• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   
    Qazaq Kuresi қауымдастығының баспасөз қызметі

    Оннан астам ел бірігіп қазақ күресін дамытуға келісті

    Әзербайжанның астанасы Бакуде өтіп жатқан қазақ күресінен ересектер арасындағы әлем чемпионаты кезінде Qazaq Kuresi қауымдастығы мен қатысушы елдердің ұлттық федерация өкілдері кездесті, деп хабарлайды Qazaq Kuresi қауымдастығының баспасөз қызметі.

    Басқосуда қазақ күресінің халықаралық деңгейдегі дамуы сөз болып, 12 елдің өкілі ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

    Жиынды Qazaq Kuresi қауымдастығының бас директоры Мейіржан Берекетов ашты. Ол ұлттық федерация басшылары мен спорт ұйымдарының өкілдеріне Бакудегі кездесуге қатысқаны үшін алғысын білдіріп, елдер арасындағы тұрақты әріптестік қазақ күресінің аясын кеңейтуде айрықша мәнге ие екенін атап өтті.

    «Бүгінгі кездесу халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға, ұлттық федерациялар арасындағы достық байланысты дамытуға және алдағы өзара іс-қимыл үшін жаңа мүмкіндіктер қалыптастыруға бағытталған. Біз әріптестеріміздің қазақ күресін дамытуға деген ықыласы мен ортақ жұмысқа белсенді араласуын жоғары бағалаймыз», деді Мейіржан Берекетов.

    Басқосудың негізгі бөлігі ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою рәсімімен жалғасты. Құжат ұлттық федерациялар арасындағы өзара іс-қимылды күшейтуге, серіктестік аясын кеңейтуге және қазақ күресін халықаралық деңгейде бірлесе дамытуға бағытталған. Меморандумға Грузия, Үндістан, Филиппин, Иран, Италия, Қырғызстан, Литва, Молдова, Нидерланд, Польша, Тәжікстан және Индонезия өкілдері қол қойды. Осылайша, Әлем чемпионатына келген 12 ел қазақ күресін ілгерілету бағытындағы ортақ жұмысты жалғастыруға уағдаласты.

    «Жиында Индонезиядағы қазақ күресінің дамуына да назар аударылды. Биыл елдің ұлттық федерациясы United World Wrestling (UWW) тарапынан ресми қауымдастырылған ұйым ретінде танылып, Индонезия аумағында қазақ күресін дамытуға жауапты құрылым мәртебесін алды.

    Осыған орай UWW-дің техникалық делегаты Онур Шимшек Индонезия федерациясының басшылығына халықаралық ұйымның тиісті сертификатын табыстады. Бұл қадам қазақ күресінің Индонезияда жүйелі түрде дамуына және жергілікті федерацияның халықаралық байланысын кеңейтуге мүмкіндік береді», делінген хабарламада.

    Бакудегі кездесу ұлттық федерациялар арасындағы байланысты жаңа мазмұнмен толықтырды. Тараптар алдағы уақытта ортақ жобаларды жүзеге асырып, қазақ күресін өз елдерінде дамытуға және халықаралық деңгейдегі ынтымақтастықты кеңейтуге уағдаласты.

    Бұған дейін 22-23 тамыз күндері Әзербайжанның астанасы Баку қаласында қазақ күресінен ересектер арасындағы XII әлем чемпионатының жалау көтеретінін хабарлаған едік. Қазір оған 30-ға жуық елден 300-ден астам балуан қатысып жатыр.

    Екі күнге жоспарланған жарыста ерлер мен әйелдер 16 салмақ дәрежесі бойынша күш сынасады.

     

     

     

     

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *