңда жеңіс үшін шүмектеп тер төгіп, жанын салған ардагер ойыншылардың арасынан бірінші орынды жуырда ғана белгілі спорт комментаторы Диас Омаровтың атындағы дүбірлі жарыстың жеңімпазы атанған «Өтеген кенті» командасы жеңіп алса, екінші орынды Сайфуддин, Дархан, Қанат, Бақытжан, Әзиз сынды сайдың тасындай сақа футбол ардагерлері бар «Қарғалы» командасы ие болды. Бір айта кетер жәй, осы аттары аталғандардың арасында Дархан, Қанат, Сайфуддин секілді ардагер спортшылар сонау 1986 жылғы қанды Желтоқсан көтерілісіндегі аязды, азапты түнде шовинистік режимге қарсы шығып, тәуелсіздігімізді жеңіп әперуге үлес қосқан қаhармандар.
Сонымен, жарыс соңында жеңімпаздар мен жүлдегерлер ұйымдастырушылардың әзірлеген кубок, дипломдарымен марапатталды. Сонымен қатар, «үздік қорғаушы», «үздік қақпашы», «үздік ойыншы», «үздік шабуылшы» номинациялары бойынша ардагер ойыншыларға бағалы сыйлықтар табыс етілді. Менде үйге құр қол қайтпай Алла нәсіп етіп, «үздік шабуылшы» марапатын алып қайттым. Елімізде өткен сайлау күні және бүгін кешке Катарда жалауы желбірейтін футболдан әлем чемпионатымен бірге дөп келген ардагерлер жарысы тамаша көңіл-күйде болып өтті. Ардагерлердің айтулы доп додасынан алған әсерлері керемет. Алдағы жылы бұл турнирдің географиялық жағдайы жақсара түсетіні туралы ұйымдастырушылар тілге тиек ете кетті. Жарыс соңында қатысушыларға дастархан жайылып, турнир иесі Ахмет марқұмды еске алып құран оқылды.
Ақын ОРДАБАЙҰЛЫ,
АЛМАТЫ