• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Бізді таныстырған да табыстырған да — спорт

    Жақында Мәдениет және спорт министрлігінде жақсы бір тағайындау болды. Бұл тағайындауды «Haluq uni» ақпараттық агенттігінің желілік басылымынан оқып, қуанып қалдым. Мәдениет және спорт министрінің жаңа орынбасары болып белгілі азамат Сәрсен Құранбек келді дегенді естіп, риза болдым.

    Сәкең екеуміз 2010 жылдан бері таныспыз. Сол кезде ол «Қысқы Азия ойындары мен Олимпиада алауының эстафетасы жөніндегі қалалық дирекциясы» МКК директорының орынбасары қызметін атқарғанда мен «Егемен Қазақстан» газетінің тілшісі болған едім. Ұмытпасам, 2010 жылдың жаз айында редакцияның тапсырмасымен Қысқы Азиаданың басталуына жарты жыл қалғанда алғаш рет елімізде болатын дүрмекті дода туралы материалдарды шығара бастадық. Бұл іс маған жүктелді. Газет басшылығы «Осы азаматпен хабарлас. Телефон номері осы. Әрі қарай өзің әкетесің», деп Сәкеңнің координатын бергені есімде.

    Сол күні Сәрсен Абайұлымен хабарласып, кешке қарай уақыт оздырмай, материал дайындауға бардым. «Қысқы Азия ойындары мен Олимпиада алауының эстафетасы жөніндегі қалалық дирекциясы» МКК-ге барып, Сәкеңе жолықтым. Мекемеге барсам, орналасқан ғимараты ескілеу екен. Сәкеңнің бөлмесі де аядай болып көрінді. Екеуміз әңгімеден әңгіме шығып, біраз уақыт әңгімелестік. Ол менің әкемді білетінін айтты. Бұған дейін Алматыда біраз мекемеде қызмет етіпті. Сол қызмет бабымен жүргенде әкеммен танысып, жақсы араласқанын жеткізді.

    Сәрсен Абайұлымен сұхбатта спортқа қатысты ғана емес, ата-бабамыздан тарам-тарам ұрпақ арқылы мирас болып келе жатқан ұлттық салт-дәстүріміз, өнеріміз бен мәдениетіміз, тарихымыз туралы әңгіме қозғап, өз ойларын айтты. Сөйтсем, оған таңқалатындай ештеңе жоқ екен. Сәкеңнің текті әулеттен шыққанын сол кезде білдім. Оның туған бауыры Бейсен Құранбек екенін білмеппін. Бейсекең ағамыз да тектілігін көрсетіп жүретін еді. Міне, осы кездесуден кейін біз Сәкең екеуміз ағалы-інілі әріптес болып сыйласып кеттік.

    Ол қай жерде жүрсе де қай қызметте болса да өз ісінің маманы екенін көрсетіп келеді. Оған 2011 жылы елімізде тұңғыш рет жалауы желбіреген Қысқы Азиаданың, қазақтың тағы бір аптал азаматы Арман Шораевтың бастамасымен құрылған «Қазақстан барысы» турнирі мен басқа да жарыстардың лайықты деңгейде өтуіне атсалысқанын дәлел ретінде айтуға болады.

    Жалпы, Сәкең туралы айтар сөзіміз көп. Біз, журналистер қауымы тамырын тереңге жіберген тектілігі бар, көргені мен түйгені бар, кісіге жасаған қайырымы мен кеңдігі бар осындай сымдай тартылған, ақылы мен келбеті келіскен қазақ жігіттерінің мемлекеттік қызметке барғанына қуанамыз! Жұмысыңыз жемісті, ісіңіз берекелі болсын, Сәке!

     

    Дастан КЕНЖАЛИН,

    АСТАНА

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *