• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Астанада аламан бәйге өтеді

    Орталық коммуникациялар қызметінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жүлдесіне арналған ат спорты түрлерінен «ЭКСПО Кубогын» ұйымдастыру бойынша баспасөз мәслихаты өтті.

    Оған Парламент Мәжілісінің депутаты, Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті Бекболат Тілеухан, Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру комитетінің төрағасы Елсияр Қанағатов, оның орынбасары Серік Жарасбаев, Алматы облысы әкімінің орынбасары Жақсылық Омар пен Алматы облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Тұратбек Чарапиев қатысты.

    ­-Ат жарысы 11 маусым күні сағат 10.00-де Астана қаласының «Қазанат» ипподромында басталады. Бұл жарыс Мәдениет және спорт министрлігі, Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы, Астана қаласының әкімдігі, Алматы облысының әкімдігі мен Қазақстанның бәйге түрлері қоғамының ұйымдастыруымен өтеді. Оған «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры әлеуметтік серіктес болып отыр, — деді Бекболат Қанайұлы.

    Сонымен бірге ол аламан бәйгенің халық көп жиналатын ең қызықты және тартысты жарыстың болатынын айтты. «Бұл сында аттар 25 шақырымға шабады. Одан басқа 15 шақырымға топ бәйге, 7 шақырымға жорға аттар жарысы, 7 шақырымға құнан бәйге, 2400 және 1800 метрге ұшқыр аттар жарысы (гладкие скачки) өтеді», ­- деді ол.

    Спорт және дене шынықтыру комитетінің төрағасы Елсияр Баймұхамедұлының айтуынша, ұшқыр аттар жарысында сыйақы қоры  63 млн. 600 000 теңге (200 000 АҚШ доллары) болады. Бұдан басқа 36 млн. теңге (115 000 доллар) көлемінде сыйақы тағайындалады. Ол жүлдегерлер арасында бесінші орынға дейін бөлініп беріледі.

    Кездесуде Алматы облысы әкімінің орынбасары Жақсылық Омар 25 шақырымдық аламан бәйгеге, топ бәйге, құнан бәйге мен 7 шақырымдық жорға жарысқа әр облыстан биылғы жылғы іріктеуден сүрінбей өткен таңдаулы сәйгүліктер ғана қатысатынын айтты. Оның айтуынша, жарысқа барлығы  130-дан астам жүйріктері тіркелді.

    ­-Ал жалпы жарысқа еліміздің 14 облысы мен Астана және Алматы қалаларынан шабандоздар қатысады. Сондай-ақ, Ресей, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркия, Болгария мен басқа да елдерден қатысушылар келеді делінуде. Бүгінгі күні ұлттық спорт түрлері жастардың арасында үлкен қызығушылық тудырып отыр. Ескі дәстүрлер әсіресе, Алматы облысында жаңғыртылып жатыр. Облыста 1 384 дене шынықтыру ұжымдарында ұлттық спортпен айналысушылар саны 46 566 адамға жетті. Оның ішінде ұлттық ат спорты түрлерімен 12 582 адам шұғылданады, ­- деді ол.

    Жиын соңында бізге белгілі болғандай, ат жарысында берілетін сыйақыны Алматы облысы тағайындап отыр екен. Яғни, аламан бәйгеде бас жүлдені жеңіп алғанға 10 млн. теңге, екінші орынға 5 млн., үшінші орынға 1,5 млн. теңге, мәреге төртінші келген адам мен бесінші болып жеткен шабандозға тиісінше 1 млн. мен 500 000 теңге сыйақы беріледі. Топ бәйгеде жеңімпазға 5 млн. теңге, күміс жүлдегерге 2 млн., үшінші орынға 1 млн., мәреге төртінші келген адамға 500 000 мен бесінші орынға 300 000 теңге тағайныдалады. Құнан бәйгеде бас жүлдеге 3 млн., күміс медалиске 1,5 млн., қола жүлдегерге 1млн., төртінші орынға 500 000 мен бесінші орынға 300 000 теңге беріледі. Жорға аттар жарысында жеңімпаз 1,5 млн., күміс медалист 700 000 теңге, қола жүлдегер 400 000, төртінші және бесінші орынды қанағат тұтқан адам 200 000 мен 100 000 теңге алады.

    Жарыстың үзіліс кезінде  «джигитовка», «теңге ілу», «жамбы ату», «қыз қуу», қазақы тазы иттер жарысы сияқты ұлттық спорт түрлерінен көрсетілімдер ұйымдастырылады.

    Тағы бір айта кететін нәрсе, Мәдениет және спорт министрлігі «Экспо-2017» көрмесі аясында халықаралық деңгейдегі 18 спорттық шара өткізеді. Еліміздің өңірлері де спорттық сайыстардан қалыс қалмайды. Көрме кезінде Қазақстанның 14 облысында 20-дан астам жарыстар өткізізу жоспарланып отыр.

    Енді Астананың мағында 11 маусым күні болатын ат жарыс туралы айтсақ, бәйге – көптеген түркі-тілдес халықтардың ежелден келе жатқан спорт түрі. Ол жазық жерлерде орта және ұзын қашықтықта өтетін жарыс. Бәйгеде шабандоздың тактикалық шеберлігі мен аттың жарысқа дайындығы аса маңызды саналады.

    Дастан КЕНЖАЛИН

     

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *