• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Қазақстанның бес атлеті Азия чемпионы атанды

    Иранның астанасы Теһран қаласында өтіп жатқан жеңіл атлетикадан VIII жабық кешендегі Азия чемпионатының екінші жарыс күнінде қыздарымыз 3 алтын және 2 күміс медаль жеңіп алды. Бұл туралы Қазақстан жеңіл атлетика федерациясының баспасөз қызметі хабарлады.

    Иран Ислам Республикасының заңына сәйкес, әйелдер ерлерден бөлек жеке сайысқа түсуі қажет. Сондықтан таңертеңнен түске дейін әйелдер, одан кейін ерлер арасындағы жарыстар өтіп жатыр.

    Бүгін, 2 ақпан күні таңертеңгі бағдарламада қыздарымыз жаттықтырушылар штабының сенімін ақтады. Финалда өнер көрсеткен 6 спортшының бесеуі жүлдеге ілікті. Оның ішінде үшеуі алтын медаль.

    400 метрге жүгірген Светлана Голендова (Жамбыл облысы) мен Элина Михина (ШҚО) алтын мен күміс жүлдені өзара бөлісті. 24 жастағы Голендова мәреге 53.28 секундта жетті. Элина Михина өз кезегінде 53.49 секундпен екінші болып келді. Қола жүлде Шри-Ланка спортшысына бұйырды.

    Ал 60 метрге тосқауылдар арқылы жүгірген Әйгерім Шыназбекова қазақ қыздары арасынан алғаш болып, жеңіл атлетикадан жабық кешендегі Азия чемпионы атанды. Әйгерім 60 метрді 8.32 секундта жүгірді.

    Үшінші алтын жүлдеге сырықпен секіруші Анастасия Ермакова ие болды.17 жастағы спортшы Теһранда 3.70 метрге секіріп, соның арқасында чемпион атанды. Екінші орындағы Иран спортшысы 20 сантиметрге қалып қойды.

    Анастасия бұған дейін 10 қаңтарда Өскеменде өткен Қазақстан кубогында 3.81 метрге секіріп, жастар арасындағы Қазақстан рекордын жаңартқан еді.

    Тағы бір күміс 60 метрге жүгірген Виктория Зябкинаға бұйырды.Алматылық 25 жастағы атлет финалда 7.39 секундпен мәреге екінші келді. Бас жүлде қытай қызы Лиан Сяочжиға (7,20) бұйырды. Айтпақшы, Қытай спортшысы жабық кешендегі Азия чемпионатының рекордын жаңартты.  Ол рекорд бұған дейін Виктория Зябкинаға тиесілі болатын. Виктория 2016  жылы Дохада дәл осы қашықтықты 7.27 секундта жүгірген еді.

    Өкінішке қарай, Рима Кашафутдинова финалда жоғары нәтиже көрсете алмады. Қарағанды облысының атлеті 7.50 секундпен бесінші орынды қанағат тұтты. Рима ең болмаса кешегі іріктеу кезеңіндегі нәтижесін қайталағанда қола жүлдеге ие болар еді.

    Айта кетейік, Қазақстан спортшылары жабық кешендегі Азия чемпионатынан   әзірге 5 алтын, 2 күміс, 1 қола медаль жеңіп алды.  Жалпы командалық есепте бірінші орында келеміз.

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *