• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Велосипедпен Грузияға дейін ғана бару бұйырды – павлодарлық журналист

    Бүгін 28 мамырда велосипедпен Екібастұз қаласынан Сауд Арабиясының Мекке қаласына қажылық парызын өтеуге жолға шыққан республикалық «Спорт жұлдыздары» журналының Павлодар облысындағы меншікті тілшісі Қожакелді Алданов Әзербайжан Республикасының Баку қаласынан Сауд Арабиясының Жидда қаласына жолға шықты.

    Бұған дейін хабарлағанымыздай, ол Қазақстаннан Әзербайжанға, одан әрі Грузия, Түркия, Иордания елдері арқылы екі теңізді кесіп өтіп, Сауд Арабиясына жетуді жоспарлаған еді. Алайда, Алла тағаланың бұйрығымен әріптесіміз Маңғыстау облысынан Әзербайжанға барып, одан әрі Грузияға табан тіреп, бұл елде велосипедпен жүруге рұқсат берілмеген соң, Бакуге қайтып келіп, сол жерден Араб түбегіне аттанды.

    Әріптесіміздің бұл сапары «Құнанбайдың ізімен Мекке сапары» деп аталады. Енді оқырманның назарына Қожагелді Алдановпен кешелі-бері болған әңгімені ұсынуды көріп отырмыз.

    4 шілде, Астана уақытымен сағат 21.00-22.00 арасы.

    -Соңғы рет сөйлескенімізде Маңғыстау облысының Шетпе ауданына жеттім дедіңіз. Одан кейін Ақтауға барып, әрі қарай Бакуге жолға шығамын деген едіңіз. Қазір Әзербайжандасыз ба? Грузиядасыз ба? Жалпы, сапар қалай болып жатыр? Whatsapp-тағы статусыңызға қарасам, қайтып Бакуге барамын депсіз. Жолда қиындық болып жатыр ма?

    -Иә, жолда шаршау бар. Алла сақтасын, шаршадым деп айтпаймын. Бірақ, бәріміз адамбыз ғой.

    -Өткен жолы Ақтаудан Бакуге ұшып, велосипедті паромға (адамдарды өзен, теңіз арқылы таситын кеме, — ред.) тапсырамын деп едіңіз. Сол жағы қалай болды? Әзербайжанға жақсы жеттіңіз бе?

    -Шетпеден Ақтауға жақсы жеттім. Әрі қарай Бакуге ұштым. Паром жабық екен. Әзербайжан жағы жабық. Олар Қазақстан жағын да Грузия жағын да жауып тастапты. Тек Әзербайжанның шетелдегі азаматтарына ғана  рұқсат берілген. Сосын халықаралық тасымалға ғана рұқсат бар. Басқа адамдарды өткізбейді. Сол себепті біз Ақтаудан Бакуге ұштық. Әуежайда велосипедті қорапқа салып, багажға рәсімдеп, дайындап қойғанымда аздап қиындық болды. Аэропорттағылар велосипедті бөлек көрсету керек, деді.  Мен: «Сайтта мұндай талап болмаған. Астанада «Сайтта көрсетілмесе, велосипедті багаж ретінде дайындай беріңіз деп айтты», дедім.  Сол жерде әуежайдың басшылары өздері келіп, сөйлестік. «Айып бізден», деп велосипедті багажға өткізіп берді. Онысына рахмет!

    -Бакуде кіммен кездестіңіз? Кімдер күтіп алды? Бакуден кейін қайда бардыңыз? Жолда нені байқадыңыз, қандай оқиға, жағдайлар есте қалды?

    -Бакуде Қарабақ соғысының ардагері, өзі бұрын полицияда қызмет еткен Гейдар деген ағамыз қарсы алды. Гейдар ағамыз — зейнеткер. Ол – Қазақстандағы таныстарымның танысы. Сол кісі мені жақсы танымаса да Бакуды аралатты. Әзербайжанның астанасы өте кермет екен. Өте күшті әсер қалдырды. Содан кейін Қарабақта болдым. Қарабақтан кейін Ширван, Гянджа деген қалаларға бардым.

    Мен тек халықаралық қонақ үйлерге аялдап жүрдім. Төрт қонақ үйде болдым. Өйткені, жергілікті полиция сондай кеңес берді. Бір тәулікке бағасы 30 – 50 манаттың арасы екен. Біздің ақшамен санағанда 15 – 20 мың теңгенің шамасы. Енді отельдерінің жағдайы жақсы. Оған сөз жоқ.

    Бір байғанымым, туристер көп жүретін жерде алаяқтар да көп болады екен. Мен екі рет алданып қала жаздадым. Бірінші рет Сахил деген қалада болды. Күн еңкейіп, кеш батып бара жатқанда бір дәмханаға бардым. Кафеде біздің анамызбен жасты әйел отыр екен. Соның жанына барып, «Қай жерде жақын маңда кафе бар?», деп сұрадым. Ол маған бір қарады да дастарханына шақырды. Енді сыртта жүрген соң адамнан мейірім күтесің ғой. Дастархан үстінде отбасым туралы, Әзербайжанға қандай мақсатпен келгенімді сұрады. Сосын телефондағы суреттерімді көруге бола ма деп айтты. Менің ойымда ештеңе жоқ, телефонымды қолына ұстатып, су алатын жерге кетіп едім, сол арада ішім бір нәрсені сезді. Артыма жалт қарасам, телефонның тысқабын алып, ақшаны суырып жатыр екен. Мен оған айғай салдым. «Өз еліңізді жерге қаратып, не істеп жатсыз?  Біз бауырлас елдерміз ғой», –  деп айқайлап едім, ол дереу ақшаны қайтарып берді.

    Дәмханада бізден басқа адам болмады. Сосын кафеден шыққаннан кейін жолда бір полицейді кездестірдім. Ол мені отельге шығарып салды. Қонақ үй картада көрсетілмейді екен. Полиция болмағанда табу қиын болатын еді.

    Одан кейін Ширван деген қалада болдым. Бұл қала Сахилден алыстау жердегі қала екен. Біз сыртқа шықсақ, картадан ауытқымауға тырысамыз ғой. Бұл жерге барамыз деген ойымыз да болған жоқ.

    Ширванда кафелер көп екен. Сол жерде бір дәмхананың шетінде жүгері сатып отырған егде жастағы ер адам тұр екен. Одан жақын маңдағы отельді сұрап едім, ол Қарағандыда болғанын айтып, жүгіріден ауыз тиюімді өтінді.

    -Отельді тауып беремін. Ақшасы керек емес. Шай ішкің келсе, шай құйып берімін, – деді.

    Сол кезде біздің жанымызға полицей келіп, маған «бұл жерден кетіп қал» дегендей ымдады. 10 метрдей жердей жүрген соң, тәртіп сақшысы соңымнан келіп, бұл жерде алаяқтардың көп жүретінін, олар отельге апарамыз деп ақшаның бәрін ұрлап кететінін айтты.

    -Біз сені алыстан көріп, әдейі келдік. Саған ескертуге келдік, –  деді.

    Осылайша, полиция маған көмектесті. Ұрылардан, алаяқтардан құтқарып қалды. Сосын Ширваннан кейін Грузияға бардым. Грузияның шекарасынан өтіп, виза беретін пункке келгенде мені кері қайтарып жіберді. «Неге қайтарып жатсыздар?», деп сұрасам, «Медициналық сақтандыру полисін жоқ», деп жауап берді. Менің ішкі түйсігім, проблема медициналық сақтандыру полисінде емес, менің киімімдегі Saud Arabia, Umra деген жазуларда болған сияқты. Олар соған қарап, мені кері қайтарды деп ойлаймын. Өйткені, медициналық сақтандыру полисін теңгемен есептегенде 1 500 – 2 000 теңгеге жасатуға болатын еді. Сол жерде грузиндер маған бір құжатқа қол қоюымды сұрады. Мен одан бас тарттым.

    Қазір хостельде демалып отырмын.  Алла қаласы ертең Бакуге барып, әрі қарай Түркияға немесе Иорданияға, егер ол да болмай жатса бірден Сауд Арабиясына жолға шығамын. Соны ойластырып отырмын. Өйткені, өзімде қатты күйзеліс болды деп ойлаймын. Шаршауды байқап отырмын. Алла өзі кешірсін, шаршадым деп айтпаймын. Бірақ, бәріміз ет пен сүйектен жаралған адамбыз ғой.

    -Жолыңыз болсын! Елдегі бір қазақ ретінде тілеулес болып хабарласқаным ғой. Ертең бір хабарын берерсіз.

    5 шілде, Астана уақытымен сағат 12:52 – 13:08 арасы.

    Бұл әріптесіміз Қожагелді Алдановпен кеше болған әңгіме еді. Бүгін Whatsapp-пен тағы сөйлескенімізде Баку қаласына аман-есен жеткенін, енді шамалы уақыттан кейін Сауд Арабиясының Жидда қаласына ұшатынын айтты.

    -Әзербайжаннан Түркияға ұшайын десем, Сирияның жолы жабық. Иордания да жабық екен. Енді Алла тағаланың маңдайға жазуымен Грузияға ғана жаяу баруға тура келді. Грузия жеріне табан тіреп қайттым. Басқа вариант болмады.

    Әзербайжанда бір аптада Қазақстанда бір ай жұмсаған ақшаны жұмсадым. Шетелде басқа елден келгеніңді көріп, бағаны екі-үш есе қымбаттатып жібереді. Кеше Бакудегі әуежайдың қонақ үйінде болдым. Бір тәулігі – 100 АҚШ доллары.

    Кеше бір әңгімені ұмытып кеткен екенмін, өткен жолы Ақтаудан осында (Әзербайжан, – ред.) келгенімде менен жергілікті журналистер сұхбат алды. Сол жерде «Құнанбайдың ізімен Мекке сапары» туралы бәрін айттым. Олар мені өздері іздеп келді. «Көңіл көңілден су ішеді», дейді. Соған да рахмет! Бакуден Қарабаққа барғанымда сол жердегі хостельдің иесінің інісі де екі рет Умраға, бір рет үлкен қажылыққа барып қайтқанын, мені телевидениеге түсіргісі келетінін айтты. Мен қазір уақытымның тығыз екенін, жолға шығып бара жатқанымды айтсам да ол менің сөзіме қарамады.

    -Сізді Гянджа қаласында журналистер күтіп алады. Сол жерде интервью беріңізші, – деді.

    Гянджа қаласына барғанда шынымен мені бір журналист пен оператор қарсы алды. Баку телевидениесіне сұхбат беріп, бәрін айттым.

    Ал Бакуде пальма көп екен. Жалпы, мен Әзербайжанда пальма ағаштары көп өседі деп ойлаған жоқпын. Мүлдем ондай ойым болмаған екен. Бакуде кактус та көп. Тіпті, мексикалық кактустар да кездеседі.

    Биыл Гейдар Әлиевтің 100 жылдығы екен. Мені бір таңқалдырғаны, автобанның бойында Қарабақ соғысында қаза тапқан сарбаздардың суреттері ілінген. Кейбір қалалада үзбестен суреттері қойылған. Кейбір жерде жолдың бойында, мектептердің алдында, қысқасы көрінетін жердің бәрінде суреттері  тұр. Мемориалдық ескерткіштері де көп. Сол нәрсені жүрегіме жылы қабылдадым.

    Әзербайжанда әйелдер көп көрінбейді екен. Көшеде беталды жүре бермейді. Хостельдерде, тамақтанатын орындарда, дүкендерде негізінен ер адамдар жұмыс істейді. Сосын бір байқағаным, ер адамдары шылымды көп тартады. Қайсысымен кездессең де бірден төрт-бес тал шылымды тартып тастайды. Сұмдық тартады екен. Соны байқадым.

    -Жақсы, әңгімеңізге рахмет! Уақытыңызды алмайын. Рейске де шамалы уақыт қалды деп отырсыз. Алла жол амандығын берсін! Елге жақсы жетіп, отбасыңызға, ағайын-туыстың ортасына аман-есен оралыңыз!

    -Әмин! Айтқаныңыз келсін!

     

    -Әңгімелескен Дастан КЕНЖАЛИН,

    АСТАНА

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *