• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    «Іле» гандбол командасының алар асулары алда

    Гандбол – олимпиадалық спорт түрі болғандықтан, жарыстың бұл түрін дамыту өңірлерде дұрыс жолға қойылып келеді. Алдымен осы қол добы спортының шығу тарихы туралы аз-кем тоқтала кетсек. Оның пайда болу уақыты 1898 жыл деп есептеледі. Бұл спортты дене шынықтыру мұғалімі Хольгер Нильсен ойлап тапты.

    Бұл ойында әрбір командада жеті ойыншыдан болады. Гандбол топтық ойын, мұнда допты қолмен ғана ойнайды. Ойынның басты мақсаты – мүмкіндігінше қарсылас топтың қақпасына көбірек доп лақтыру. Ойын жабық алаңда өтеді. Ол тіктөртбұрыш секілді болып келеді және де оның ұзындығы 40 м, ал ені болса 20 м.

    Гандбол добы таза теріден және синтетикалық материалдан жасалады. Ол домалақ және тайғанамайтын, жылтырап тұратын болмау қажет. Гандбол добының әр жастаға балаларға арналған үш өлшемі бар. Спорттың бұл түрі тұңғыш рет 1936 жылы Берлинде өткен Олимпиада ойындарының бағдарламасына кірді. 11ойыншыдан тұратын жарыстарға Германия, АҚШ, Австрия, Швейцария, Румыния секілді 6 команда қатысқан болатын.

    Олимпиадада гандбол жарысында Германия құрамасы жеңіске жетті. Ал, әйелдер арасындағы бәсекелер 1976 жылы Монреалда өткен Олимпиада ойындарына қосылған еді. Бұл сында Кеңестер одағының құрама командасы алтын жүлдені жеңіп алды. Олар бұл жеңісін 1980 жылы Мәскеудегі төрт жылдықтың жарысында қайталады. Ілгеріде қол добы жарысына 11 ойыншымен ойнаса, 1946 жылдан бастап гандбол 7х7 форматы бойынша жаңа ойын ережесімен ойналатын болған. Ал, Қазақстанға гандбол 1992 жылы келді десе болады. Қазақстан  федерациясы құрылып, 2009 – 2011 жылдары тұңғыш рет жастар мен бойжеткен қыздар арасында 3 кезеңдік аймақтық, континентальдық финалдық турнирі –халықаралық гандбол федерациясының «Ауыспалы трофей ХГФ» болып өтті.

    Қазақстан құрамасының гандболдан үлкен жетістігі ол 2010 жылы Азия чемпионатында айтулы ауыспалы трофей жүлдесінің күміс медальдарын жеңіп алған еді. Ал, биыл Жапонияда  өтетін ХХХІІ жазғы Токио Олимпиада ойындары таяп қалды. Шіркін, осындайда гандболдан Қазақстан құрамасының ерлер мен әйелдер командаларының бірі алдағы Олимпиада ойындарына жолдама алса деп армандайтын жанкүйерлер жетеді. Дегенмен уақыт бәріне төреші. Алдымен еліміздегі қолдобын дамыта отырып, халықарлық, әлемдік жарыстарда жүлделі орыннан көрінудің маңызы зор екенін жақсы білеміз.

    Елімізде спорттың бұл түрінің қарқынды дамуына гандбол федерациясының әр жылдардағы басшылары  Е.А. Әміржанов ,Б.М.Сапарбаев пен қол добы федерациясының құрметті президентті Гүлнәр Тұрлыханова өлшеусіз үлес қосты деуге болады. Гүлнәр Ысмағұлқызының жетекшілігімен соңғы он жылда Қазақстанның қыздар құрама командасы көптеген халықаралық, азиялық жарыстарда жеңімпаз атанып,  жүлделі орындардан түскен емес. Сонымен бірге үш рет әлем чемпионатына тікелей жолдаманы жеңіп алды. Ал, 2008 жылы Бейжің Олимпидасына қатысқан әлемдегі 12 үздік команданың қатарынан көріне білді. Міне, Қазақстанда гандболдың өсу, даму қарқыны осы жылдары бір сәтте те баяулаған емес. Оның басты себебі, өңірлерде бұл спорт  түріне қызығушылық біртіндеп білікті мамандардың белсенді жұмыстарының арқасында сәтті жалғасын тауып келеді. Айталық, бүгінгі таңда қыздар арасында Алматы облысының құрама командасының негізін құраушы «Іле» гандбол командасының талантты ойыншылары тамаша ойын өрнегімен ел чемпионатында көзге түсуде. Негізі, қандай спорт түрі болмасын, шын беріліп, жағдай жасалғанда ғана нәтиже болатыныны белгілі.

    «Іле» клубының жарқын қадамдары осы спорт түрін жақсы көріп, жаны ашитын шын берілген басшылық пен өз ісінің білікті жаттықтырушылардың жұмысының нәтижесі арқылы жемісін беруде деуге келетін сияқты. Мысалы, «Іле» гандбол командасына жетекшілік етіп отырған Алматы облысы Деншынықтыру және спорт басқармасы, гандболдан мамандандырылған №12 Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Дархан Әшіровтың белсенді жұмысының нәтижесінде айтулы мектептің ұл-қыздары тамаша жетістіктерге жетіп келеді. Білікті басшы, танымал спортшы өзге саладан емес, спорттың қазанында қайнап, тәжірибесі толыққан жас маман. Гандбол спорт түріне бар ынтасымен берілгендігі соншалақты команданы әрбір жарысқа өзі бастап апарып, қыздарының ойынға жан-жақты дайындықпен шыңдалуын қадағалап, зор үлесін қосып жүр. Кезінде бокстан әлем чемпионатында  ел қоржынына олжа салған дарынды былғары қолғап шебері, өзі жиған тәжірбиесін өңірдегі қол добының дамуына салған екен. Иә, спорт десе ішкен асын жерге қоятын жанның өз ісіне адалдығы, шеберлігі, жасап жатқан жұмыстарынан көрінгендей.

    Қазіргі таңда «Іле» гандбол командасының қатары талантты арулармен толыға түскен екен. Сонымен қатар тәжірбиесі жоғары мамандарды жан-жақтан командаға тарту бас қатыратын шару екені анық. Бапкерге бар жағдай жасалғанда ғана жұмысына тыңғылықты  кірісетіні белгілі. Айлығы шайлығына жетпесе қандай бапкер болмасын өз ісіне құлықсыз қарайтыны бесенеден белгілі. Осындай  күрмеулі  мәселелерді білікті басшылық  түйінін тарқатып шешімін тауып берген екен. «Қазанға не салмаң – шөмішіңе сол ілінер», демекші гандболдың дамуына бар жағдай туғызып, шапқылап жүрген Дархан сынды жанашыр азаматтың белсенді тірлігі күн санап  біліне бастағандай. Мысалы, білікті мамандарды командаға әкелу арқылы үлкен нәтиже күтуге болатынын білген білікті маман ол жағында мұқият  қарастыра білген екен. Айталық,  ҚР спорт шебері, гандболдың іздесең таба алмас мамандары Евгений Шишкин, Александр Красильников, Зарина Байғабылова мен халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері Ирина Александрова, Анастасия Нұржаубаева және Қазақстанға еңбегі сіңген спорт шебері Наталья Кефер сияқты өз ісіне ұқыпты, білгір мамандардың ұжымға келіп қосылуы өз нәтижесін бере бастапты. Өйткені, әрбір салада білікті өз маманы болмай, белгілі бір нәтижеге жету мүмкін емес екені жақсы білеміз. Сондықтан да осындай игілікті қадамдар көпке үлгі болса жарар еді.

    Алматы облысы Денешынықтыру және спорт басқарамасының қолдауымен гандбол федерациясы 2017 жылы құрылған болатын. Содан бергі бұл спорт түрінен «Іле» жастар мен жасөспірімдер командаларының шыққан  белестері көңіл қуантады. Мысалы, 2018 жылы Іле ауданы Өтеген кентінде 2003 жылғы қыздар арасында өткен респбулика біріншілігінде топжарып бірінші орынды жеңіп алса, 2019 жылы  Қостанай қаласында 2002 жылы  туған қыздар арасында өткен Қазақстан чемпионатында екінші орынды иеленеген екен. Сонымен бірге ұлдар да қыздардың тамаша жетістігінен артта қалуды намыс көріп, Ридер қаласында  өткен ел біріншілігінде қола  жүлдені жеңіп алады.

    «Іле» гандбол командасы халықаралық деңгейде де жеңістің бас тұғырынан көріне білген. Өзбекстанның Наманган қаласында «Тәуелсіздік кубогы» үшін өткен сында жеңімпаз атанып, Қазақстанның абыройын бір көтеріп тастады. Бүгінгі таңда Алматы облысының Алакөл, Панфилов, Райымбек, Қарасай, Еңбекшіқазақ,Талғар және Қарасай аудандарында гандболдан бөлімшелер ашылған .Ол гандбол филиалдары жалпы білім беретін мектептердің базасында жұмыс істеп келеді. Бүгінгі күні жасөпірімдердің гандбол спортына қызығушылығы арта түсуде. Өйткені, қол добы спорты нағыз тер төгіп, шеберлікті паш ететін олимпиадалық спорт ойыны.

    Қазіргі кезде  «Іле» гандбол командасы ұлттық құрамаға өз таланттарын даярлап беріп отырған берекелі ұстаханға айналуда. Айтулы спорт мектебінің үш бірдей бұрымдылары Қазақстан ұлттық құрама командасының сапында өнер көрсетеді. Алматы облысы Денешынқтыру және спорт басқармасының қолдауымен талантты қыздар жастар арасында Азия  чемпионатына қатысып,  төртінші орынға көтерілген екен. Мұның өзін үлкен жетістік деп бағалауға болады. Өйткені, жер-жүзінде өткен ғасырдың аяғынан бастап бастау алған айтулы спорт түрі, біздің елде тәуелсіздігімізді алғалы бері еңсесін тік көтеріп енді ғана қарқынды даму үстінде. Алдымен ауыл-аймақтағы осындай олимпиадалық спорт түрін кеңінен насихаттау бүгінгі күні ерекше қолдау алуда. Ауыл қазақтың күре тамыры, алтын бесігі десек, ауыл таланттарын аршып шығарып, ұлы додағы даярлап қосу, ел спортының болашағы үшін маңызы зор. Осы бағытта Алматы облысы Деншынықтыру және спорт басқарамасының бастығы, Олимпиаданың  күміс жүлдегері, жас та болса бас болып, өңір спортының дамуына жаңа серпін әкеліп зор үлесін қосып жатқан Нұрбақыт Теңізбаев үшін  бұқаралық спортпен қоса гандбол секілді олимпиадалық спорт түрлерін елді-мекендерде көтеру уақыт күттірмейтін жоталы мәселе болып отыр.

    «Бұлақ көрсең көзін аш», демекші, ел ішінде талантты жастар жетерлік.Тек сол көзінде оты бар, сүйікті спортына деген сүйіспеншілігі жоғары, талантты ұл-қыздарды тани білу бапкерге үлкен сын. Ол үшін ауданаралық, облыстық жарыстарды жиі  өткізу арқылы үздіктерді анықтауға болады. Қазіргі кезде облыстағы әрбір спорт саласына бойында жалыны бар, өз ісінің жас мамандарын тарту мәселесін қолға алған  Нұрбақыт Теңізбаевтың іргелі істері өз жемісін беріп келеді. Әсіресе, жастардың спортқа деген құмарлықтары өсіп, талантты жастардың тасада қалмауына бар жағдай жасалынуда. Сондай-ақ, олимпиадалық спорт түріндегі алар орны ерекше қол добы спорты да айырықша дамып, қарқын алып келеді. Бұл спорт  түріне облыс тарапынан үлкен қаржы бөлініп, білікті бапкерлер шақырылуда. Иә, қолдау, көмек болған жерде, табыс та жайлап келе берітіні анық. Бүгінгі күні «Іле» гандбол командасының алға қойған басты мақсаты, ел біріншілігінде топ жарып, ұлттық құрамаға өз таланттарының қатарын көптеп қосу арқылы, ел чемпионатында қара үзіп алға шыға екені анық білінеді.

    Иә, айтулы  гандбол спорт мектебінің қабырғасынан ұшып шығып, ұлттық құраманың жейдесін киген дарынды жастардың арманы әрине,  Азия, Еуропа, әлем жарыстарында табысты өнер көрсетіп, Қазақстанның намысын қорғау екеніне сөз жоқ. «Барлық жол Римге апарады», демекші, Олимпиада асуын бағындыратын күнде неге армандамасқа. «Армансыз адам – қанатсыз құспен тең», дегендей, Токио Олимпидасына бармасақ та, алдағы бір онжылдықта гандболдан Қазақстан құрамасы Олимпиада да бір аламан ойындарды көрсетер деген үмітімізді үкіліп қойсақ артықтығы болмас. Ендеше, ұлттық құраманың деңгейі нығайса, еліміздің де абыройы асқақтай түсетіні мәлім. Сондықтан да Қазақстанның әр өңірінде жоғарыда айтқан «Іле» гандбол командасы секілді шеберліктері ұйысқан ұжымдардың көптеп қалыптасуын тілейміз. Ел ішіндегі таланттарға жол ашып, табысты ойын көрсетуге оқталған «Іле» клубының алар асулары әлі алда деп білеміз.

     

    Ақын ОРДАБАЙҰЛЫ,

    АЛМАТЫ

     

     

     

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *