• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Адамдық эталоны

    Досымыз Дүрәлі Дүйсебай жайлы жайсыз хабарды киелі Түркістан жерінде жүргенімде естідім. Кеше ғана арамызда жарқылдап жүрген дос-ағамның қазасына сенгім келмеді. Бірақ жан-жақтан хабарласып, көңіл айтқан жолдастардың сөзінен кейін Дүкеңнен айырылып қалғанымды аңғардым. Сол сәтте студент кезімізде ҚазГУ-град қалашығынан шығып, әл-Фараби даңғылының бойымен «Қазақфильмге» дейін жүгіріп келетініміз есіме түсе кетпесі бар ма?!

    Одан соң «Лениншіл жаста» жұмыс істеп жүргенде жазған «Сахи Романов жүгіріп келеді» деген Дүкеңнің мақаласы ойыма оралды. Тақырыбынан бастап соңғы нүктесіне дейін ғажап динамикаға құрылған Дүкеңнің сол мақаласы әлі есімнен кетпейді. Қазірде де Дүкең өзі жазбақшы, бір жағымнан жүгіріп шыға келетін сияқты болады да тұрады.

    Кез келген таланттың қиялына қанат байлайтын, шарықтатып шырқау көкке шығаратын қасиетті бір дүние – ол туған жердің топырағы, өскен ортасы. Әрбір дарын иесінің адастырмас темірқазығы, айналып келетін кіндік қаны байланған от ортасы – ол табанының мөрі басылған туған топырағы. ҚР Мәдениет қайраткері, Қазақстан Журналистер одағы және С.Бердіқұлов атындағы сыйлықтардың иегері Дүрәлі Дүйсебай «Оңтүстіктің Швейцариясы» деп аталатын Түлкібас өңірінің азаматы еді. Тараз бен Шымкент, Жуалы (Жамбыл облысы) мен Түлкібас (Түркістан облысы) аудандарының орталықтары – Бауыржан Момышұлы мен Тұрар Рысқұловтың қақ ортасындағы Шақпақбаба ауылында (бұрынғы Высокое селосы) туып-өскен Дүкең өзінің аманаты бойынша сол жерге жерленді.

    Түркістаннан Түлкібас ауданына машинамен үш сағаттан аса уақыт жүріп барған уақытта Дүкеңмен бірге өткізген 45 жылдың көптеген сәттері көз алдымнан кетпей қойды. Дүкең қазақ журналистикасына бір адамдай еңбек сіңірді. Сол кезде мен деген журналистің арманы болған, аңызға айналған «Лениншіл жас» газетінде он алты жыл табан аудармай еңбек етті.

    1996 жылы ҚР Мемлекеттік тергеу комитетінің жаңадан ашылған «Қылмыс пен жаза»–«Преступление и наказание» атты газетіне бас редактор болып барды. Кейіннен Ұлттық қауіпсіздік комитетінде қызметте болып, зейнетке шыққан соң «Халық сөзі», «Sport»–«Спорт» газеттерінде қызмет етті. Өмірінің соңғы жылдары Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің журналистика  және саясаттану факультетінде оқытушы болып, жас журналистерге білімі мен тәжірибесін беріп, сауапты іспен айналысқан еді. Өзі еңбек ететін кафедрадан «Спорт журналистикасы» деген пәннің ашылуына мұрындық болды. Қазір Дүкеңнің көптеген шәкірттері спорт тақырыбын жазатын журналистердің қатарын толықтырды.

    «Жарқ еткен алмастың жүзіндей» дейтін әдемі бір теңеу бар.  Таңдандыратын, риза қылатын, еріксіз назар аудартатын алабөтен құбылыс осылай суреттеледі. Тағы бір анық: адамның өзгелерге ұқсамайтын болмыс қасиетін көрсететін өлшемді де осы сөз тіркесімен әспеттеп жатамыз. Шыны сол, Дүкең – жүрегі гармония мен үйлесімділікке толы жігіт. Оның шығармашылығы оқушысын өзіне ерекше тартып тұратыны – осы гармонияны жүрекке қондырып тұрған көңіл гравитациясы атты құдіретті күштің қонақтай алғаны.

    Журналист-публицист Дүрәлі Дүйсебайдың шығармашылық жолына назар аударсам, ілкі сәтте осындай ойға қалатыным рас. Қалам ұстаған ағайын баспасөз айдынында өзінше із тастап, өзіндік қолтаңбасын қалдырып, оқырманның көзайымына айналып жатады. Халық өзін танымаса да сөзін таниды. Есімін ұмытпай, сөзін жаттап, сырттай қанық болып жүреді. Біреуі тасқын судай екпінді, біреуі есіліп аққан Есілдің өзеніндей болып салмақпен келетін шығармашылық қауым өкілдерінің қалайда халықтың тамыр соғысын тап басатын шолғыншыдай атқа қонатыны – ақиқат іс. Солардың ішінде Дүкеңнің «Лениншіл жас» газетінде жиі жарияланатын мақалалары әлі есімде.

    Дүрәлі Дүйсебай сол шабыттың үркек көгін қамшылаған ортада мүлде басқаша жолды таңдаған қаламгер. Ол Абайша айтқанда,  «жүрек – теңіз, қызықтың бәрі асыл тас» деп,  тіршілікте кездесетін астарлы, көмескілеу тұстарға, басқа біреу мән бере бермейтін құпиясы мол түйткілдерге тура шауып, қиядан қызыл көрген түлкідей өзінің журналистік бастауында бұрын-соңды ел жазбаған тың тақырыптарға шүйліге келді. «Жарқ еткен алмастың жүзіндей» деп отырғанымыз сол. Оның әсіресе, соңғы жылдары жазған дүниелері осы сөзімізге дәлел.

    «Халық сөзі» газетінде бас редактордың орынбасары болған кезінде  «Дүрәлінің дүрбісі» деген авторлық айдармен әр номерде қоғамдағы келеңсіз құбылыстар туралы айшықты да ұстанымды мақалаларын жариялап тұрды. Сол жылдары Дүкең публицистиканың апогейіне жетті.

    Негізі Дүкең шығармаларындағы кез келген тақырып әлеуметтік жүкті қара нардай көтеретін соқталы дүниелер екенін айтпай кетсек – арымызға сын. Әділетсіздік пен парықсыздыққа деген туындыгер қарсылығы адами ішкі жан-дүниесімен арпалыса астасып көрініс береді. Кез келген шығармасында. Тағы бір назар аударарлығы – оның кестелі көркем тілмен, халықтық болмыс бояуымен әрлеген сөйлемдері жаңағы әлеуметтік жүктің ауқымын, танымдық мұратын  одан  сайын ұлғайта түсетіні де жүректі дір еткізіп өтетіні тағы бар.

    Қаламы жүйрік журналистің төменнен салсаң төске озған, қыраттан салсаң қияға өрлеген шалымдылығын, күмбез көктің, қараңғы тұңғиықтың жымыңдаған «шамдарын» санаған жұлдызшыдай алғырлығын  айтпай тағы отыра алмайсың. Талай басылымда еңбек еткен қаламгердің қалам қуаты қандай екенін осыдан-ақ пайымдай беріңіз. Әр газет-журналдың өзіндік бағыт-бағдары, көтеретін тақырыптары болады. Дүкең соған сай материалдар жазып отырды. Және олар жай ғана қара сөздің, арзан ойдың желісімен туындаған дүниелер емес, әбден қайнауына жеткізіліп, көпшілігіміз біле бермейтін соны деректермен байытылып, тіл құнарымен суырылып жазылған мақалалар екені айқын. Журналистің энциклопедиялық білімділігі болмаса әр салада, әр бағытта мұндай қызықты материалдар жазылар ма еді?!  Әй, қайдам?!

    Дүкеңнің өмірден түйгені мол еді. Қазіргі таңда бата сұрасаң, тост айтатын қарияларға қарны ашатын. Алдыңғы буын мен кейінгі буын өкілдері арасындағы сабақтастықтың үзіліп бара жатқанына қапаланып жүруші еді. Дүкең өмірінің соңғы жылдарында философиялық ойларға көп беріліп, соны қағазға түсіруді де ойластырып жүретін.

    «Өмір болған соң адамның қартаюы заңды. Біз де жас болғанбыз. Бірақ біздің жастық шақ басқаша өтті. Қазіргі жастар бақытты. Ақпараттар ағыны ашық заманда өмір сүреді. Көп біледі. Алайда тәрбиеміз бөлек. Құймақұлақ, ата-әженің әңгімесін тыңдап өскен ұрпақпыз. Кітапқұмар ұрпақпыз. Бірақ біз естіген әңгімелер мен оқыған кітаптар бүгінгі күнге сай ма? Қазіргі жастар біз секілді құлдық психологиясы басым емес, азат ойлы азаматтар. Бірақ неге ұлттық құндылықтан алшақ жастар көп? Неге ақшаға қатты құнығып, барымызды баса-көктеп жаншып барамыз? Ойланатын нәрсе жетеді. Жетпіске жақындап қалған өзін әлі де жастар қатарында санайтын бір азамат көшедегі бір жөнсіздікті байқап қалып: «Апыр-ау, мынаусы несі, осыларға ақыл айтатын бір қария жоқ па?» десе керек ашуланып, сонда қасында еріп келе жатқан бір інісі: «Көке-ау, сол қарттың бірі сіз емессіз бе?» деген екен. Сонда әлгі кісі: «Әй, біз де шал болып қалыппыз-ау» деп басын қасыпты дейді. Сол айтқандай, нағыз қариялар бұрынғылар ғой. Олар айтатын, өздері үлгі болатын. Сөзі бөлек, тірлігі басқа шалдар көп қазір. Көрген-білгеніңді айтайын десең кейбір «ақылды «қарттар» «жаманатты болып қайтесің» дейді. Өздері жеккөрінішті болғысы келмейді. Сонда кім айтады? Білгеніңді айту ақылгөйшілік пе? Алдыңғы буын мен кейінгі буынның арасы алшақтап бара жатқандай. Қазіргі жастарға ақыл айтсаң ұнамайсың, сын айтсаң – жаусың. Бәрі бірдей емес шығар, әрине» деп отыратын жарықтық!

    Дүрәлі Дүйсебайдың шығармашылығына өзек болған адами рух, рухани дүние мәселелері – шынайы ізденістің, тереңнен шымырлап қайнап шығатын талғампаз ізденістің жемісі. Ол адам басындағы проблемаларды сөз ете отырып, қоғамның дертін ашуға ұмтылды. Және онысын көркем тілмен жеткізді.

    Журналистің бұл ұстанымы барлық мақалаларында да желі тартып, жібек жіптей өріліп, әдіптеліп отырды. Журналистің жазғанынан жалғандық көрмей, айтқанынан ақиқат іздейтін оқырман –айтушың да, тыңдаушың да. Тіпті, керек десеңіз, сырласың да. Бұл тұрғыда Дүрәлінің  бағы жанған журналист екенін көріп те, біліп те жүрдік. Өйткені, оның  шығармашылық қарымы  тіршіліктің көзіндей, өмірдің өзіндей болып төгіліп тұрды. Табиғатында қабыспайтын дүниелерді қабыстырып, жамап-жасқап оқиға табу оған мүлде жат нәрсе. Негізі адамның болмысы қандай болса, ойынан сондай шынайылық көрініп тұрады ғой. Өмірде қарапайым, алаңсыз ғұмыр кешкен Дүкеңнің журналистикадағы ізінен де сондай қарапайымдылықты, маңғаздықты тану қиын емес. Сөйте тұра, жалған дүниенің нәзік иірімдерін, көзге көрінбейтін психологиялық қарым-қатынас құпияларын, адами пенделік сипаттарды қалт жібермей тап басады. Қай мақаласында да.

    Газетте жарияланған әр мақала шын мәнінде осы айтылғандай болса, онда адамдардың  жан сарайында үнемі күн күлімдеп, көктем гүлінің хош исі аңқып тұрар еді. Ақты ақ, қараны қара дейтін айнымас қағидаға мойын ұсынып, өзіне сабақ ала білер еді. Сондықтан да Дүрәлінің журналистикаға құштар көңілі үнемі талғам дейтін таразыға тартылып келді. Салмақты, парасатты дүниелерге ұмтылды.

    Оның шығармаларының  оқырман жүрегіне жол тауып, жылылық  ұялататыны неліктен? Өйткені, ол – халықтық мұралардан қанып ішкен, аталар өсиетін көкірегіне тоқып ер жеткен, туған жерінің қадір-қасиетін ана сүтімен бойына дарытқан, уызына әбден тойып өрілген ұрпақтың өкілі.

    Сондықтан да Дүкең тілінің бояуы қанық, нәрі сыртына шығып тұрады. Шынайылығымен баурап алады. Сүйсіндірмей қоймайды. Қоспасыз, боямасыз дүниенің болмысына еріксіз иланасың. Оқырманды байлаулы бұзаудай еш жаққа тыпыр еткізбей тұсаулап, шығармамен шегендеп тастаудың барлық тәсілі мен әдісін барынша терең меңгерген Дүрәлінің әр туындысының орта жолдан жабылып қалмай, соңғы нүктесіне дейін тартып отыратыны да – әдемі құбылыс.

    Дүрәлі қай мақаласын да ойланып жазды, ой ала жазды, ойландыра жазды. Туындыларына жан кіріп тұратыны да содан. Кез келген жанрға қалам тартпас бұрын журналист осы халыққа не береді, тәрбиелік мәні қандай болады деген сауалға жауап іздеп, содан кейін барып құнарлы тіл мен көркемдік  деңгейін астастырып, күмбез қалаған шебердей әр кірпішін қиюластырып, өріп шығатын сияқты көрінеді.

    Дүрәлі ешқашан да болдым демеді, толдым демеді. Өз орнын жақсы білді. Бірақ онысын жаһанға жар салып жарнамалаған жоқ. Қазақ журналистика әлеміне сырбаз басып, сыпайы есік қағып кірген ол «менімен» емес, еңбегімен, шығармашылық ізденісімен танылды. Ал қазақ тілінің тазалығына адалдығы өз алдына бөлек әңгіме.

    Дүрәлі Дүйсебайдың жанын салып шырқырайтын тақырыбының бірегейі қазақ тілінің тағдыры еді. Ол қай жерге барса да тіл тазалығы туралы пікірлерін ашық айтып та, жазып та жүргенін жақсы білеміз. Дүкеңнің мына бір сөздері есімізден кетпейді: «Тіл білімінің алыбы Ахмет Байтұрсыновтың «Тіл тазалығы дегеніміз – ана тілдің сөзін басқа тілдің сөзімен шұбарламау. Басқа тілден сөз тұтыну қажет болса, жұртқа сіңіп, құлақтарына үйір болған, мағынасы халыққа түсінікті сөздерді алу» деген сөзі бар. Баспасөзде арасы былғанған сөздер жиі байқала қоймайды. Біздің тілдік ережемізге жат сөздер көп қолданылмайды. Әрине, кейде «бізде былай айтылады» деген сыңайда жергілікті сөздерді қолданып жатамыз. Жат елдік сөздерден гөрі осы өз арамыздағы жергілікті сөздерді қолдану басымдау. Басқасын айтпай-ақ қояйық, қазір «жұмыс істеу» деудің орнына «жұмыс жасау» деген тіркес қолданыла бастады. Кейбір газеттерде бас тақырыпқа шығып кетіп жүр. Бұл дұрыс емес. «Жұмыс істеу» процесс, ал «жұмыс жасау» акті. Екеуінің мағынасы екі түрлі. Орысшадан тікелей аударылған калька сөздер де кездесіп қалып жатады. «Болып табылады», «орын алды», «есептеледі» деген секілді.

    Телеарналар мен радио тіпті басқаша. Жазып алынатын хабарларды тексеруден өткізіп, монтаждап жіберуге болар. Бірақ тікелей эфир деген бар. Кім қалай сөйлейді, солай кетеді. Қай қонақтың аузына қақпақ боласың. Бағдарлама авторының өз ісін жақсы біліп қана қоймай, дұрыс сөйлей алатын адам іздейтіні сондықтан.

    Қазақтың ауыз әдебиетінен қанып ішкен, ата-әже ертегісін, ана әлдиін өз тілінде естіп, құлағына сіңдіріп өскен, аузынан сөзі құйылып тұрған талай ағаларымыз бен әпкелерімізді білуші едік. Солар қайда қазір? Салалық теле-радио мекемелерін білмеймін, орталықтарда олардың бірі де жоқ. Дәстүр жалғастығы бұзылған. Жастар тіл білмейді деп үзілді-кесілді айтуға болмас, бірақ бұзып айтады. Қазір көрермендер мен тыңдармандар айтып жүргендей, «ң» әрпіне тілі келмейтін тележүргізушілер көбейіп кетті. Орысша ойлап, қазақша акцентпен сөйлейтіндер пайда болды. Кезінде құжатта кеткен қателіктерге байланысты орыс ыңғайында бұзылып жазылып кеткен аты-жөндерді дәл солай айтатындар бар. Мысалы, «Балапан» арнасында «Адина мен Мадина» деген бағдарлама шықты. «Әдина мен Мәдина деп неге қазақша айтпайсыңдар?!» дегенге бас редактор «Азан шақырып қойған атын біз қалай өзгертеміз?» деп жауап берді. Әке-шешесінің сауатсыздығынан құжат осылай толтырылған шығар. Бірақ қазақ бағдарламасында қазақша айту керек қой. Қысқасы, құжат дұрыс толтырылмай, «қате қазақтар» мен қате сөйлеу көбейе бермек».

    Дүкең өзі өмірінің көп бөлігінде спорт журналисі болғандықтан қазақ телеарналарындағы спорт комментаторлардың сауаттылығына ерекше мән беріп, олардың жұмысын үнемі қадағалап, керек жерінде сын айтып, көп әріптестерін жөнге салып отыратын.  

    «Мына Ресей теле-радио мекемелерінде үш буын қатар жұмыс істейді. Аға буын, орта буын және жас буын, – деп отыратын Дүкең. –  Сексеннің арғы-бергі жағындағы Познерлер әлі жүр. Мұндай жүйеде дәстүр жалғастығы бар. Тіл тазалығы сақталады. Кіші буын орта буыннан, орта буын аға буыннан үздіксіз үйреніп отырады. Мектеп қалыптасқан. Бізде ше? «Жастарды тартайық» дедік те үлкен буынды ысырып шығардық. «Жас келсе – іске» дейді қазақ. Бұл, негізінен, дұрыс үрдіс. Жастарды жұмысқа көптеп тартуды айтамын. «Ақыл – жастан…» деп бекер айтпайды ғой. Бірақ дәстүр жалғастығын үзіп алдық. Телевидение мен радиода мықты журналистер жұмыс істеді.

    Қазақстанда кәсіби комментатор жоқтың қасы. Кәсіби спорт комментаторы деген кім? Ол – өзі жүргізетін спорт түрін өзгелерден әлдеқайда жақсы білетін маман. Ресейде әр комментатор өзі жақсы білетін спорт түрінен ғана репортаж жүргізеді. Соның өзінде сынға ілігіп жатады. Ал бізде бір комментатор бірнеше спорт түрін жүргізе береді. Өйткені маман аз. Бокста «алдыңғы қол», «артқы қол» деген тіркестер қолданылып жүр. Алға созып жүретін қол – алдыңғы, негізгі соққы жасайтын, сәл артқа тартылған қол артқы қол. Осылай деп айтқанға ептеп құлақ үйренді. Қазақша дұрыс болмаса да. Енді «алдыңғы аяқ», «артқы аяқ» деген шықты. Спортшыны төрт аяқты жануарға теңемей-ақ, бұған да келісер едік, бірақ мұнда екі аяқ жұдырықтасу үстінде бірде алға, бірде артқа кетіп, орын ауыстырып тұрады. Сондықтан «алдыңғы аяқ», «артқы аяқ» деген келе бермейді. «Гол соқты» дейміз. «Гол салды» дегенді сирек айтатын болдық. Негізі допты баспен соғуға болады. Бокста қолмен соғады. Футболда аяқпен тебеді. Әркімнің сөзі де, өзі де өз орнында болуы керек. «Комментатор болдың ба, жұмысыңды адал атқар. Сені миллиондаған адам тыңдап отыр. Үлкендер сөзді біледі, ал жастар мен жасөспірімдер сенен үлгі алады, тілді бұзба» дегің келеді. Олай десең, біреуге жау, бітіспес дұшпан көрінесің. Қазір сөзді түсінетін кейбір бауырларыма болмаса, ескерту жасамайтын болдым. Жалпы жұрт алдында жиі болатындықтан оларға сын айтатындар көп. Біліп те, білмей де айтуы мүмкін. Бірақ «сен не білесің?» деуге болмайды, экранның ар жағында спортты олардан әлдеқайда жақсы білетін, сөз қадірін жақсы түсінетін азаматтар аз емес. Олардың арасында академиктер мен спортшылар да отыр. Сондықтан, Абай айтқандай, керегін ал».

    Дүкең соңғы жылдары әлеуметтік желілерде де белсенді болды. Онда да  тіл тазалығы туралы ойларын ашық жазып отыратын. Әлеуметтік желілердегі сауатсыздылық туралы Дүкеңнің ойлары да есімізде қалды: «Тілдің былық-шылығы басым жер осы. Өйткені мұнда елеп-екшейтін ешкім жоқ. Кімнің сауаты қалай, солай жазады. Ақпаратты жылдам тарату үшін тез жазып, желіге тез салғысы келетін болуы керек, сірә. Сондықтан әлеуметтік желімен жұмыс істейтін журналист немесе блогердің қазақ тілінің ережесін, стильдік ерекшеліктерін жақсы меңгерген, сауатты жан болғаны абзал».

    Дүкең өте ғажап стилист болатын. Тілге де аса жауапкершілікпен қарайтын. Жас кезімде әңгіме жазсам, бірінші болып Дүкеңе көрсететінмін. Орынды мақтайды. Орынымен сынайды. Ол сын айтқан кезде әңгіме жазғың келмейді. Дүкеңе ренжігеннен емес. Өзіңнің осалдығыңды мойындағаннан. Дүкең өзінің  өте жоғары ішкі мәдениетін саған сын айтқан кезде де сақтай білетін.

    Дүкеңнің өзіне ғана тән, ешкімге ұқсамайтын қасиеттері көп еді. Ешқашан атақ қуған жоқ. Боқ дүниеге де қызыққан емес. Ешқашан біреудің аяғынан шалған жоқ. Барлық адамға тілеуші болып, ақылын айтып жүретін. Өте қарапайым еді.

    Дүкең 16 шілде күні туған. Сол күні соткасын өшіріп қоятын. Туған күнді тойлағанды жаны қаламайтын. Мен басқа курстастарыма әзілдеп айтатынмын: «Дүкеңе звондамай-ақ қойыңдар, ол Ленин сияқты туған күнінде Людвиг ван Бетховеннің фортепианоға арналған № 23 сонатасы – «Аппассионатаны» тыңдап жатыр».

    Шынында да адами қасиеттердің біразын Дүрәлі аға-досымыздан үйрендік. Ол мен үшін адалдық пен адамдықтың эталоны болды. Жатақханада бес жыл бойы басқа бір курстас ағамыз Жайлаубайдың барлық «еркелігін» көтеріп, қолды-аяққа тұрмай қызмет істеп, бар жағдайын жасап, бір сыр бермей кеткен Дүкеңді жақсы көрмеу мүмкін емес еді. Ол біздің есімізде осы қалпында қалды.

    Жаны таза аға-досымыздың қазасы қабырғамызды қайыстырып кетті. Жатқан жерің жайлы болсын, Дүке! Иманың жолдасың болсын! Үйің жұмақтың төрінен бұйырсын!

    Шархан ҚАЗЫҒҰЛ

     

     

     

    3 пікір

    1. Полина

      Добрый день спасибо за информацию кстати на алиэкспрессе можно вот такие супер шнурки, вот ссылка http://alii.pub/5rbnx7

    2. Вероника

      Здравствуйте спасибо за информацию , что думаете насчет дозатора для зубной пасты вот такого http://alii.pub/5rd075 ? Кто пользовался? По-моему прикольная штука.

    3. В связи с этим в целях диагностики эталонов экспрессивного поведения Лабунской был разработан метод «графической фиксации признаков экспрессии эмоциональных состояний». Данный метод — это также перевод экспрессивного поведения на язык образов. Однако в этом случае не исчезает спонтанность в экстериоризации эталонов, а исследователь имеет возможность неоднократно обращаться к зафиксированному образу, сравнивать, определять конкретные признаки и инвариантные сочетания экспрессивного поведения.

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *