• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Дара дауыс иесі — Диас Омаров

    Қазақ музыка әлемінде  қаншама сазгер, күміс көмей әнші, тума таланттар өздерінің Алла берген айырықша ұмытылмастай қасиеттерімен ел есінде сақталынынып қалған. Олардың өздеріне тән ән салу ерекшелігі, көптен бөліп, дарындылығын паш етеді. Сол секілді әрбір саланың өз саңлағы, өз топжарар талантты тұлғасы болады. Оларды өзінің тума таланттымен ортадан оқшау озып тұрары анық. Мысалы, еліміздегі спорт комментаторлық саласының негізін қалағандардың бірі, атақты комментатор, футбол ардагері Диас Ілиясұлы Омаровты сол күміс көмей үні бар, байтағы кең, сөз байлығы бар тұлға ретінде бөліп жарып айтар едім.

    «Тектіден текті туар шаң жуытпас», демекші, әкесі Ілияс Қаз КСР Мәдениет министрі, Қазақстан Орталық комитетінің хатшысы болған адам. Зиялы  отбасында дүниеге келген Диас әкесі Ілиястан  мәдениеттілік пен еңбекқорлықты, анасы Гүлшаттан мейірімділік пен адамгершілікті бойына сіңіріп өседі. Бала кезінен футболға жаны құмар Диас бозбала шағынан аула футболында алдына жан салмай допты тамаша игеріп алып түрлі ойын шеберлігін паш етіп, құрбы-құрдастарын тәнті етеді.

    Балалықтың ауылынан  алыстап ержеткен шағында Диас Омаров С.М.Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік университетінің филология факултетінің журналистика бөліміне  оқуға түсіп, айтулы білім шаңырағын жақсымен бағамен аяқтап  бітеді. Диастың бала күнге арманы – халықтың сүйікті командасы «Қайраттың» құрманда өнер көрсету еді. Сол арманы орындалып, Алла нәсіп етіп, сынақтан сүрінбей өткен дарын иесі 1965 жылы  «Қайрат» командасының ойыншысы болып шыға келеді. «Ояна кетсем, ояз екем», дегендей бала күнгі арманы орындалған Диас енді бар күш жігерін салып тек тамаша ойын көрсетуге бел байлайды. Иә, қатарында Сергей Квочкин, Леонид Остроушко, Тимур Сегізбаев, Олег Мальцев, Евгений Кузнецов секілді бүкіл халықтың сүйікті ойыншылары бар команда құрамында тек  барыңды салып өнер көрсетпесең қосалқы топта қалып қояры сөзсіз еді. Дегенмен Диас Ілиясұлы аттарынан ат үркетін әйгілі әріптестерінің  қатарында елеусіз қалуға намысы жібермей, тамаша тартысты ойын өрнегін көрсетіп, сол кездегі стадион толы келетін жанкүйерлерінің  құрметіне ие бола білген. Спорттың ішінен болаттай қайнап шыққан аяқ добының алыбы Диас Омаров өмірден алған тәжірбиесін спорт журналистика саласына арнап көрмекші болады. Содан кейін еңбек жолын ақпараттық  газет-журналдардан бастайды. Кейін келе, Қазақ  теледиадары мен қазақ радиохабарлар толқынынан футбол репортаждарын жүргізіп, миллиондаған көреремені мен тыңдаушыларының  ыстық ықыласына бөленіп, сүйікті комментаторына айналады. Ресейде Вадим Синявский, Николай Озеров, Владимир Маслаченко, Владимир Перетурин, Евгений Майоров секілді әйгілі комментаторлар жұмыс істесе, Грузияда Коте Махарадзе, Қазақстанда Владимир Тольчинский, Сейдахмет Бердіқұлов, Диас Омаров, Рабат Жәнібеков, Сұлтанғали Қаратайұлы, Өмірзақ Жолымбетов сынды қазақ спорт журналистикасының қадау-қадау қабырғалы қайталанбас тұлғалары өз іздерін ел есінде қалдырып кетті. Мысалы, Ресейдің 1950-1960 жылдардағы аты шыққан қақпашысы Владимир Маслаченко өзінің спорттағы  мансабын сәтті аяқтағаннан кейін, спорт комментаторы болып кеткен. Бұл саланы да тамаша меңгеріп алып кеткен атақты спортшы өзінің өмірдегі  жиған бай тәжірбиесін тартымды репортаждарында қолдана біліп көпшіліктің сүйіспеншілігіне бөлене білген. Сол секілді біздің  Диас Омаров та «Қайрат» командасының қатарында жүріп тамаша ойындарымен Қазақстандағы футбол жанкүйерлерінің жүрегінен орын таба білсе, үлкен футболдан кеткен соң өзінің футболдың бар ғажабын бойына сіңіріп қалған әйгілі ойыншы, комментаторлық салада да алдына жан салмай халқына ғажайып дауысымен тамаша, тартымды  репортаждарды тарту етіп ел спорт тарихында есімі ұмытылмастай болып қалды.

    Диас атамыз комментаторлық мамандықтың кержорғасы бола жүріп, осы бір салаға тың соқпақ сала білген жан. Эфирге шыққанда немесе радиотолқынында футбол репортаждарын жүргізгенде ешқандай артық ауыз сөз айтпайтын Диастың сиқырланған ғажап дауысы тыңдаушыларын өзіне баурап алатын өзіне ғана тән бір қасиеті бар еді. Содан кейін кейін сөйлемді шұбыртып сорпасын сапырып отырмай, қысқаша аз сөзбен көп мағына білдіретін (локонично), ойды жылдам жеткізе білетін ерекшелігі таңғалдыратын. Әрбір сөзі орнын тапқан кірпіштей жараса кететін. Ал, ғажайып дауысы өз алдына бір төбе. Ардақты атамыздың тағы бір ерекшелегі, репортаж кезінде пайда болатын үзілісте еліміздің жер-жерінде болып жатқан спорт жарыстарынан қысқаша ақпаратты уақытымен жедел бере отырып эфирдің қызықтылығын арттыра түсетін. Спорт комментаторы бір бөлмеде жантая жатып алып ешқандай қызықты мақалалар жаза алмасы белгілі. Бұл бағытта да Диас Ілиясұлын көпшілік ортасынан жиі көретінмін, әсіресе дүбірлі жарыстарда өзіне ғана жарасатын, жымиып қана қоятын жылы күлкісімен бел ортасында тамашалап отыратын. Диас ағамен бір жарыста кездесіп әңгімелесіп отырғанда, мұның сырын былай деп  айтып бергені бар.

    – Спорт журналисі жарыстарға жиі барып, спортшымен бел жақын араласып білгенде ғана жақсы материал дүниеге келеді. Ал, ғаламтордан қалқып алып жазған мақаланың бір тұздығы жетіспеген тамақ сияқты татымсыз болып тұрады, деуші еді ардагер ақсақал.

    Диас Ілиясұлы Мюнхень, Мәскеу, Атланта, Наганодағы Олимпиада ойындарынан алғаш болып репортаждар жүргізді. Сондай-ақ, ол волейболдан Алматының «Буревестник» командасы КСРО чемпионы атанғанда, біздің волейболшылар Еуропа чемпионы кубогын жеңіп алғанда, қуана сүйіншілеп халыққа алғаш болып жария еткен спорт журналисі. Диас Ілиясұлы, Ресейдің атақты комментаторы Николай Озеровпен де жақсы сыйлас болған адам. Бір мысал, 1972 жылы Мәскеуде аты әлемге тараған спорт комментаторы Николай Озеровтың 70 жасқа толуына орай шағын футболдан журналистер арасында  «Пас от Озерова» деген халықаралық жарысы өтеді. Қазақстан командасы түңғыш рет осындай халықаралық жарысқа сайдың тасындай қаламгерлерін  іріктеп алып, Арыстан Салин мен  Диас Ілиясұлының басшылығымен аттанып кетеді. Сол жарысқа қатысуға келген Қазақстандық әріптесіне әйгілі комментатор ерекше құрмет көрсетіп, тіпті қонақ үйге арнайы өзінің көлігімен апарған сәттер де болған екен. Сол байрақты жарыста Диас атамыздың командасы «Комсомольской правда», «ИТАР-ТАСС», «Московская правда», «Санкт-Петербург телевидениесі»  секілді құрама командаларды айқын басымдықпен жеңіп, айтулы турнирдің мерейтой иесі Николай Николаевич Озеровтың қолынан бас кубокты құрметпен алып, жеңіспен елге оралыпты. Иә, бұл кешегі күннің тарихы. Бірақ осындай халықаралық сында жеңімпаз атанып келген Диас Омаров бастаған журналистеріміз жасампаз егеменді еліміздің алғашқы алтын буындары еді. Диас Ілиясұлының қарапайымдылығы, адамгершілігі мен өткір әзілдері менің есімнен ешқашан кете қоймас. Бір жолы, бір топ спорт журналистер Семей қаласына жолымыз түсіп, қақаған ақборан қыс айында  сапарлатып бара қалдық. Ұмытпасам сол қалада спорттан үлкен бір шара өткен еді. Семейге келген соң бәрімізді күтіп алушылар қонақ үйге жайғастырды. Далада азынаған қыс айы болғандықтан ба қонақ үйдің іші кәдімгідей суық болып шықты. Кеш батып кеткен еді. Бір кезде біздің бөлмеге жарысты ұйымдастырушылардың өкілдері келді. Олар келген бойда Диас Омаров осы бөлмеде ме сұраған еді. Негізі, біз Алматыдан барған журналистер ортамызда Рабат Жәнібеков пен Диас Омаров секілді елге белгілі екі ақсақалымыз бар бәріміз бір  бөлмеде болатынбыз.

    – Иә, Диас менмін, біз әлі ешнәрсе бүлдірген жоқпыз ғой, – деп, бәрімізді бір күлдіртіп алды. Сосын әлгі келген жігіттер;

    – Диас аға, сіз бізбен бірге жүріңіз. Сізге арнайы дастархан жайылып жатыр. Сол жақта боласыз дегені сол еді.

    — Кешіріңдер жігіттер! Мен ешқайда бармаймын. Барсам әріптестерімен бірге барамын, деп қысқа ғана жауап беріп бұрылып кетті. Содан әлгі жігттер қайта айланып келіп, кешірім сұрап Диас ағамен бірге бәрімізді бірге алып кетпекші болды. Сонда мен Диас атамыздың қайда жүрсе де қасындағы достарына деген адалдығы мен қарапайымдылығын көріп қатты тәнті болдым.

    Ал енді ардақты атамыздың ұтымды қысқа әзлідері туралы бір естелікті айта кетсем. Негізі, жарыстарда Диас ағамен мен жиі-жиі кездесіп қалатынмын. Бірде ол кісімен қатарласып отырып жасөспірімдердің футбол ойындарын тамашаладық. Ойынға тесіліп қарап отырған атамыз маған бұрылып, «Ақын, сен байқаған жоқсың ба мына командалардың арасына бөтен ойыншы кіріп кетіпті. Сірә,  олар тыңшылар болса керек», дегені. Мен байқап қарасам расымен де команда ойыншыларының арасында арқасында номері бар, бірақ жейдесінің түсі өзгеше екі ойыншыны көрдім. Сосын барып қана ол кісінің әзілінің мәнісін түсініп ал кеп күлгенім. Сондай бір тамаша ұтымды, ұтқыр  әзілдерімен де  Диас атамыз ерекшеленіп тұрушы еді. Диас Омарұлы көп жылдар бойы қазақ теледидарында  қызмет істеп, комментаторлықпен бірге көптеген тартымды телехабарлардың авторы болды. «Құнды сөз құнарлы ойдан туады», деген екен Л.Н.Толстой. Өзінің сөз қорының тереңдігі мен спорт саласындағы сауаттылығының нәтижесінде Диас атамыз жасаған репортаждар алтын қорда  сақталынып қалды. Қазақ спорт комментаторлық саласында өзіне ғана тән иірімдер мен өз стилін қалыптастыра білген  ақжарма перзентін халық ешқашан ұмытпасы ләзім.

    Қазір футболдан журналистер арасында Диас Омаровты еске алуға арналған турнир өткізіліп тұрады. Бірақ бұл жарыс тұрақты емес. Бұл жарысқа тұрақты демеуші табылып, турнирдің өрісін кеңейтіп ТМД елдерінің жан-жағынан спорт тақырыбында жазар қаламгерлердің басын қосатын ірі жарысқа айналуын тілер едім. Болашақта әйгілі комментатор, сиқырлы дауысты серке сөздің сардары Диас Омаровтың атында көше беріліп, мұражай ашылып, өзі дәріс алған әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті журналистика факулететінің жанынан Диастың комментаторлық мектебі туралы дәріс өткізіліп  жатса, қазақ спорт журналистикасы үшін бағасы шексіз қуаныш болар еді. Елім аман жұртым тыныш болса ол күнде келіп жетер.

     

    Ақын ОРДАБАЙҰЛЫ,

    АЛМАТЫ

     

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *