(Қазақ спорт журналистикасының құлагері Әлім Анапьянов жетпіс жаста)
Жақсы адам жарық шам секілді, айналасына жарық беріп тұратын. Жақсы адамдармен кездескенде басыңдағы бар мәселеңді кейін ысырып қойып, жақсының айтқан ғибрат сөздерінен ұйып тыңдап, жаңыңа шипа алғандай боласың. Сонымен қатар өмірге деген құлшынысың артып, бойыңа шабыт пайда болады. Міне, сондай жанның бірі Әлім Ілиясұлы Анапьянов.
Әлім ағамыз ақиық ақын Мұқағали Мақатаев айтқандай, сөзбен сурет салып, ой түйетін, парасат пайымы жоғары, білімі терең, байтағы кең ардақты тұлға.
Қашан көрсең өмірге сергек, жүзі нұрлы, салауатты өмір салтын берік ұстайтын Әлім ағамыздың бет-бейнесі, өмір жолы жас ұрпаққа үлкен-өнеге. «Тұлпар болар жылқының туысынан білесің» дегендей, Әлім Ілиясұлы Анапьянов бала кезінен оқуға зерек, жазба өнеріне құштар, спортқа жақын болып өскен екен. Туып өскен кезіндегі Талдықорған облысы, Гвардия ауданы Қоғалы ауылында мінезі біртоға жасөспірім өзі қатарлы құрбы-құрдастарына сыйлы болып өседі. Спортқа құмар ол балдәурен бала кезінен бастап-ақ спорттың волейбол, гандбол, футбол, баскетбол, жеңіл атлетика мен шаңғы спорт түрлерінен бірінші разряд шебері атанады.
Бірде кезекті аудандық жарыста топжарған балаға аймақтық газеттің редакторы Халил Қарпықов турнир туралы мақала жазуын өтініп сұрайды. Осылайша болашақ жазушы, журналист аудандық «Красное знамя» газетіне тұңғыш рет мақаласы жарияланады.
Орта мектепті аяқтағаннан кейін, Әлім Ілиясұлы замандастарымен бірге әскери борышын өтеуге аттанады. Новосібірде әскери міндетін атқарып жүріп өзінің жазушылық қабілетінің ерекшелігімен көзге түседі. Дивизияның «На боевом посту» газетіне жазған мақаласына дән риза болған дивизия командиры дарынды жасты әскери бөлімшеде тұрақты түрде басылып шығып тұратын бас газетіне жұмысқа алдырады. Содан үлкен өмір мектебінен ысылып шыққан ол дивизия газетінің бас редакторының орынбасары болып армиядан туған елге оралғанша қызмет етеді. «Алтын қай жерде жатса да жылтырайды», деген осылай шығар сірә.
Жазба өнерінің майталманы болып шыңдалып төселуіне әскерде алған тәжірбиесі мен комдивтің берген мінездемесі ақжолтай болып алдынан жарылқап, С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетіне жоғары оқуға түсуге зор септігін тигізсе керек. Айтулы білім шаңырағын тәмамдағаннан кейін Әлім аға еңбек жолын аудандық «Красное занамя», сосын Іле ауданының «Ильич жолы», «Ленинская смена», (Экспресс К) газеттерінде тілші болып бастайды. Сосын жүре келе өмірінің 27 жылын табан аудармай арнаған «Вечерний Алматы» газеттерінің белді тілшісі, бас редактордың орынбасары болып қалтықсыз қызмет атқарған. Сонымен қатар «Proспорт Казахстан», «Мегаполис» пен «Спорт» (Sport.kz) газеттерінде еңбек етіп, қазақ спорт журналистикасының ақберен журналисі атанады.
Негізі «Спорт» газетіне келуіне себеп болған сол кездегі айтулы газеттің бас редакторының орынбасары, «Қайрат» футбол командасының 1960 жылдардағы аты әйгілі футбол шебері Альберт Павлович Краснов болған екен. Осылайша, сол кездердегі газеттің бас редакторы Сматбек Төребековтермен үзеңгілес болып, қоян-қолтық бір редакцияда жұмыс істеп, ел спортының жетістіктерін қаламына түсіріп оқырманның көңілінен орын алар өткір мақала, очерк, эсселер жазып отырған. Сонымен қатар Әлім Ілиясұлының елдегі таралымы мықты «Спорт» газетінде 2001-2004 жылға дей бас редактордың орынбасары қызметін атқарып үздіксіз жұмыс істегенін де тілге тиек ете кеткен орынды болар.
Әлім Анапьянов Қазақстан спорты туралы 20 тарта кітап жазып шығарған екен. Әлім ағамыз орыс тілінде жазса да қазақтың рухы, намысы, салт-дәстүрі шығармаларының негізгі арқауына айналған. Әрбір кітабын қолға алсаңыз спорт саласындағы түрлі терминдерге тап болып, танымдылыққа бағыт алған тілге жатық шығармалармен сусындайсыз. Сонымен қатар тоғысқан тағдырлар, елге танымал тұлғалардың өмір жолдары мен спорт саласының түрлі-шытырман оқиғаларын қызыға оқып зор ғибрат алуға болады.
Жуырда ғана автордың «Динамоның» 100 жылдығына орай басылып шыққан тарихи кітабы оқырманның ыстық ықыласына бөленіп, спорт құмар қауымның бас бармақпен баға берген кітаптың бірі болды.
Әлім Ілиясұлы Афина-2004 және Бейжің-2008 Олимпиадаларына барып, қазақ елінің намысын қорғаған спортшылардың мерейлі жеңістерін қаламына түсіріп жазып шығарған. Белгілі қаламгердің өз көзімен көрген аламан жарыстардағы кескілескен кездесулер мен тартысқа толы оқиғалар басылып шыққан кітаптарынан баян етіледі.
Хадисте: «Сендердің жақсылықтарың ұзақ өмір сүрумен бірге, ізгілікті іс қалдырғандарың», дейді. Әлім ағамыз салауатты өмір салтын өмірінің ұраны етіп алған адам. Жыл сайын туған еліне барып, қазірде арамызда жоқ бірге оқыған жан достарының құрметіне орай, футболдан дәстүрлі түрде жарыстар ұйымдастырып, бағалы сыйлықтарды ауылдастарына тартып беріп, дастархан жайып құран оқытып қайтады. Мұндай сауапты іс әркімнің қолынан келе бермейтні анық.
Ең маңыздысы ТМД еліне танылған аттарынан ат үркетін спортшыларды үлгі-өнеге ретінде бірге алып барып, ауылдастарымен кездестіріп, әйгілі жандардың қолтаңбаларын алып суретке түсіп, шексіз мереке тарту етуі асыл азаматтың туған елге, жерге деген шексіз махаббатынан туған десе болады. «Бағалады ел-жұртым алып еске, Қос орденді қадады кәрі төске. Ардақты елді аралап ән сап жүріп, Келгенімді білмеппін жетпіс беске», деп жырлаған күміс күмей әнші Кенен Әзірбаевтың өлең жолдарындағыдай Әлім ағамыз күш-қуаты бойында бұлқынып, ала допты аяғына шиіріп ойнап әлі жүгіріп жүрген жан болғандықтан жетпіске мен қалай келіп қалдым – деп қасқайып қарап тұрғандай. Өмір-өзен деген осы. Салауатты өмірдің жаршысы болып жүрген ағамыз жасы жетпіске келсе де футбол десе ішкен асын жерге қойып, әлі де ардагер командаластарының арасынан үздік ойыншысы атанып топ жарып жүр.
Міне, арда азаматтың 70 жасқа толуы торқалы тойы дабыр, дүбірмен дүйім жұртты үйіріп, жоғары деңгейде аталып өтті.
«Динамо» стадионында ұйымдастырлған бұл жарысқа Алматы облысы мен Алматы қаласының спорт ардагерлері мен қаламгерлері түгелдей жиналып, сап түзеген 9 команда жеңіс үшін бар шеберліктерін ортаға салды. Иә, «сырлы аяқтың сыры кетсе де сыны кетпеген», демекші кезінде ала допты ұршықша иірген теңбіл доптың шеберлері жылдар бойы қалыптасып қалған бай тәжірбиелерін жасыл алаңда барынша көрсетуге тырысты.
Жарыстың салтанатты ашылуына келген құрметті қонақтар Қазақстан спортына еңбегі сіңген, КСРО-ға еңбегі сіңген спорт шеберілері Берікқазы Сексенбаев, Борис Чехлыстев, Асқар Қожабергенов сынды айтулы тұлғалар мерейтой иесіне ақжүректен құттықтап, ұзақ өмір тіледі. Сонымен қатар іс-шарада Туризм және спорт министрлінінің атынан берілген «Еңбек ардагері» төсбелгісін «Динамо» қоғамдық бірлестігінің аппарат басшысы Гүләйім Хайролла мерейтой иесіне салтанатты түрде табыс етті.
Негізі Әлім ағамыз «Динамоның» 85, 90 және 100 жылдығының ордендерімен де марапатталған. Сонымен Әлім Анапьяновтың 70 жасқа толу торқалы тойына орай өткен аламан футбол жарысында топ жарып шыққан жеңімпаздар мен жүлдегерлер де белгілі болды.
Шашасына шаң жуытпай шапқан жүйріктей ойында қарсыластарын бәрін ойсырата жеңген Алматы облысы Жамбыл ауданынан келген «Алатау» командасы бас жүлдегі ие болса, екінші орынды Алматы қаласының «Сұлтан қорған» ардагерлер командасы қола жүлдені, Алматы облысы Іле ауданынан келген «Өтеген батыр» командалары жеңіп алды.
Турнир жеңімпаздары кубоктармен, тиісті дәрежедегі дипломдармен және естелік сыйлықтармен марапатталды.
Жарыстың үздік ойыншылары номинациялары бойынша Абат Төкенов, Арыстан Сейсенов пен осы жолдардың авторының да аты аталып өтіп, құрмет сыйлықтары табыс етілді.
Әлім ағамыз жетпеске келсе де қаладағы 60 жастан асқан ардагерлер лигасында өнер көрсететінін айтпай кетуге болмас. Бүгінгі турирде Әлім ағамыздан жасы үлкен Жылыс Рахимов көрермендердің көзаймы болып, «Ең егде футболшы» деген номинация бойынша берілген сыйлыққа ие болды. Міне жастары жетпестің белесінен асып кетсе де спортты өмірінің өзегі етіп жүрген алдыңғы толқынды ағаларымызға қарап қуана да қызыға қарадық.
«Елін сүйер сеніңіз, өз отбасын сүйе алған» деп, Қасым Аманжолов айтқандай, Әлім ағамыз отбасы, әулетінің тірегі, жүрегі. Мейрамкүл апаймызбен қосылған қос өзендей қосылған жұбынан Марат пен Салтанат атты ұл мен қыз дүниеге келген. Жетелеп өсірген жеті немересі де сауатты, саналы әрі спортқа құмар. Немересі Айлу Қытайдағы белді университетте білім алады.
«Әке көрген оқ жонар», демекші, спортқа ұйығын отбасының әрбір мүшесі үлкен спортта айтарлықтай жеңісті де жемісті жолдарын жалғастырып жүріп келеді. Айталық, Салтанат қызынан туған немерелері бірі Дарын Австрияның Вена командасында ойнаса, Әли U-17 жастағы командалар арасында Қазақстан ұлттық құрамасының үздік ойыншыларының бірі атанып, QJ League жарысында «Астана» клубынан «Шахтерге» ауысып барып өнер көрсетуде. Міне, «қасқа биеден қасқа тумаса да төбел туады», денен осы болар. Өмірі үлгі Әлім атасының салған сара жолын немерелері абыроймен жалғастыруда. Ұрпақтар жалғасы деген осы шығар.
Бірде мен Әлім ағадан: «Аға осыншама кітап жазу оңай емес. Кітап ол ұрпаққа қалған мұра. Қазақ спорт журналистикасында қалдырған ізіңіз мәңгілік деп ойлаймын. Келер ұрпақ сіздің қазыналы кітаптарыңызды міндетті түрде оқитынына сенім зор. Өйткені, жас өрен сол кітаптардан зор ғибрат алып қана қоймай өмірлеріне пайдалы құрал ретінде қолданады. Қалам ұстап жазар алдында шабытты қайдан аласыз және жастарға айтар өсет, өнегіңіз туралы айтсаңыз?», деп сұраған едім.
«Шабыт жалқау адамның уысына түспейтін нәрсе. Сонымен бірге шабыт еңбекпен ізденген адамға ғана кез болатын қонақ іспеттес. Мен әрбір жазған шығармама асқан ыждаhаттылықпен, ұқыптылықпен, жаупкершлікпен қарағанды жақсы көремін. Шабыт қозғаушы күште болар бәлкім, дегенмен жақсы істелген жұмыстың барысында оның нәтижесі ретінде пайда болатын сияқты. Ең бастысы, өзің жүрегің қалап, істеген еңбегіңді сүю арқылы еңбегіңнің жемесін көрудің өзі бір бақыт. Ия қазіргі ұрпақты кітап,газет оқымайды деп жазғыруға бекер. Әр заманның өз ағысы болады. Дегенменде біздің жазған кітаптарымызды да қолына алатын уақыт жетеріне сенемін. Өйткені, барлығы өтер кетер, ал кітап ол өлмейтін, өшпейтін құнды қазына деп білемін», деген еді қаламгер ағамыз.
Иә, «Өмірі мазмұнды кісінің шығармашылығы да мазмұнды», деп Г.Ибсен айтқандай, мағыналы, мазмұнды әрі мәнді ғұмыр кешкен Әлім аға осылайша жетпістің биігіне келіп отыр.
Сөз соңында «Құтты болсын жетпіске келген жасыңыз, Ортамызда марқайыңыз тасыңыз. Сия-сауыт, қағазыңызды әлі тастамай, Ел спорты туралы том-том кітап жазыңыз», деген шумақ жолдарды құрметті қаламгер ағамызға арнай кетсек артық болмас.
Жетпістің шырқау биігіне көтерліген Қазақстан Респбликасының құрметті спорт қайраткері, елімізге белгілі спорт журналистикасының белді ардагері Әлім Ілиясұлы Анапьяновтың өнегелі өмірі осындай жолдармен өрнектелген.
Ақын ОРДАБАЙҰЛЫ,
АЛМАТЫ






SportPress.kz Қазақстан спорт жаңалықтары