Қазақ күресінен Беларусьтің Минск қаласында өтіп жатқан əлем чемпионатының екінші күні боз кілемге қыздар шықты. Яғни, бүгіннен бастап қазақ күресінен алда өтетін барлық додаға əйелдер де қатысатын болады. Бұл — Олимпиада ойындарына кіру үшін қойылатын басты талаптардың бірі. Қазақ күресін Олимпиада секілді дүбірлі додаға қосуды мақсат етіп жүрген азаматтардың ісіне сəттілік тілейміз!
Сонымен Минск боз кілемінде қыздар екі салмақ дəрежесінде белдесетін болды. Қазақстан намысын +70 килода атыраулық Қалжан Тайжан мен 70 килода Алтынай Хаби қорғайды. Қалжан самбо күресінен 4 дүркін Азия чемпионы жəне белбеу күресінен əлем чемпионы. Дзюдодан бірнеше дүркін Қазақстан жеңімпазы.
Алғаш болып боз кілемге +70 килода сербиялық Светлана Юна мен моңғол Отгон Мухцецег белдесуді бастады.
Моңғол палуаны қарсыласын 3 минуттың ішінде таза жеңсе, келесі болып боз кілемге шыққан Қалжан Тайжан кілем иесі белорус Юлия Трахневичті қатты қарсылық көрсеткеніне қарамай ұпай санымен ұтты .
Мусағали ТАСҚАЛИЕВ,
арнайы sportpress.kz үшін Минскден. (Беларусь)